Басылым басшылары • 12 Ақпан, 2020

Басылым басшылары - Қасым ШӘРIПОВ (1912-1984)

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қ.Шәрiпов Қызылорда облысының Тереңөзек ауданының түлегi. Жастайынан еңбекке араласып, түрлi басқыштардағы оқуды да ойдағыдай аяқтаған ол журналистикаға жас кезiнен араласады. 1929 жылы “Лениншiл жаста” (қазiргi “Жас Алаш”) әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi болып iстейдi. Сонан кейiн Мәскеудегi мемлекеттiк кинематография институтының жұмысшы факультетiн (1930-1931 ж.ж.) бiтiрiп, сол оқу орнының әдебиет-сценарий факультетiнде де оқиды (1931-1933 ж.ж.).

Басылым басшылары - Қасым ШӘРIПОВ (1912-1984)

Ұлы Отан соғысы басталғанға дейiн қайтадан журналистика саласында еңбек етедi, партиялық басылымдарда, Партия тарихы институтында жауапты қызметтер атқарады. Соғысқа қатысып, И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның рота политругы, майдандық газеттердiң редакторы болады.

1946-1974 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетi жанындағы Партия тарихы институты директорының орынбасар болып жүрiп, В.И.Ленин шығармаларының 35 томын қазақ тiлiне аудару iсiн басқарды, Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң Ғылым және мәдениет бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары болды, “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң редакторы, ҚазТАГ директоры сияқты лауазымды қызметтердi атқарды.

Қасым Шәрiпұлы бiздiң газеттi басқаруға (1949 жылдың наурызынан 1951 жылдың желтоқсанына дейiн және 1955 жылдың тамызынан 1960 жылдың қыркүйегiне дейiн) екi рет келiп, екi рет кеткен кiсi. Мұндай оқиға өте сирек. Оның алғаш рет қызметтен босатылуы туралы шәкiртi Балғабек Қыдырбекұлы өзiнiң “Жетпiс бестiң отыз жетiсi” деген еңбегiнде былай деп жазады: “Елу бiрiншi жылдың қыркүйегiнде Қасым Шәрiпов орнынан босады. Оған негiзгi себеп деп тапқаны: қазақ тарихына жазған сынында Кенесары Қасымовты мақтады деген айып тағылды... Қ.Шәрiповтi орнынан босатты. Бiрақ ол қаулының (Қ.Шәрiповтi орнынан алу жөнiндегi) жүзеге асуы тура үш жарым айға созылды. Өйткенi, редактордың жалғыз кiнәлi еместiгiне Мәскеу көңiл аударды”.

Осыларды айта келiп, Бәкең Қ.Шәрiповтiң Қазақстан басшылығына П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев келген соң, яғни 1955 жылдың жазына таман қайтадан “Социалистiк Қазақстанды” басқаруға жiберiлгенiн жазады.

Қазақ баспасөзiнiң қара шаңырағының төрiнде талай марқасқалар отырды ғой. Қ.Шәрiпов сондай мықты редакторлардың бiрi болды. Ол Қазақстан Компартиясы 4, 8, 10 съездерiнде Орталық Комитет мүшесi, 12, 13 съездерiнде Тексеру комиссиясының мүшесi болып сайланды. Бiрнеше рет Жоғарғы Кеңестiң депутаты болды. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы (1959-1971 ж.ж.), КСРО Журналистер одағы басқармасының хатшысы (1960-1971 ж.ж.) қызметтерiн де атқарды. II-дәрежелi Отан соғысы, Еңбек қызыл Ту, Құрмет Белгiсi ордендерiмен және бiрнеше медальмен марапатталған.