Сұхбат • 13 Ақпан, 2020

Scopus журналдарына мақала жариялау тегін

11044 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүние жүзінде ғалымдар жұмысының нәтижесі, көрсеткіші олардың рейтингі жоғары халықаралық журналдарда мақала жариялауымен және еңбегіне өзге зерттеушілердің сілтеме беру санымен де өлшенеді. Біздің ғалымдар да осы талапқа барынша бейімделіп, белсенділік танытып келеді. Соңғы уақытта ғалымдар рейтингінің өскені тиісті ведомство тарапынан жиі айтылып жүр. Шынында солай ма? Анығы базасында 3800 ғылыми журнал бар, әлемдегі ең ірі «Elsevier» ғылыми компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Әлия ОСПАНОВАДАН сұрадық.

Scopus журналдарына мақала жариялау тегін

– Қазақстандық ғалым­дардың ғы­лыми мақала жа­рия­лау­дағы қа­зір­гі деңгейі, қар­қыны қандай?

– Қазақстан – Орталық Азия ел­де­рінің ішінде ғылыми жағынан соңғы уақытта бірден дамып келе жат­қан елдердің алғашқысы. Мысалы, қазақ­с­тандық ғалымдар әйгілі журнал­дар­да Беларусь зерттеушілерінен екі есе көп ғылыми мақала жариялап жүр. Сон­дай-ақ «Science direct» платфор­ма­сындағы қазақстандық авторлардың мате­риал­дарына 146 мемлекеттің қол­данушылары сілтеме жасаған. Scopus мәліметтер базасының статисти­ка­сы бойынша да қазақстандық ға­лым­дардың ғылыми жұмыстары саннан бұрын сапа жағынан көп өскен. Бұл – же­тістік. Бірақ осындай үлкен серпіліс екін­ші жақта ғылымды қаржыландыру секілді күрделі мәселелерді тудырды. Өйткені ғылыми еңбек әлемдік ғылыми ортада мойындалып, беделді журналда жарияланғанымен, өндіріске енгізілмесе, пайдасы болмайды. Ал бұл қаржылық қолдауға тәуелді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен минис­трлігіміздің осыған ерекше көңіл бөлгені қуантады.

– «Elsevier» қазақстандық ғы­лым­­ды дамыту және ғалым­дар­ды қол­дау бағытында нақты қандай жұ­мыс­­тар жүр­гізіп жатыр?

– Қазақстан ғылымын бәсекеге қа­білетті ету – компаниямыздың бас­ты мақ­саты. Бұл үшін ғалымдардың ма­ңыз­ды мақалаларды жариялауына күш сал­уымыз қажет. Білім және ғылым ми­нистр­лігі қазақстандық ғалымдар үшін ұлттық жазылым жасап жатыр. Демек, ел­дегі барлық ЖОО мен ғылыми инс­ти­тут­тарының қызметкерлері, сон­дай-ақ кітапхана оқырмандары біздің журналдарды тегін оқи алады. Бұл өте маңызды. Себебі біздің басылымдарда дүние жүзіндегі 196 Нобель лауреа­ты­ның 195-і мақаласын жариялайды. Яғни, әлемдегі ғылыми жаңалықтың тұ­са­уын кесетін алпауыт алаң деуге бо­лады.

Екіншіден, компаниямыздың Қа­зақ­­станға салған инвестициясы зор. Себебі Қазақстан – біз үшін Ор­та­­лық Азиядағы маңызды нысан. Қа­зіргі таң­да біліктілігі жоғары 8 тренер­­ді жұ­мысқа алдық. Олар арқы­лы елдегі әр университетке, оның ішін­де өңір­лер­дегі ЖОО-ларға өз аяғы­мыз­бен ба­рып, танымдық курстар өткізу жұ­мы­сын қарқынды түрде жал­ғас­ты­ру­ды көздейміз.

– Scopus журналдарындағы біз­дің ғалымдардың рейтингі қандай?

– Қазақстандық ғалымдардың рей­тин­гі сапа жағынан 4 есе өсті, бірқатар сала бойынша алда келеді. Мәселен, «Scien­ce direct» платформасында Айым­гүл Керімрайдың экология сала­сын­дағы рейтингі жоғары, ол әлем елде­ріне әжептәуір танылып қалған. Вете­ринария саласында Қазақстан көр­сеткішін алға жетелеп келе жатқан Қайсар Табынов бар. Сонымен қатар әлеуметтік, гуманитарлық ғылым сала­сында да дүниежүзілік мықты зерт­теушілермен иық тіресе алатын авторлар жетерлік. Олардың ішінде Гарвардтың Еуразиялық ғылыми мек­тебін басқарып жүрген Наргиз Қасено­ваны ерекше атауға болады. Бұдан бөлек Қазақстан генетика, химия-биология, медицина саласындағы ғалым­дар­дың жетістігімен де мақтана алады.

Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Ға­лым­дарымыз, неге екенін біл­мей­мін, Scopus-қа мақала беру ақылы деп ойлайды және еңбегін жария­ла­ту әлдебір компанияның ғана қо­лы­нан келеді деп есептейді. Мен өзім уни­­верситеттерді аралағанда ең алды­мен студенттерден «Scopus-қа материал шығарту қанша тұрады?» деп сұраймын. Олар 200-300 доллардан бастайды. Содан соң «Мақаланы қанша мер­зімде жазған жөн?» деймін. 1 ай немесе одан да көп уақытты айтады. Негізі мақала жариялау тегін, сондай-ақ автор Scopus сайтына кіріп, араға ешбір компанияны араластырмай, жур­налдарға өзі өтінім бере алады. Бұған қоса сапалы зерттеу мақаланы 1 айда жазып шығу мүмкін емес. Бұл 3-6 ай ішінде жазылады. 1-2 жылға дейін созып алатындар да бар, онда бұл жаңалық болмай қалады.

– Сіз әлгінде Scopus-қа мақала бе­ру­дің тегін екенін айттыңыз. Бі­рақ ғалым базадағы кейбір жур­нал­­дарға жариялату үшін ақша тө­ле­уі тиіс қой?

– Өте орынды сұрақ. Өйткені ға­лым­­дар дәл осы тұста көп шатасады. Бі­ріншіден, Scopus-та 23 мыңнан аса жур­нал бар. Олардың 80 пайызы­на мақала жариялау тегін. Бірақ «Elsevier» базасына жазылымы жоқ ел­дер­дің, мысалы, Түрікменстандағы із­де­нушілер мен оқырмандар сол автор тегін жариялаған мақалаларды жүктеуге ақша төлейді. Ал қалған 20 па­йызы «Open access» журналдарына жатады. Бұл басылымдарға материалын тапсырған автор расымен де ақы төлейді және оның сомасы қымбат, 2 мың доллардан басталады. Бірақ бұл қаржы мақаланың міндетті түрде жария­ланатынына кепілдік бермейді. Сондай-ақ, ең маңыздысы, ақшаны тек рецензиялаудан кейін ғана төлеу керек. Себебі өтпей қалу қаупі 70 па­йыздан жоғары. Дегенмен, мақала жа­рия­ланған жағдайда бұл аты айтып тұрғандай, барлық оқырманға ашық дереккөз болып есептеледі. Сон­дық­тан ондағы материалмен кез келген адам таныса алады. Екі бағыттағы бас­па да өз шығынының орнын толтырып отыр. Мәселе – оның біреуі автордан, екін­шісі оқырманнан алатынында ғана. Сондай-ақ ақша төлеу-төлемеу де тиі­сінше автордың өз еркінде. Яғни, ол мақаласының қалтасынан ақша төлеп оқитындарға ғана қолжетімді бол­ғанын қалай ма, әлде еңбегімен бүкіл әлемнің тегін танысуы үшін ақша салуды жөн көре ме – өзі шешеді.

Негізі «Open access» моделі Еуропа елдерінде көп тараған. Себебі ондағы ғалымдардың материалын жариялауға жұмсалатын қаржыны арнаулы қор­лар өз мойнына алады. Мұндай елдер ғалымдарының еңбегін әлемге әйгі­леу­ді көздейді.

– Scopus тізіміне кіретін 5 қазақ­стан­дық ғылыми журнал бар екен. Бі­рақ олардың ешбірі қазақтілді емес. Неліктен?

– Бұл – енді журналдың таңдауы. Сіз айтқан 5 журналдың бәрі әлемді ортақ байланыстыратын ағылшын тілінде шығарылады. Ақиқатында Scopus-та 42 тіл бар. Бірақ қай тілде шығару баспаның, басылымның ер­кін­де. Ал Scopus талабы бойынша ма­қа­ла­ның тақырыбы, абстракт, тия­нақты сөздері мен қолданылған әдебиеттері ағыл­шын тіліне аударылуы керек, ал қалған мақала мазмұны автор қалаған тілде болуы мүмкін.

– Жақында отандық ғалым­дар­дың мақалалары қоқысқа айнал­ға­ны туралы ақпарат тарады. Соның себе­бін ашып айтыңызшы?

– Біз Scopus тізімін ұдайы тек­се­рістің нәтижесінде үш ай сайын жа­ңар­­тып отырамыз. Басында біздің та­лап­­тарды толығымен орындап, қата­ры­мызға қосылғанымен, кейбір жур­налдар жұмысын бизнеске айналды­рып жібереді. Яғни, ғалымдардан ақша алып, біздің талапқа сай келмесе де кей мақалаларды басады. Мұндай ба­сы­лымдар ғалымдар арасында «жырт­қыш журналдар» деп аталады. «Жырт­­­қыш журналдар» «Мақаланы жария­лау ақылы немесе делдал болатын ком­па­нияларсыз бастыра алмаймын» дей­тін танымдық білімі таяздау және жеңіл жолмен ақша беріп, тезірек бас­тыртуды қалайтын ғалымдарды «аулай­­ды». Ал Scopus сол басылымды өз тізімінен шығарғанда, онда жа­рия­­ланған авторлардың еңбегі қоса қо­қысқа кетеді.

– Ғалымдарымыз әлемдік дең­гей­­де болуы үшін не істеуі керек? Ха­лықаралық маман ретінде кеңес­іңіз­бен бөліссеңіз.

– Ең алдымен ғалымдарымыз өз еңбе­гін тегін жариялау мүмкіндігінің маңызын түсінгені жөн. Егер сіздің ғылыми жұмысыңыз жемісті болса, сізге атақ пен ақша өздігінен келеді. Ал еңбек еленуі үшін ешкімге керексіз, қоғамға пайдасы жоқ нәрселерді емес, өз­ек­ті мәселелерді шешетін тақы­рып­­тарға бару қажет. Біздегі зерт­теу­шілердің көбіне тән қателік – өз еңбегінің жемісі пайдалы болатын-болмайтынына оған кірісерде емес, бі­тіргенде ғана бас қатыратынында. Уа­­қыт­ты өлтіріп, күш-қуатын сар­қып болғаннан кейін, ең соңында анық­тайды. Нәтижеге, игі іске еңбек еткен абзал және ғалымдар басылым­дар мен олардың компаниясымен тіке­лей байланысуға дағдылануы керек. Сондай-ақ авторларымызға «Scopus – тегін» деген сөзді санасына сіңіріп, әбден жаттап алуға кеңес беремін.