Қызылағаштықтардың тасқыннан кейінгі басынан өткергені жайлы қауесет, алып-қашпа әңгіме толастар емес. Алғашқы күннен тұрғындардың басына түскен ауыртпалықты көзбен көріп, бүгінгі қолға алынған жұмыстарды ой елегінен өткізсек, сабырға келіп, көпшіліктің ниет-пейіліне риза боласың. Мемлекет басшысының тапсырмасымен тиянағы келтірілген жұмыстар бірден көзге түседі. Кеше аталған елді мекендегі алғаш қазығы қағылған үйдің шатыры көтерілгеніне куә болдық. Үйді “Алматы құрылыс” ұйымы салса, мұндағы еңбек қауырт қимылға ұласқан.
Бүгінгі күні жұрттың басынан кешірген қиындығынан гөрі елді мекеннің ертеңі, алдағы өмірлерінің қалай қалыптасатыны ойландырады. Ол құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде жүргізілуі мен пайдалануға берілуіне тікелей байланысты. Күн сайын жедел жиынды ауылды тазалау мен құрылыс жұмыстарының барысымен танысудан бастайтын облыс әкімі Серік Үмбетов осы мәселелердің тиянағын келтіруге күш-мүмкіндікті жұмылдыруды тапсырып келеді. Жұмыс біршама жүйеленген. “Алматы құрылыс”, “Ауыл құрылысы” компаниялары бекітілген тұрғын үйлердің қабырғаларын көтерсе, жұмыстың жедел жалғасуы үшін бетон зауыты мердігерлердің тапсырысына сәйкес екі маусымда істеп, әр көшеден үйлердің сұлбалары көрініп қалды.
Халықтың қиындықты ұмытуы үшін баспананы тез салып, қоныстандыру. Ол үшін қалталы азаматтардың көмегі қажет. Дүйсенбі күні Қызылағашқа арнайы келген “БН-Инвест” компаниясының басшысы Болат Назарбаев ауылдың батысындағы жаңа көшеге өз қаржысына 10 үй салып беретінін жеткізіп, көпшілікті тағы бір қуантты.
– Қызылағаштағы жағдайды естігендер көмектерін аямауда. Бұл орынды. Халқымыз “Жақсылық пен жамандық егіз” деген. Тұрғындардың басындағы ауыртпалықты көтеру мақсатында осы көшеден 10 үйдің құрылысын бастап, 2,5-3 ай мерзімде пайдалануға береміз, деді Болат Әбішұлы журналистерге берген сұхбатында. Отбасылары екіге бөлініп, балалары қалада, азаматтары құрылыс жұмыстарына тартылғандарға бұл үлкен демеу деуге болады.
Үкімет тарапынан да зардап шеккендерге қажетті жан-жақты көмек жасалуда. Жалпы ел болып, халықтың қайғысын жеңілдетуге жұмылған. Мердігерлік ұйымдар қаржы табуды ғана ойлап, құрылыстың сапасына мән бермегендеріне еш кешірім болмайтынын облыс әкімі жиында шегелеп айтып, ескертіп келеді. Белгіленген мерзімде құрылысты салуға қабілетсіздердің орнын мықтылары басатыны да түсіндірілуде.
“Алматы құрылыс” ауылдағы 32 тұрғын үйді салуды міндеттенсе, мұндағы қажетті техника мен кәсіби мамандар, сәулетшілер қимылы ширақ екені аңғарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 2000 адам, 289 техника тартылғаны осының дәлелі. Жұмыстан ауыл тұрғындары да шет қалмай, 250 адам еңбекке тартылыпты. Белгіленген мерзімде бүтін бір ауылды қайта тұрғызу үшін құрылысшылар қатарын көбейту қажеттігі ортаға салынса, құрылыс материалдары толассыз тасымалданып, жол бойындағы ауыр жүк көліктері әрі ағылуда.
Тұрғындардың тасқыннан аман қалған үйлерін бұзбай, күрделі жөндеуден өткізу жайлы өтініштері де шешімін тапқан. Осылайша бастапқыда 467 үй қайта салынады деп шешілсе, бүгінгі күні 17 үй зілзалаға қарсы күшейтіліп, толық жөндеуден өткізіледі деп шешілді. Облыс басшысы мектеп үйі мен балабақшаны қалпына келтіруге жұмсалатын қаржының қымбаттығын да сынға алды. Бас пайдасынан гөрі, бардың бағасын біліп, халықтың жағдайын жасау қажеттігін жеткізді.
Ауылдың шығысынан орын алатын саябақтағы ескерткіш жобасын жасау, жол мен көшені қалпына келтіруге қатысты жұмыстарды жүйелеу мәселелеріне де назар аударылды.
Су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдемақы аудару жұмысы жалғасып, “Қазпошта” акционерлік қоғамы арқылы бұған дейін 2625 есеп-шот ашылса, оған 21 млн. 443 мың теңге аударылыпты. Соңғы мәлімет бойынша Қызылағашағы тасқыннан болған жағдайды қалпына келтіру қорына 2 млрд. 466 млн. теңге қаржылай көмек түскен. Еліміздің түпкір-түпкірінен келіп жатқан қайырымдылық шаралары әлі де жалғасуда. Қарқын алған құрылыс жұмыстарының дәлеліндей көшедегі үйлердің қабырғалары биіктеп, шаңырағы көтерілуде.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.