Медицина • 12 Ақпан, 2020

Ақтауда пәтерін қандаладан тазалаймын деп көршісін ауруханадан бір-ақ шығарды

420 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласы 4 ш/а 57 үйдің тұрғыны көршісінің кесірінен екі қызымен ауруханаға түсіп қалды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда пәтерін қандаладан тазалаймын деп көршісін ауруханадан бір-ақ шығарды

Жедел жәрдем бригадасы 42 жастағы әйел мен 15 пен 10 жасар екі қызына химикалық заттармен уланған деген диагноз қойған. Өздерін жайсыз сезінгендері ескеріліп, шұғыл түрде анасын облыстық ауруханаға, ал қыздарды көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген. Әйелге тиісті медициналық көмек көрсетілген соң, үйіне жіберілген. Абырой болғанда оған ауруханаға жатып ем-дом қабылдау қажеттілігі болмады. Алайда екі қызын ауруханаға жатқызуға тура келді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек, донор көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында барлық ем-дом шаралары ұйымдастырылды. Екі қыздың жағдайы тұрақты. Өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Екі-үш күнде үйіне жіберіледі деп күтілуде.

Зардап шегуші Юлия Молдованның айтуынша, бұл жағдай осыдан екі күн бұрын болған.

- Үйге келсем, жағымсыз иістің барын сездім, үйде үлкен қызым бар еді, содан сұрасам, бұл иістің пайда болғанына біраз болғанын айтты. Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттеріне хабарластым. Олар келе салысымен үйдің иесін тауып, шақыртқан болатын. Үйіне кіріп қарасақ, расында да, қандаланы улаймын деп есігін кілттеп, өздері басқа мекен жайға кетіп қалған. Неге көршілерге ескертпедіңіз десе, не үшін ескертуім керек деп жеңістік бермеді. Алғашында ауаны тазарту үшін балкондағы терезені ашып, бір тәулікке қалдырған еді. Ал кеше үйге келсем, тағы да терезені жауып кеткен, қайтадан жағымсыз иісті сезіндік. Құсқымыз келіп, басымыз айналды, қыздарымның жағдайы бірден нашарлай түскенін байқадым, үйде отыру мүмкін болмаған соң жедел жәрдем стансасына хабарластым. Осылайша, балалар ауруханасынан бір-ақ шықтық. Екі күн болды, қажетті медициналық көмегін алып жатыр. Дәрігерлерге алғысым шексіз, күндіз-түні қасымызда. Енді көршімнің үстінен шағым түсіремін, тиісті жазасын алсын, - дейді ол.

Айта кету керек, жыл басынан бері қандаланы улау кезінде көрші пәтер тұрғындарының химиялық заттан улану бойынша бұл - екінші дерек. Ал өткен жылы осындай дерек бойынша жедел жәрдем қызметіне тұрғындар 13 рет телефон шалған. Өкінішке қарай, салдарынан көз жұмғандар болды, араларында кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен ересектер де бар.