Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Алматыда Кіндік Азия суретшілерінің «Ornamentum» ұжымдық көрмесі басталды

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Aspan Gallery галереясында Орталық Азия елдерінің осы заманғы суретшілерінің «Ornamentum» ұжымдық көрмесі өтіп жатыр.  Аталмыш көрмеден шеберліктерін тоғыстырған ташкенттік Диляра Каипова, бішкектік Марат Райымкулов, ақтөбелік Бақыт Бубиканова, Елена мен Виктор Воробьевтардың туындылары төрге шықты.

Алматыда Кіндік Азия суретшілерінің «Ornamentum» ұжымдық көрмесі басталды

Бұрынғы кеңестік республикаларының бірқатарында тәуелсіздік жылдарында ұлттық ою-өрнек гротеск сипатына ие болды. Бірегейлікті іздеу жолында бейнелеу өнерінде, қолданбалы өнерде, сәулет өнерінде, мемлекеттік нышан белгілерде, өнеркәсіптік дизайнда ұлттық ою-өрнек, нақыштарды кез келген жерде пайдалану барынша байқалады. Егер ежелгі дәуірлерде ою-өрнек киелілік, космологиялық және философиялық мән-маңызға ие болса, қазір жаппай және кейде парықсыз пайдаланудың салдарынан татымсыздық сипатқа ие болды. Жалған этникалық декоративтік стиль тулар мен елтаңбаларда да, сол сияқты тіпті орындықтар мен қоқыс салатын ыдыстарда да кездесетін болды.

Оның себептері де түсінікті де: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін республикалар бұрынғы кеңестік танымал нышан белгілер мен сыртқы атрибутикадан жаңа мемлекеттің өзіндік жаңа бірегейлігі мен жаңа нышан белгісіне қысқа мерзімде көшуге тиіс болды. Көп жағдайда тек сыртқы бейнесі ғана өзгергенімен, шын мәнісінде ішкі мазмұны сол қалпында қалатын. Өзіңді бұрынғы биліктен ажыратып, бөліп алу үшін заттарды жаңа ұлттық түске бояп, өз ою-өрнегіңді қоссаң жеткілікті секілді көрінген.

Осы жолғы көрмеде күш біріктірген төрт қылқалам шебері ою-өрнектің өнердегі маңызына қатысты өз көзқарастарын ортаға салады: ою-өрнек мәдениеттерді жақындастыратын тәсіл ғана емес, сонымен бірге медитациялық әдіс екенін түсіндіруге ұмтылған. Бұл ретте олардың шығармашылығындағы ою-өрнекті тек пластикалық форма ғана деп емес, барынша кең мағынасында оны өнер арқылы сыртқы ұқсастықпен ғана шектелмейтін, ғаламның шынайы табиғатын өнер арқылы жалғастыруға деген талпыныс деп те түсіну қажет.

Олардың шығармашылығында иерархия жоқ, бұл жерде бейнелеу және қолданбалы өнер, дәстүрлер мен инновациялар, асқақ өнер мен бұқаралық мәдениеттің бәрі ұштасып жатыр.