Қоғам • 14 Ақпан, 2020

«Дипломмен – ауылға!»: жас мамандар неге тұрақтамайды?

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2009 жылы елімізде «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама қолға алынып, жас мамандар ауылдарға жібе­рі­ле бастаған еді. Бағдарлама әлі де жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында осы жылдары, нақтырақ айтсақ, 2009-2019 жылдары 3,6 мың жас маман ауылға жұмыс істеуге келіпті. Облыстық Экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, олардың дені Семейге жақын Бородулиха (389), елдің шеті, желдің өтіндегі, шекарадағы Күршім (336), Катонқарағай (350) аудандарына барыпты.

«Дипломмен – ауылға!»: жас мамандар неге тұрақтамайды?

Ауылға барған жастардың 2409-ы білім, 922-сі денсау­лық сақ­тау, 56-сы ауыл шаруа­шы­лы­ғы және спорт, 101-і мә­де­ниет,  41-і әлеуметтік қам­­сыз­дандыру салаларына жұ­­мысқа орналасыпты. Соны­мен қатар жастарға 100 АЕК немесе 252,5 мың теңге кө­тер­ме жәр­демақы, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауға 1500 ес­ептік айлық есептік көр­сеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит бері­ле­ті­ні де белгілі. Демек, оларға мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде (бәлкім, жеткілікті, бәлкім, жеткіліксіз) жағдай жасалып отыр.

Үш жылдан соң қайтып кетеді

Осы орайда мынадай са­уалдар туындайды. Мемлекет арнайы қаржы қарастырып, ауылға жіберген жас мамандар артқан сенімді ақтап, барған жеріне тастай батып, судай сіңіп жатыр ма? Еңсесі түскен ауылдардың көгеріп, көркеюіне қаншалықты үлес қосты? Әлде кесімді мерзімдерін өткеріп, келген іздерімен кері қайтып жатыр ма? Өкінішке қарай, соң­ғы кездері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен кел­ген жастардың үш жыл мер­зімі біте салысымен ауылда тұрақтамай қайтадан қалаға қайтып кететіні жайында жиі айтылып жүр. Әрине, бұған себеп те жоқ емес. Мәселен, облыс орталығынан шал­ғай­­да орналасқан Күршім, Ка­тон­қарағай, Тарбағатай аудан­­дары және Абыралы, Шұ­бар­тау секілді бұрынғы аудан орталықтары ауыл­да­­рының көпшілігінде ин­тер­­нет жоқтың қасы. Бар бол­­ғанның өзінде тасба­қа­ның тырбыңындай өте баяу. Инфрақұрылымның жоқ­ты­ғы, жолдың нашарлығы, қыс­тың қиындығы – өз алдына бөлек әңгіме. Мұндай ауылдарда жастар қайдан тұрақтасын? «Ауылға келген жас мамандардың көпшілігі үш жыл мерзімі өткен соң қа­ла­­ға көшіп жатқаны жасырын емес. Осының салдарынан аудан­да, әсіресе мұғалімдердің тап­шы­лығы сезіледі. Бүгінде Катон­қа­рағай ауданына физика, математика, ағылшын, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері қажет (21 маман)», дейді Катон­қа­рағай аудандық білім беру, дене шынықтыру және спорт бө­лі­мінің басшысы Ғалия Кө­ше­нова.

Катонқарағаймен іргелес орналасқан, тағдыр-талайы ұқсас, алты ай қақаған қысы бар Марқакөл-Күршім өңірін­де де осы кеп. Күршім аудан­дық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Елеубаевпен сөйлескенімізде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен негізінен ауданның тумалары ғана келетінін, сырттан келу­шілердің сирек екендігін айтты. «Біздің ауданда мек­теп­тердің көпшілігі, яғни 83 па­йызы шағын комплектілі. Бұл мектептерде бала санының аздығына байланысты сыныптар қосылып оқытылады. Сағат саны да аз болады. Жастардың тұрақтамауының бір себебі осы деп ойлаймын. Жас мамандар келмеген соң зейнет жа­сындағы мұғалімдермен ке­лісім­шарт жасасамыз. Басқа амалымыз да жоқ. Қазір ауданда 16 зейнеткер мұғалім келісімшартпен жұмыс істеп жатыр. Бұл бізге 16 жас ма­ман­ның қажет екендігін көрсетеді. Ағылшын, орыс тілі және орыс әдебиеті, Қазақстан тарихы, география, физика, математика, химия-биология, қазақ тілі және қазақ әдебиеті, информатика пәндеріне жас мамандар керек» деген ол бүгінде Күршім ауданында ұзын-саны 820 мұғалім жұмыс істейтінін, оның 93-і жас маман (11 пайыз) екендігін жеткізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы