Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Маңғыстауда шаруа қожалықтары малдарына арнайы карта жасақталды

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының полиция жұмысын «сервистік» модельге ауыстыру, сондай-ақ құзырлы орган жұмысының «айқындылығын» қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмасы көпшілікке мәлім. Бұл бағытта Маңғыстау облысындағы қалалық және аудандық бөлімшелерде 6 фронт-кеңсе ашылды. Мұнда тұрғындар бұрынғыдай уақыт жоғалтпай мәселесін бірден полиция қызметкерлеріне жеткізіп, құқықтық кеңес ала алады.

Маңғыстауда шаруа қожалықтары малдарына арнайы карта жасақталды

Қазіргі уақытта облыс орталығында көші-қон қызметі орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл мекемеде мемлекеттік қызмет түрлерін алуға және полиция жұмысына байланысты сұрақтарды көтерген азаматтарды қабылдау үшін қажетті жағдай жасалған.

Аймақ тұрғындарымен есептік кездесуінде облыс әкімі Серікбай Трұмов криминогендік ахуалға егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

-Тіркелген қылмыстардың жалпы санының 5238-ге дейін немесе 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 процентке төмендегені байқалады. Сондай-ақ, орташа ауырлықтағы қылмыстардың саны 19,9 пайызға, кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыстар 3,3 процентке төмендеп отыр. Мұндай көрсеткішке сандық үлгідегі құрал-жабдықтардың полиция қызметінде кең қолданысқа енуі себеп деп ойлаймын. Бүгінде Ақтау қаласында 600 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары басталды. Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» мекемесінің қаржысы есебінен қосымша 170 камера орнатылды. Былтыр үйінің іргесіне 300-ден астам бейнебақылау камерасы қойылған пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстары жалғасуда», деді Серікбай Өтелгенұлы.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өңірде жол-көлік оқиғасының саны 2,4пайызға (280-нен 273-ке дейін), қаза тапқандар саны 4 процентке (75-тен 72-ге) азайғаны байқалады. Керісінде жол апатында жараланған адам саны 10,8процентке (352-ден 390-ға дейін) өскен.

-Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін оларға арналған өткелүстінен тікелей қосымша жарықтандыру орнату, теңіз жағалауында көлік жылдамдығын сағатына 40 километрге дейін шектеу, жолға қосымша 10 жасанды кедергілерді орнату мәселелері шешілуде. Сондай-ақ, облыс орталығында 57 жаяу жүргіншілер өткелін арнайы жарық шағылыстыратын жабынмен сырлау және өткелдер алдындағы жолға шулы жолақтар салу жұмыстары жүргізілді, деді аймақ әкімі.

Есептік кездесуде былтыроблыс көлемінде 464 рет есірткі тәртібін бұзу дерегі сөз болды. Оның ішінде 43-і есірткі өткізу қалған жетеуі аса ірі көлемде сақтау фактілері. Тәртіп сақшыларының жедел іс-қимылының арқасында заңсыз айналымнан 290 келіден астам есірткі заты тәркіленіп алынған.

Мал ұрлығын төмендету және ашылуын жеделдету мақсатында төрт түлік иелерімен үй жануарларын чиптеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс бойынша олардың жалпы санынан 44 процент жылқы және 88,2 пайыз түйелерге чиптеу жүргізілді.

Өткен жылы полицейлер жергілікті және республикалық маңыздағы жолдардың бойында орналасқан 52 шаруа қожалығын және қолда бар мал санын көрсете отырып арнайы карта жасақтады.

Кәмелетке толмағандардың заңбұзушылыққа баруы мен оның алдын алуда кешенді іс-шаралар жалғасып жатыр. Осының нәтижесінде қоғамдық орындарда қылмыс жасау 19,7 пайызға, көше қылмысы 26,6процентке, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықбұзушлыққа баруы 1,4 пайызға, атыс қаруын қолданып жасалған қылмыстар 41,2 процентке, сондай-ақ топ болып жасалған заң бұзушылықтар 8,4 пайызға аз жасалғаны байқалып отыр.

Өткен жылдың қорытындысында облыс көлемінде 42 букмекерлік кеңсенің жұмысы тоқтатылды.