Қоғам • 13 Ақпан, 2020

Тұлғалар тағдырын толғайды

1337 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алып тұмсығымен мұз құрсауларды күтір-күтір еткізіп жарып өте шығатын мұзжарғыш кемелерді теледидардан талай көрдік. Сол іспетті мұзжарғыш адамдар болады десек қате ме? Ел мен жердің тұтастығын, тіл мен ділдің бірлігін сақтап, ұлт мүддесі жолында білім мен ғылымды, өнер мен мәдениетті дамыту үшін өлшеусіз еңбек ететін, сол еңбегімен кейде тарихты өзгертіп жіберетін адамдарды өз басым алып мұзжарғыштарға теңеймін. Олардың аты өлмейді.

Тұлғалар тағдырын толғайды

Олар туралы қаламды қалай сіл­те­­сең де немесе аяулы бей­не­­лері мен адал еңбектерін ка­ме­раға қай қы­ры­нан түсірсең де татымды, толымды. Сон­дай толым­ды дүниелердің қата­рын­да Әлімхан Ермеков, Нұртас Оңда­сы­нов және Жұмабек Тәше­нов сынды мұзжарғыш тұл­ғалар жайлы Президент те­ле­­ра­диокешені түсірген де­рек­­­ті фильмдер шоғырын атай аламыз. «Алаштың ақырғы ақи­ығы», «Биліктен биік тұлға», «Кі­сен­деулі жолбарыс» атты фильм­­дердің авторы – танымал теле­журналист Назгүл Әбутұ­рапова. Ал фильмнің идея ав­торы – мемлекет және қо­ғ­ам қай­рат­кері Зауытбек Тұ­рыс­бе­ков.

 Бұл тұлғалардың ұқсастығы неде? «Ұлт­қа қызмет ету білім­нен емес, мі­нез­­ден» – деп алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айт­пақ­шы, үшеуі де ең алдымен туа­­бітті іріліктерімен даралана­ды. Ұлт­қа қызмет етуде нар тәуе­­келге бел бай­лай алатын өткір­­лік пен табандылық, тар ке­зең­де, қыспақта ғұмыр кешсе де жасымаған, мойымаған, сын­ба­ған қайсар рух тұлғаларға тән ұқсастықтың негізгі көрі­ні­сі. Осы реттен алғанда де­рек­ті фильмдер бір-бірімен сабақ­тасқан, бір-біріне сілтеме жа­сап тұрған үштаған сияқты қабылданды. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің арпалысқа толы ғұмырын бейнелейтін «Алаштың ақырғы ақиығы» деректі фильмін көрген жан міндетті түрде «Биліктен биік тұлға» мен «Кісендеулі жолбарысты» көруі керек сияқты. Өзіме солай әсер етті. Тіршілікте адам баласының басынан не өтпейді? Жаманның жаласы­нан, бәкененің бәлесінен, қыз­ған­­­шақ пен қытымырдың қы­са­сты­ғынан кез келген кі­сі­­­­нің морт сынып, етпеттей жығы­­латын күйге жетуі әбден мүм­кін ғой. Тіпті басына азап пен бейнет түспей-ақ, жай ғана торы­тө­бел тірлікте жү­ні жы­ғы­­лып жүргендер ше? Сон­дай­да адам жаны рух көте­ре­тін дү­ние­лерге сұранып тұр­уы да заңды. Қазіргі кезде ағыл­шын­ның «motivator» ұғы­мы санамызды жаулап алды. Адам­дар психологиялық кітап­тар­ға әуес. Тым құрығанда интернет арқылы біздің ойлау жүйе­мізге, менталитетімізге мүлде сәй­кес кел­мейтін білім­мен қаруланған кі­сі­­­лердің ақыл-кеңесіне жү­гі­­ну­ге мәж­бүр. Мұндайда «құр­лықтың арғы бетіндегі кісілерде нең бар, өз тұлға­­ла­ры­мыздың ғұмырын та­нып білсең де, бір күн болсын өмір сүруге талпынасың ғой» де­гің келеді. Осы тұрғыдан алған­да жо­ғарыдағы деректі фи­льм­­дер әр­бір қазақ баласы көру­ге тұрарлықтай. Сәнді сөз­бен өр­нектесек, болмыстары қор­қы­­ныш пен үрейден, жағым­паз­дық пен жалқаулықтан ада бұл тұл­ғалардың әрқайсысы қазақ­тың жанына мотивация бере алады. Қанша дегенмен жанды бейне мен жанды дауыстың әсері кітап сөзіне қарағанда мо­лы­­рақ болатынын мойындауымыз керек. «Алаштың ақырғы ақиы­ғында» Әлімхан Ермеков: «Ол уақытта Қазақстан автоно­мия­сы жасалмаған кез. Мен Мәс­кеу­ге барып, Лениннің бас­­шы­лығымен баяндама жаса­дым» деп өзінің қоңыр даусымен сөй­­­ле­­генде кәдімгідей санаң шай­­дай ашылып сала береді. (Дауыс мұрағаттан алынған.) Иә, ол өзінің атақты баяндамасы туралы айтып тұр. Ол 1920 жылы Лениннің алдында шекара мәселесі жөнінде баян­дама жаса­ған. 5,5 миллион халық қо­ныстанған 3.467.922 шаршы шақырым қазақ жерінің шекарасын бекіт­тіруге ық­пал еткен үлкен қай­рат­кер. Қа­зақ­­­тан шыққан тұңғыш ма­те­матика профессоры. Бір әт­теген-айы, көзі тірісінде «қы­зыл үкімет» тартып алған сол атағын қайтарып ала алмапты. Орыс тілінен бөлек ағылшын, неміс, француз, араб, итальян тіл­де­рінде еркін сөйлеген тұл­ға­ның ғұмыр жолы өнеге мен өр­­ліктің көрінісіндей. Фильм ба­­ры­сында атақты адамнан алты жасында бата алған ақын Қуа­­ныш Мақсұтов, жер­гі­лік­ті өлке­танушы Тұңғышбай Өмір­тайұлы, жазушы Тұрсын Жұрт­бай, шә­кірті, академик Иба­дол­ла Дайырұлы, немересі Олег Ермеков тұлға ғұмырының көп­­­ші­лікке беймәлім тұс­та­ры­нан да сыр шертеді. Жал­пы, осы фильмді көріп шық­қан­да тұл­­ға тартқан азап пен қор­лық­тың қалыңдығына қара­мас­тан, кеудеңді аяушылық емес, мақ­таныш сезімі кернейтіні ғажап.

«Биліктен биік тұлға» де­рек­ті фильмі танымал қоғам қай­­­раткері Нұртас Оңда­сын­ов­қа арналған. Оңда­сы­нов­тан қалған мынадай тамаша сөз бар: «Мен үш нәрседен та­за­­мын. Біріншіден, сон­ша жыл ел басқарып отырып бі­реу­ге нақақтан нақақ жала жа­у­ып, қиянатқа барған емес­пін, біреуден бір сом пара ал­ған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жыл­дар­да­ғы қаралы күндерде боз­дақ­тарды атып жатқанда бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адам­дарды ата­ға, руға, жүзге бөл­ген емес­пін – жүзім таза!» Осын­дай сөз­дерді айту үшін тұлға қан­дай болу керек?! «Би­лік­­тен биік тұлға» деректі фил­ьмі міне сол азаматтың аяу­лы бей­не­сін көрерменге жа­қын­да­ту­ды мақсат еткен фильм. Ол билікті, яғни өзінің мансабын қазақтың мүддесінен биік қойған жоқ. Сол үшін де Н.Хрущевке жағымпазданбай-ақ, төтесін айтты: «Қазақтың үш ауданын өзбектерге беру-бер­меу мәселесін халықтың өзі шешеді!» Рас, үкіметті Оң­да­­сынов басқарған сол тұс­та үш аудан өзбектерге өткен жоқ. Есесіне ол жоғары ман­сап­тан шеттетілді. Фильм­де Н.Оңда­сы­новтың өмір­бая­ны­мен таныс біршама кісілер бі­ле­­­тін осы оқиға шеберлікпен өріледі. «Биік­ке қалықтап қыран да шы­ғады, өрмелеп жылан да шы­ғады» демекші, сол биікке шыққандардың барлығы да өз елі­нің мүддесі үшін қызмет ет­ті ме деген сауалдың алдан шығары анық. Ал ел мен жер деген ұғымдарды қарақан ба­сы­­ның қызығынан жоғары қой­ған­дарды тарих та, халық та ұмыт­пайды. Деректі фильм бары­сын­да Оңдасыновтың қазақ ғы­лымын дамытуды көксеп Сәт­­баевпен бірігіп Ғылым ака­де­мия­сын ашқаны, соғыс жылдарында майданға 140 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелт­кені, Жамбыл ақынға «Ленин­градтық өрендерімді» жаз­ғы­зып, ленинградтықтарға рух бергені, Абайдың 100 жыл­ды­ғын өткізуге белсене кіріс­ке­ні, Мойынты-Шу темір­жо­лын сал­ғызу үшін Бериядан рұқсат алып, 10 миллион сом ақшамен, 16 мың адамның күшімен үлкен істің басында тұрғаны, жеке­ле­ген тұлғаларға жасаған жақ­сы­лықтары көркемдікпен бе­дер­ленген. Айтпақшы, осы деректі фильмдердің бір ерек­ше­лігі – мұрағат құжаттарын не белгілі бір адамдардың пікі­рлерін, болмаса тұлғаның отба­сы­лық альбомынан алынған суреттерді тізіп жасай салмай, мүмкіндігінше көр­кем­дік­пен түсірілгендігінде деп айтар ек. Тағдыршешті оқиғалардың барысында тұлғалардың рөлін сырт келбеттері барынша со­лар­­ға ұқсайтын актерлер ой­на­­ған. Мұ­рағатта сақталған да­­уыстар, сонау 50-ші, 60-шы жылдары түсірілген репортаждар да фильмдердің құн­ды­лығын арттырып тұр. Әсіресе, Жұмабек Тәшеновке арналған «Кісен­деу­­лі жолбарыс» фильмінің кө­рер­­менге әсері жоғары. Неге де­­сеңіз, Жұмабек Тәшеновтің бей­несі сақталған көріністер өте көп екен. Фильмнен «тірі» Тә­шеновті көрген көрермен тір­ші­лікте оның қандай адам бол­ғанын айтпай-ақ түсіне­тін­дей.

Оңдасынов сияқты Тәшенов те билікті халық мүддесінен жоғары қой­ма­ған тұлға. Оны қазақ тарихын бір шолып шық­қан кез келген кісі айта алады. Әйтпесе сол тұста Кеңес үкі­ме­тін ашса алақанында, жұм­са жұдырығында, ұстап тұр­ған Никита Хрущевке қарсы шы­ғып сөз сөйлемес еді. 1960 жылы КОКП Орталық Ко­ми­­те­тінің бірінші хатшысы Н.Хрущев тың өлкелері – Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының басын қосып, «Тың өлкесі» деген атпен Ре­сей­ге қосуды жоспарлағанда ашық қарсы шыққан, қарсы шы­ғып қана қоймай оның жоспарына кедергі келтіріп, «Тың өлкесінің» ешқашан да Ресейге беріл­мейтінін қадап айтқан тұл­ға – Жұмабек Тәшенов. Осы әйгілі ерлі­гімен-ақ тарихта қалды. «Кі­сен­деулі жолбарыс» деректі фильмі Тәше­нов­тің жоғары лауазымды қызмет атқар­ғанда қазақ үшін жасаған сан сала­лы жақсылықтары мен Орталық комитетке қарсы шық­қан әйгілі ерлік­те­рін ғана көр­се­туді мақсат етпеген. Деректі филь­мді көріп шыққан соң біз адами қалпы келісті, ірі мінезді, от ауызды, табанды, қайы­рым­ды тұлғаны таныдық. Сана­мыз­ға әрбір әрекетінде қазақ­тың мүддесін бірінші орынға қой­­­ған ұлтжанды азаматты шегеледік. «Кі­сендеулі жолбарыс» фильмінен есті­ген мына бір ауыз сөзді осы жерге де жаз­ғымыз келеді. Тәшенов ту­ра­­лы естелік айтқан филосо­фия ғы­лы­мының докторы Ғари­фолла Есім былай дейді: «Ха­лықтың сөзін сөйлейтін адам­дардың тегі, құрылысы басқа болады. Сол басқа адам – Тәшенов». Рас, Оңдасынов та, Тәшенов те Орталық Комитеттің жос­парларына қарсы шыққан соң, би­лік басындағы жоғары лауазымды қызметтерінен босап қалған. Ұлт мүддесі үшін қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қарсы шығу оңай ма? Дегенмен сол «тегі, құрылысы басқа» адамдар ұсақталған жоқ. Кісі­ліктері мен тазалықтарын сақ­тап, жұрттың жадында жақ­­сы қырларымен ғана есте қал­ды. Қарапайым тұрмыс кеш­се де, үлкен істер жасады, ғұ­мыр­ла­рын ғылымға арнады.

Жоғарыда аттары аталған үш тұл­ға­ның да ғұмыр жолдары кедір-бұдыры көп, соқтықпалы соқпақсыз деп суреттесе әбден болатындай бұралаң жолдар. Осы бұралаң жолда адамдық бейнесі жоғалмаған, сүйегі жасы­ма­ған, рухы сынбаған тұл­ға­лар жайлы фильмдер адам­дарға күш береді, жігерін жани­ды. Ел үшін, жер үшін еткен еңбектің өтеуі болатынын ұғындырады. Осы реттен алғанда «Алаштың ақыр­ғы ақиығы», «Биліктен биік тұлға», «Кісендеулі жолбарыс» де­ректі фильмдерін ұлт­тың аяу­лы тұлғаларының рухтарына жасалған тағзым деп түсі­не­міз. Әрі мұндай фильмдер жас ұрпаққа өмір жолында темірқазық бола алатынына шәк келтірмейміз.