Қоғам • 14 Ақпан, 2020

Ақпанда сары шаян шаққан ба?

2156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Маңғыстауда қыс жылы болды. Бұл, әрине, шаруа баққандар үшін қолайлы болуы мүмкін, бірақ әр мезгілдің өз мінезіне сай болғаны жақсы-ау! Әйтпесе, шіліңгір шілденің сәні құрт-құмырсқа, бақа-шаян сынды жыбырлаған жәндіктердің қақаған қыс айы саналатын қаңтар-ақпанда да асыр салып жүруі жақсы да, жарасымды да емес.

Ақпанда сары шаян шаққан ба?

Улы жәндіктердің уыты жаз мезгілінің соңына таман, яғни қырық күн шілде бітерде қай­тып, күн әбден суытқан соң олардан ша­ғып алады деген қауіп болмауы керек еді. Алай­да «Естімеген елде көп» дегендей, биыл Маң­ғыстауда қыс ортасында сары шаян шағып алу оқиғасы бір емес бірнеше рет орын алды.

Маңғыстау облыстық Ден­саулық сақ­тау басқарма­сының дерегі бойынша, ал­ды­мен бір түнде жеті әйелді са­рышаян шағып алған. Ең бірінші же­дел жәрдем қыз­метіне жүкті әйел ха­барласқан. Ол Бейнеу ауданының тұр­ғыны екен. Жүктілікке қауіп төнуі мүмкін бол­ғандықтан ол орталық аудан­дық ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай Бейнеу ауданының тағы бір тұрғыны медициналық көмекке жү­гінсе, үшінші оқиға аталған аудан­ға қарасты Боранқұл ауылында 1985 жылы туған қыздың басында болды. Шаян шаққан төр­тінші жағдай Қарақия ауданы Құрық ауы­лында тіркелді. Соңғы үш оқиға Жаңаөзен қаласында тіркеліп, бұл жерде де әйелдер зар­дап шекті.

Алдымен әйелдерге шабуыл жасаған шаян­дар артынша тағы да үш тұрғынға уын дарытты. Яғни, Маңғыстау облыстық «Жедел жәрдем» және «Жедел медициналық жәр­дем» қызметіне сары шаян шақты деген үш шағым бұл жолы да Бейнеу ауданының тұр­ғындарынан түсіпті. Олар – 16 және 17 жас­тағы қыздар, сондай-ақ 62 жастағы ер адам.

– Барлық адамға алғашқы медициналық көмек көрсе­тілді. Ауруханаға жатқызудың қажеті болған жоқ. Одан әрі оларға тұрғы­лықты жері бойынша дәрігерден кеңес алу ұсынылды, – дейді мамандар.

Сонымен, Маңғыстауда екі күнде шаян шағуынан он адам зардап шекті. Сары шаяндар негізінен түнгі уақытта, әсіресе таңға қарай шабуыл жасайды екен.

Маңғыстауда қаһарына қыс емес, шаян­дар мініп тұр. Жаһандық жылынудың әсері ме, әйтеуір қыста шаян шағуды ешкім жақсылыққа жорып отырған жоқ. Қыстан қымсынбаған шаяндар жазда әбден күшіне мініп, уыты күшейген шақта қайтпек деген қорқыныш бар.

 

Маңғыстау облысы