Руханият • 13 Ақпан, 2020

«Құлжа ісінің» қаһарманы

1967 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Тазабек батыр жайында мен оқыған жазба дерек 1846 жылдың 23 маусымынан басталады. Сол күні Албан, Суан, Дулат, Шапырашты, Жалайыр тайпаларының сұлтандары мен билері генерал Вишневскийдің қатысуымен орыс қол астына қарайтын болып келісімге қол қояды.

«Құлжа ісінің» қаһарманы

Бұл рәсім Қапалда өткен болу керек. Өйткені ұлы жүз қазақтарын басқару орны 1862 жылға дейін сонда болған. Осы құжатта Тазабектің де қолы мен мөрі бар. Онда Тазабектің аты-жөні орысша «Пусырманов» деп көрсетілген. Ал арабшасында «Мұсылманов» деп тұр. Бәсе деймін-ау, ХІХ ғасырдан бұрын қай қазақ баласына «Пұсырман, Басұрман» деп ат қойсын-ау. Ол, сөз жоқ, орыс шенеуніктерінің бұрмалауы. Медеу шатқалын иемденген кісінің де аты-жөні осы тектес өзгертілген деп ойлаймын.

Төре тұқымына жатпайтындықтан, Тазабек, әрине, ол кезде сұлтан болмады, бірақ әрі би, әрі рубасы екені даусыз. Атағы, билігі болмаса, тайпа атынан ұлы жиынға қатысуы екіталай-ды. Тазабек жайындағы одан кейінгі деректі Шоқан Уәлиханов қалдырған. Ол өзінің Қашғарға сапары жайында «Қашғар күнделігін» жазып қалдырғаны баршаға мәлім. Ол күнделік алғаш Әлкей Марғұланның құрастыруымен шыққан бес томдығына «Қашғар күнделігінің» бір нұсқасы болып енген екен. Сонда Шоқан 1859 жылы 14 қыркүйекте Қулық тауына, Кеген өзеніне қалай барғанын жазады да, Кеген өзенінің бойында отырған Тазабек ауылында төрт күн аялдағанын айтады.

1846 жылдан бері он үш жыл өткен. Ол кездің салт-дәстүріне ой жүгіртсек, төре Шоқан кез келген үйге қона салмаған, қасындағылары ондай жерге қондыра да қоймаған. Соған қарағанда, Тазабек өз тайпасының ортасында өте беделді адам болған. Сол сапарында Шоқан Тезек төренің, Боранбайдың суретін салып, олар жайында пікірін жазып қалдырса, Тазабек туралы түк айтпайды. Неге? Ұнамаған ба? Ұнамаса, ондай ауылға төрт күн бойы аялдай ма?

Менің ойымша, екеуінің арасында айтуға болмайтын әңгімелер болған. Тазабек, сірә, Шоқанның айтқысы келе бермейтін жағдайларды да сұраған болу керек, оған Шоқан жауап та берген болар. Сондықтан ол Тазабек туралы тәптіштей бермеген. Менің олай ойлайтын себебім: арада 4-5 жыл өтер-өтпес орыс ұлығынан прапорщик деген атақ алған Тазабек орысқа бағынбайтын болып шыға келеді ғой. Өзі де көтеріліп, албандарды да көтеріп, Колпаковскиймен ашық соғысуға шықты емес пе? Оған, біріншіден, өз көрген-білгені әсер етсе; екіншіден, Шоқан сияқты өзі сыйлаған оқымысты адамның кей пікірі де әсер етуі әбден мүмкін емес пе? Отаршылдардың түпкі пиғылын Тазабек батыр тереңнен аң­ғарған. Мен «Әй, дүние-ай!» романымда оның осы жайындағы болжамын былай түйіндедім: «Бір орыс – бауыр, бес орыс – ауыл, жүз орыспен санасасың, мың орысқа бағынасың».

Келімсектердің ағылып келіп жатуына, оларға Колпаковскийдің ең шұрайлы жерлерді беруіне ол көңіл аудармады деймісіз? Соның бәрінен ой түйген әрі ақылды, әрі көреген Тазабек еш әрекетсіз жүре беруі мүмкін бе?

1846 жылдан кейін, арада 66 жыл өткен­де, 1912 жылы шенеу­нік
П.П.Ру­м­ян­­цев Санкт-Петербургте «Джаркент­­­с­­кий уезд» деген кітап шыға­ра­ды. Ол сол кі­­таптың алғысөзінде Же­тісу өңі­рінің арғы-бергі тарихы­на біраз шолу жасайды. Моғол­станның, моң­ғол мен қалмақтың, қыта­йдың ара­қа­ты­на­сы­на да шолу жасай­ды. Соның бәрін айта келіп, Құлжа айма­ғын­­дағы дүнген-тараншы көтерілісіне де тоқталады. Осы кезеңде прапорщик Та­за­­бектің де үлкен оқиғаға қатысты бол­ғанын тұжырымдап қана айта кетеді. Сірә, өзінің де саяси жағдайын ойлаған болу керек, Тазабек жайында Румянцев ег­жей-тегжейлі тоқталмайды. Себебі ол кезде Румянцевтің өзі жандармның бақыл­ауында еді. Ол Петербургтегі үлкен ше­неу­ніктің баласы болатын. Сонда оқып жүргенде студенттердің ере­уіліне қаты­сып, содан кейін үнемі жан­дарм бақылауында жүретін. Әуелі Қазақ­стан­ның Арқа өңірінде қызмет атқа­рып, содан Жетісуға келген. Кейін Кеген, Лепсі, Қапал, Жәркент, Верный уездері және тараншылар жайында кітабы шыққан соң ғана, көші-қон басшысының өтініші бойын­ша, жандарм бақылауынан босатылған-ды. Сондықтан болу керек, ол дүнген-тараншы көтерілісінің мән-жайына да көп тоқталмайды, тек: «Влятельный прапорщик Тазабек бежал в Кульджу с 1000 кибиток киргиз-казахов», дейді. Содан кейін 1871 жылдың 12 маусымында генерал-майор Колпаковскийдің Бурақожырдан (Көктал ауылы – Б.Н.) аттанып, 19 маусым күні Сүйдінді, 21 мау­сымда Құлжа қаласын басып алғанын ғана айтады. Тараншының басшысы Әбілоғлы ханның өзі орысқа берілгенін және Тазабекті оларға ұстап бергенін ғана жазады.

П.Румянцевтің айтуы бойынша, 1881 жылы Петербург келісімі болып, Құлжа қаласының қытайларға қайта­рыл­ғанын,1882 жылы Жәркент уезі құ­рыл­­ғанын, оған дейін Іленің оң жағы Қапал уезіне, сол жағы Верный уезіне қарап келгенін атап өтеді. Сөз барысында тоқтала кетуге болады, Румянцев кез­ін­де қалмақтың қонтайшысы Ғалдан Бошохты мұсылмандықты қабылдады десе, Іленің сол жағындағы тауды Ұзынтау деп атайды, Нарынқолдың (Охотничий), Қыр­ғыз­сай­дың (Подгорный) негізі 1872 жылы қа­лан­ған дейді, Құлжадағы таран­шы­лардың қазақ жеріне қоныс аударуы да 1881-1882 жыл­дары дейді.

Осы кезеңнің тарихына біз әлі терең бойлай алмай келеміз. Шындығына келсек, бұл кезең – үлкен тарихи кезең. Оған себепші әрі патша өкіметі үшін сенімсіз болған – Албан Тазабек батыр және оның жақтастары. Ол кезеңнің оқиғасын баяндайтын құжаттар Мемлекеттік мұрағатта «Құлжа ісі» («Кульджинское дело») деген атпен сақтаулы.

Бұдан кейінгі деректі 90 жылдан соң Ілияс Жансүгіров жазған екен. Алайда ол дерек бізге өз кезінде жетпепті. Бірақ бір себеппен сақталып қалыпты. Ілекеңді «халық жауы» ретінде тергеген жал­ғызбасты, үйленбеген орыс кісі көрінеді. Ілекеңнің қолжазбалары «өртелді» депті де, өртемей сақтап қалыпты. Тергеуші орыс өлген соң, оның үйінде сақтаулы жатқан арабша жазылған қолжазбаны оқыту үшін, көршілері мұрағат қызметкерлерін ша­қырса, оның бәрі Жансүгіровтің қол­жаз­балары екен. Соның бәрін кезінде облыстық мұрағаттың басшысы Сәуле Боран­баева деген қарындасымыз жеке кітап етіп шығарды. Мен оған арнайы мақала арнадым. Сол қолжазбаның ішінен «Жетісу» атты қолжазба да табылған. 2001 жылы ол да жеке кітап болып басылды. Сол кітапта 1730 бен 1916 жылдар аралы­ғын­дағы Жетісу өлкесінің тарихы баяндалады. Ілекеңнің Тазабек жайында жазған дерек­терінің бәрі әрі дәл, әрі құнды. Құл­жа қаласындағы тараншылар қытай бас­шы­ларына қарсы көтеріліп, оларды жең­ге­нін, Абыл ұлы деген тараншыны хан кө­тергенін жазады.

«Кейін орыстан қашқан Албан Таза­бек­ті бермеген себепті сылтауратып, орыс Құлжа ауданына аттаныс жасап, тараншыдан Құлжаны алды. Орыс Құлжа округіне қожа болып 1881 жылға шейін тұрды. Сол жылда қытай мен орыс өкіметі келісім жасап, Құлжа ауданы қытайға қайтарылды. Құлжа қытайға берілген соң, ондағы таран­шы, дүнген, қазақ, қалмаққа қытай бая­ғысын бастады. Тараншы, дүнгендер орыс­қа қарап, Жетісуға қоныстануды орыстан өтіне бастады», дей келіп, орыс өкі­меті қытайдан 55 мың жан алатын бол­ға­нын жазады. Одан әрі: «Қытай­ға шекара елдегі Бұғы қырғыздары, қазақ­тың албан руы орысқа орнықпай, керқай­заң­дық қылды. Мұның бірі – Албан Тазабек. Албан ішінде Әлмерек бабаның Жәнібек тармағынан тарайды. Тазабек тараншы ханымен сөздес болып, орысқа бағынғысы келмейді. Албандағы Құрман Саурық деген кісі де орысқа бағындырмай, ең болмаса алжанды ажыратып алғысы келеді. Оған ерген албанның кейбірін Құлжа маңына көшіреді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады. Саурық, Ботыш, Жетен деген адамдарды орыс ұстауға шы­ғады. Саурықты орыс қуып, қытайдың Суасу деген жерінде жатқанда, 30 казак-орыс қазақ­тан басшы апарып, Саурықты ұс­тай­ды. Мұның қолында қырғыз Балбай деген болады. Бұл екеуін Алматыға әкеліп, «абақ­тыда өлді» қылып көзін жоғалтады.

Тазабек «орысқа қарсы» дегеннен Тазабекті ұстауға Алматыдан жүздей казак-орыс шығады. «Тазабекке орыс шықты» дегенде, Тазабек шындап атқа мініп, жақын жердегі орыс қарауылдарын өлтіреді. Тазабектің жинаған азын-аулақ жасағы болады. Тазабекті қуған орыс Іле бойында Тазабекпен кездесіп, атыс болып, екі жақтан да бірғауым кісі өледі. Ақырында Тазабек тайқып, Қырғызсайды басып, Сүмбеден асып, Құлжаға сіңіп кетеді. Тараншы ханы Абыл ұлының қол астына барып кіреді.

Орыс Ушаков тараншыға тап беріп, Құлжа маңына әскер аттандырады. Бұл әскер Шалкөдені басып жүрді. Албан жиналып, Есенкелді деген кісіні хабарға жібереді тараншыға. Тараншылар шабынысып, орысты тосады. Орыс тараншыға кісі салып, Тазабекті сұрайды. Тараншы Саурықты сұрайды. Екі жақ сөзге келісе алмайды. Ол жолы тараншылар орысты табандатып жатып, бірталай адамын өлтіріп, әскерін қашырады.  Колпаковский қайта күш жинап, тараншыға аттанады. Іленің екі жағын өрлеп, орыстың көп әске­рі жүреді. Колпаковский өзі де осы жо­рықтың ішінде болады. Орыс тепкісіне шыдамай, тараншы орысқа бағынады. Тараншылар Тазабекті Колпаковскийдің қолына береді. Бұл жолы Шалтабай деген Саурықтың інісін де орыс ұстайды. Бұл 1871 жыл еді. Тазабекті орыс түрмеде саурықшылатып өлтіреді. Шалтабайды Сібірге айдайды. Шалтабай сол кеткеннен он жылдан соң қайта елге қосылады»,  дейді Ілекең. Содан кейін: «Сондағы Шалтабай өлеңінен», дейді де, жақшаның ішіне: «Манап Байпақовтың жинағынан алынды» деп ескертеді. Ол Байпақов – кәдімгі археолог Карл Байпақовтың атасы. Кезінде, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары, Жәркент уезінің бастығы болып біраз істеген адам. Ал Ілекең одан жазып алған өлеңде мынандай шумақтар бар:

Үш Қарқара, кең Текес – қайран жерім,

Қайғысыз, қамсыз өткен қайран елім.

Кәпірдің уысына қалдың түсіп,

Күн болмас баяғыдай енді тегін.

Сөйтіп бір толғаса:

Қолына түсіп орыстың,

Көрдім дүние жалғанын.

Тазабек, Саурық күш қоспай,

Тараншыға сенем деп,

Тістеулі кетті-ау бармағым!

Ішімде кетті-ау арманым! – деп екі толғайды.

Қожеке, сенің әкең Назар еді,

Жігітке жүрген жері базар еді.

Іліпбай, Саурық ағам аман болса,

Артымнан бір қағазды жазар еді, – деп барып, былай қайырады:

Менің атым Шалтабай,

Асылдан соққан балтадай.

Сібірге айдап барады,

Мына кәпір қайтеді-әй?!

Шалтабайдың бұл әнін бұл күнде Тілеулес Құрманғали ініміз елге жақсы таратып жүр.

Ілекеңнің бұл деректері Тазабек ба­тыр­­дың ірі тарихи тұлға екенін толық ай­ғақтайды.

Біріншіден, Тазабек пен Саурықтың орыс отаршылдығына қарсылығы – Же­ті­су қазақтарының отаршылдыққа қар­сы тұңғыш көтерілісі.

Екіншіден, ол көтеріліс Құлжадағы ұй­­ғыр, дүнген көтерілісіне үн қосты. Сол ар­қы­лы орыс отаршылдарын қатты сес­кен­­дірді.

Үшіншіден, Тазабек пен ұйғыр Абыл ұлы­ның бірігіп кетуі орыс әскерінің Құл­жа­ны басып алуына себеп әрі сылтау бол­ды.

Төртіншіден, 1881 жылы Петербург ке­лі­сімі бойынша, Құлжа ауданы Қы­тай­­ға қайтарылып, есесіне Іленің оң жа­ғындағы қазақ жерінің шекарасы Көк­тал­дан Қорғасқа дейін, сол жақ шекарасы Текестен Сүмбеге дейін ұзартылды. Сол арқылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңының соңында, 1745 жылдан, 1770 жылдың соңына дейін соғысып, шығыс шекарамызды белгілеген Ырайымбек Түке баласы қалмақтармен келісім жасасқан шекаралық меже қай­та­дан жүзеге асты. Бұл Қазақ елі үшін үлкен жетіс­тік еді.

Бесіншіден, қытай езгісінен қашқан ұйғыр (тараншы), дүнген мен Құлжа маңын­дағы қазақтардың Жетісуға қоныс ауда­руына Тазабек көтерілісі сәтті себеп болды. Ілекеңнің жазуынша, Құлжа маңы­нан қазақтың Суан тайпасынан 25 мың адам, 45 мың тараншы Жетісуда 1882 жылы құрылған Жәркент уезіне келген. Ал Бішкек маңындағы Қарақоңыз деген жерге 4 мың дүнген орналасқан. Сонымен, Румянцевтің есебінде, 1910 жылы Жәркент уезінде 89 985 қазақ (57%), 41 131 тараншы (20%), 13 749 орыс (8,5%) және 12 345 басқа да халықтар (7%) болыпты.

Алтыншыдан, халық көбейіп, жаңадан Жәркент уезінің ашылуына да Тазабек көтерілісі себеп болды.

Азат өмірді армандаған, сол жолда қаза болған Тазабек батырдың ұрпақтары да қазақтың тәуелсіздігі үшін, кейін де патша билігіне қарсы қаймықпай бас көтерді.

Соның бірі – Тазабектің тікелей ұрпағы Әубәкір Сұлтанбекұлы – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің хас батыры.

Жоғарыда аталған «Жетісу» кітабында Ілекең «Әубәкір Сұлтанбекұлының естегісі» деген тақырыппен, сол кісінің 1916 жылғы бастан кешкенін өз аузынан жазып алып беріпті. Сонда Әубәкір: «Менің әкем Тазабек, албанды орыс алғанда, қарамаймын деп, қараланып жүріп, орыстан оққа ұшып өлген екен», – дейді (сонда, 74 – бет). Демек арада ғасырдай уақыт өтсе де, Тазабектің ерлік тарихын ұрпағы да, халқы да ұмыта қоймаған.

Әубәкір болыс болған, орыстың албан еліндегі басқарушысы Подборковпен (қазақтар оны «Ақжелкес» деп атап кеткен – Б.Н.) жақсы таныс, сыйлас болған. Алайда «июнь жарлығынан» кейін Подборков Әубәкірді танымайтын кісіше оған еш көмек көрсетпейді, танымаған кісідей бола қалады. Орыс солдаты Әубәкірдің торы атын тартып алып, атын сұрай барған оны сабап, түрмеге жауып тастайды. Содан тұтқын қазақтарды Қарқарадан Қарақол түрмесіне айдап барады. Тұтқындардың Қарақол түрмесінде қандай күйде болғанын жазып қалдырған бірден-бір адам – осы Әубәкір. Ілияс Жансүгіровтің арқасында оның «Естегісі» талай тарихи шындықтың бетін ашуға көмектесіп келеді. Әубәкір – М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасындағы бас кейіпкердің бірі. Ол, шынында да, 1916 – жылғы Албан көтерілісінің белгілі басшысының бірі әрі куәсі.

1916 жылғы Албан көтерілісінің екін­ші бір ірі тұлғасы – Жақыпберді Сұлтан­бек­ұлы. Ол да Тазабек батырдың ұр­пағы, Әубәкір батырдың туған бауы­ры. Оның ерлігін бізге жеткізуші – Албан кө­­те­рілісіне белсене қатысқан Ірге­­бай Дәл­денбаев ақсақал. Алматы об­лы­­­­сы­ның мұрағатында о кісінің «1916 жылғы көте­ріліс туралы естелік» де­ген қол­жаз­ба­сы сақтаулы. Ол жазбаны сол кез­дегі мұрағат басшысы Сәуле Боран­бае­в­а қарын­да­сы­мыз, мұрағат жанынан шы­ғатын «Туған өлке» журналының 2003 жыл­ғы 1-2 санын­да жариялады.

Орысқа қараймыз деп, 1846 жылы Тазабек қағазға қол қойып, мөрін бас­қан­мен, Іргебай ақсақал: «1864 жылы орысқа қа­радық», деп жазады. Бұл бекер емес. 1846 жылы қол қоюын қойғанмен, ұлы жүз қазақтары, оның ішінде албан тайпасы орыс билігіне оңайлықпен бас ие қоймаған. Ал 1864 жыл – Құлжада тараншылар мен дүнгендер көтеріліс жасаған жылға тура келеді. Сол көтерілістің шар­пуынан сескенген орыс билігі: «Сен­дер­ден әскерге адам алмаймыз, тек салық төле­сең­дер болды», деп келісім жасаған жыл да, сірә, сол жыл болу керек. Сол келісім қағаздың албандардың аға сұлтаны Тезек төренің киіз үйінде ілулі тұрғанын Семен Тяньшанский де өз естелігінде жазған.

Іргебай ақсақал «июнь жарлығын» елдің қалай естіп, оған қандай қарсылық біл­діргенін баяндай келіп, Қарқарада қамауда жатқан ел ақсақалдарын құт­қа­рып алу үшін, Әубәкір елінің қалай ұйым­дас­қанын айтады. Ал кө­те­ріліс­ші­лер­ге қарсы Қарқараға 90 жаяу әскер, 62 атты әскер 28 шілдеде келгенін де жазады.

«Әубәкір даусы зор, ұрысқан кісідей айқайлап сөйлейтін кісі еді», дейді. Менің ойымша, Жәркент уезінде болған 1916 жылғы көтерілісті жалпылай «Қарқара көтерілісі» деп атау дұрыс емес. Өйткені бұл көтеріліс бір ғана Қарқарада емес, бүкіл албан тайпасы жайлап отырған жердің бәрінде – Верный уезіне қарайтын Асыда, Түргенде, Шелекте, Жәркент уезіне қарасты Темірлікте, Қырғызсайда, Кетпенде, Жалаңашта, Үш Меркіде, Қарқарада, Талдысуда, Көміршіде, Таса­шыда, Нарынқолда, Тұйықта,Түпте де  бол­ған. Және сол көтерілісті басқарған жеке-жеке батырлар да болған. Соның бір­а­зын Іргебай ақсақал атап та кетеді. Ал Қар­қара – орыс билігі орныққан, басқару кеңсесі орналасқан жер. Сондықтан ол арадағы көтеріліс – ең шешуші көтеріліс. Сол Ұзынбұлақ, Жалаңаш, Қарқара төңірегіндегі көтерілісті басқарған азамат тағы да Тазабектің ұрпағы Сұлтанбекұлы Жақыпберді болған. Солай екенін Іргебай ақсақал ап-анық, дәлме-дәл айтады. Өзі сол оқиғаның бел ортасында жүрген адамға сенбеуге біздің хақымыз жоқ.

«Оныншы ағұс күні түнде Сұлтан­бек­ұлы Жақыпберді бізді баста­ған 800 адам шамасындай Қарқара жәр­мең­ке­сіне келді. Бұл жақтан 200-дей кісі қосылып, таң ата бергенде Қарқара әске­ріне шабуыл жасады», дейді Іргебай ақса­қал.

Мемлекеттік мұрағатта осы Қарқара көтерілісін басып-жаншыған фон Бергтің де (29 жаста) жазба дерегі бар. Ол бұл көтеріліске бес мың адам қатысты деп, әдейі адам санын көтермелейді, ондағы мақсаты – өзінің көп адаммен алысқанын көрсету. Ал басқа дерегі, көтерілісшілерді Моргунов екеуі қалай қоршап алмақ бол­ғаны, оны көтерілісшілердің байқап қал­ға­ны, қарулы әскерге қарсылық көрсете алмай, көтерілісшілердің тауға қарай қаш­қаны – бәрі Іргебай ақсақалдың айт­қа­нымен бірдей болып шығады. Екі дерек­тің үйлес келуі Қарқара көтерілісінің шын­дығы да сол екенін білдіреді. Демек Қар­қара көтерілісін басқарған – Әлмерек ба­баның ұрпағы Тазабектің немересі Жақыпберді Сұлтанбекұлы. Ал бүкіл Албан көтерілісін бір қолға ұстаған басшы болмаған. Егер Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкірлерді, Серікбайды алдын ала қамап тастамағанда, ол көтерілісті, сөз жоқ, Жәмеңке мен Ұзақ басқарған болар еді. Өйткені: «Қарқараға жиналыңдар, осында бас қосамыз!» деп, Асыда жатқан Серікбай Қанаевты Қарқараға шақыртқан сол екі ақсақал болатын. Серікбай Верный уезіне қарайтын Қызылбөрік болысы еді. Осы жағдайдың бәріне ой сала қарағанда, бұл көтерілісті «Албан көтерілісі» деу қай жағынан да дұрыс екенін көрсетеді.

Бәрін айт та, бірін айт, сонау 1846 жылдан 1916 жылға дейінгі аралықта Әлмерек бабаның ұрпақтары, анықтап айтқанда, Тазабек батырдың өзі, оның Әубәкір, Жақыпберді сынды немерелері – қазақ тарихының шешуші кезеңдерінде қол бастап, ту ұстап өткен азаматтар.

Албан көтерілісін аяусыз басқан генерал Куропаткиннің мына сөзіне Ілекең үлкен мән береді: «Жәркент ойазындағы Албан қазақтарының бауырындағы Текес бойы тұтасымен, Шәлкөде жалпағымен, Қарқара жайлауы тегіс алынсын!» (Ілияс Жансүгіров, «Жетісу», 2001, 92,93 бет).

Бұл не деген сөз? Бұл ол арада енді қазақтар тұрмайды, енді ол арада орыс автономиясы болады деген сөз. Орыс патшасына қазақтың өзі емес, жері керек болғаны осы бұйрықтан өте айқын көрінеді. Соны күні бұрын білген Тазабек Колпаковскийге қарсы шықса, соны сезген оның ұрпақтары 1916 жылы тағы орыс патшасына қарсы шықты. Бойында ата-бабаның рухы бар қазақ қашанда азаттық үшін алысқан.

Албан көтерілісінде қырылған қазақта қисап жоқ, оны санаған мемлекет те жоқ, адам да жоқ. Фон Берг атып өлтірген жазықсыз, ақ ту көтерген болыстың кім екенін де айқындай алғамыз жоқ. Албанды да, бүкіл қазақты да бір ажалдан құтқарып қалған – Ақпан төңкерісі: патша құлады, алайда патша өкіметінің отарлау жоспары бәлшебектердің отарлауына ұласты.

Бірақ ата-бабамыздың азаттық рухы әркімнің бойында әлі де бар. Халқының қамын жеп қаза тапқан Тазабекте оның азаттық сүйген ұрпақтары да қазақ тарихынан өзіне лайықты орнын алуы тиіс. Тарих ұмытпағанды халық та ұмытпайды.

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты