Экология • 12 Ақпан, 2020

Теміртау-Баянауыл-Павлодар газ құбыры жүргізілсе

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде жылу қуаты көбейіп, экология, қоршаған орта тазарар еді. Бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауов облыс  орталығындағы жылу қуатының тапшылығын «Сарыарқа» магистралды газ құбырын  тарту арқылы жүзеге асырмақшы болған-ды. Ұзындығы 430 шақырымды құрайтын Теміртау- Баянауыл-Павлодар газ құбырының жобасы жоспарланған.

Теміртау-Баянауыл-Павлодар газ құбыры жүргізілсе

Суретті түсірген: Валерий Бугаев

-Өйткені, облыс  орталығында жылу қуатының тапшылығы жыл сайын байқалуда. Себеп, жылыту қондырғыларының аздығы мен магистралдық жылу желілерінің қажетті деңгейде жылу көлемін өткізе алмауынан туындауда,-дейді облыстық Энергетика және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықов.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының маманы Нұрлан Рашитовтың  айтуынша, пәтерлердегі жылу тапшылығына себеп, гидравликалық температуралық параметрлерінің болмауы.

Басқарманың мәліметінше,  қала әкімдігі мен «Павлодарэнерго» АҚ бірлесе  Естай, Марғұлан көшелері арқылы №5-ші, №31-ші жаңа жылу магистралін салу жобаларын әзірлеуде.

Облыста 13 энергоблок, 18 қазандық және 15 турбина жұмыс істеп тұр. Оған қоса, бір энергоблок, 13 қазандық және бір турбина қосалық резервте.

Қазір облыста 752,5 мың адам тұрады, қала халқының саны 531,1 мың адамды, ауыл халқы 221,4 мың адам.

-Өткен жылы «Нұрлы жол» мен «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша 34,9 шақырым жылу желілері, 33,5 шақырым кәріз жүйесі мен 24,1 шақырым жылу желілері ретке келтірілді. Биыл сумен қамту және кәріз жүйелерін жасауға республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге облысқа бөлінеді,- дейді Мұрат Әбілқалықов.

Бұл қаражатқа өңірдің коммуналдық кәсіпорындары сумен қамту жүйелерінің 22,2 шақырымын, кәріз жүйелерінің 9 шақырымы мен жылу желілерінің 2,5 шақырымын жөндеуді жоспарлауда.

Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Тозығы жеткен желілер көлемін қысқарту үшін жыл сайын жылу желілерінің 40 шақырымын, сумен қамту желілерінің 53 шақырымын және кәріз жүйелерінің 38 шақырымын жөндеу қажет екен.                 

Өңірде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық үшін коммуналдық қызмет тарифтеріне өзгерістер де енгізілді. Жоспарға сәйкес, жылумен қамту бағасы бюджеттік ұйымдар мен бизнес өкілдері үшін 19 пайызға, ал тұрғындар үшін 10 пайызға өспекші.  Жылумен қамту тарифі 2,9 пайызға, электроэнергия 10 пайызға өсті.

Ал, Елбасы «Сарыарқа» жобасын ұсынғанда газ құбырын Петропавл мен Павлодарға дейін тартуды тапсырған-ды.