Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Никита Михайлис гол соғып, жерлестерімізді есепте алға шығарған-ды. Бірақ 28 және 35-минутта «Автомобилист» ойыншылары біздің қақпаға қатарынан екі шайба тоғытып, таразы басын өздеріне аударды. Гол авторлары – Евгений Мозер мен Питер Холланд. Дегенмен кезең аяқталар тұста «Барыс» шабуылшысы Ииро Пакаринен мергендігімен көзге түсіп, есепті теңестіріп кетті.
Үшінші кезең басында сан басымдығына ие болған «Барыс» хоккейшілері қарсылас команданың қақпасына үшінші шайбасын соқты. Бұл жолы Дастин Бойд таблоға өз атын жаздырды. Ал кездесудің 57-минутында Роман Старченко ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:2. Бір қызығы, осыдан екі апта бұрын екі команда мұзайдында жолыққан болатын. Сол кездесуде де жерлестеріміз 4:2 есебімен басым түскен-ді.
Қазіргі кезде «Барыс» командасы жарыс кестесінде үшінші орында келеді. 56 ойыннан кейін жерлестеріміздің еншісінде 75 ұпай бар. Елорда хоккейшілері келесі кездесуін бүгін Мәскеуде ЦСКА клубына қарсы өткізеді.