Хоккей • 14 Ақпан, 2020

«Барыс» 3:2 есебімен басым түсті

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің ЦСКА командасымен кездесті. 

«Барыс» 3:2 есебімен басым түсті

Осыған дейінгі ойындарда ресейлік армияшылар жалпы турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Олардың еншісінде 56 ойыннан кейін 86 ұпай бар. Ал жетінші орындағы «Барыс» 75 ұпайды қанжығасына байлаған болатын.  

Команданың қарсыластары адуынды күш сынасуға дайындалып келгендей. Осыған қарамастан, «Барыс» қарсыласынан қаймыққан жоқ. Ойынның алғашқы сәттерінен бастап лайықты ойын көрсетті. Ресейлік команданың қақпасына жиі шабуылдап, қарсыластардан басым түсе бастады.   

Есепті армияшылар ашты. Ойынның 12-минутында ресейлік хоккейші Сергей Толчинский команданың қоржынына ұпай қосты. 18-минутта «Барыс» сапынан Корбан Найт есепті теңестірді. 

Екінші кезеңде қазақстандық команданың басымдығы байқалып тұрды. Гол соғатын сәттерде хоккейшілеріміздің мүлт кеткен жерлері де болды. Ал 35-минутта Линус Виддель «Барыс» командасын алға шығарды.

Ойынның үшінші кезеңінде ЦСКА хоккейшілері ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 48-минутта Клас Дальбек «Барыс» қақпасына гол салды. Ал 53-минутта елордалық Даррен Диц өзіне берілген мүмкіндігін жібермей, есепті алға шығарды. «Барыс» ЦСКА командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Елордалық клуб бес ойын қатарынан жеңіске жетіп келеді. Осы жеңістен кейін қазақстандық команда жалпы турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді.

Алдағы аптада «Барыс» елордада үш кездесу өткізеді деп жоспарлануда. 15 ақпанда – Ресейдің «Сочи», 18 ақпанда – «Сибирь» (Новосібір) және 21 ақпанда – «Салават Юлаев» (Уфа) клубтарымен кездеседі.