Министр Еңбекмині тұрақты негізде еңбек заңнамасының сақталуына мониторинг және бақылау жүргізілетінін хабарлады. Сонымен қатар 2019 жылы 9,5 мың жұмыс берушіні тексеру нәтижелері бойынша 11,3 мыңнан астам бұзушылық жойылды. 41 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалды, оларға еңбекақы бойынша 5,4 млрд теңгеден астам берешек төленді.
Сонымен қатар жалақы бойынша берешек проблемасы әлі де сақталуда. Осылайша, 31 қаңтарға берешек 89 кәсіпорында 1,2 млрд теңгені құрады. Банкротқа ұшыраған немесе оңалтудағы 53 кәсіпорында 755 млн теңгені құраған берешек ерекше алаңдаушылық тудырады.
«Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету тағы бір маңызды мәселе болып табылады. Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған Өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 2,6 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізді, 2 мыңнан астам өндірістік объект аттестатталды. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңес жүзеге асырады. Нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны 8,8%-ға төмендеді. Зардап шеккендер саны 1 430 адамды құрады (2018 жылы – 1568 адам), оның ішінде өліммен аяқталған 180 адам (2018 жылы - 220 адам)», – деді Біржан Нұрымбетов.
Ол сондай-ақ 2019 жылғы 17 маусымда Женевада Еңбекмині Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандум жасалғанын айтты.
«Республиканың 137 кәсіпорны осы тұжырымдамаға қосылды. Бұл жұмысты барлық өңірлерде жандандыру керек. Облыс әкімдерінің орынбасарларын еңбекті қорғау, жалақы бойынша берешекті бақылау мәселелерін бақылауға алуды сұраймын», – деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ 2019 жылдың мамыр айында еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу бойынша кешенді жоспар қабылданғанын еске салды.
2020 жылғы 1 қаңтарда ұжымдық шарттармен ірі және орта кәсіпорындардың 96,5%-ы және шағын кәсіпорындардың 42,7%-ы қамтылған. Қызметкерлерді қысқартуға жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалады.
Бас прокуратурамен бірлесіп шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартатын кәсіпорындарды тексеру аяқталды, қажетті әкімшілік шаралар қабылданды.
«2020 жылы ШЖК тартуға рұқсат берудің алдын алу және тәртібін күшейту үшін жұмыс берушілердің қызметкерлерге тең санитарлық-тұрмыстық жағдай жасау жөніндегі міндетін және әкімшілік жауапкершілікті белгілеуді жоспарлап отырмыз. Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне және тексеру парақтарына өзгерістер енгізілетін болады. Бұл жыл сайын қызметкерлерінің саны 250 адамнан асатын, 30-дан астам шетелдік қызметкерді тартатын кәсіпорындарды жоспарлы тексерулермен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларына сәйкес кәсіпорындарды тексеруді кедергісіз жүзеге асыру, еңбек инспекторларының штат санын ұлғайту бөлігінде мемлекеттік еңбек инспекторларының мәртебесін қайта қарау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар кәсіподақтардың қызметін жетілдіру, кәсіби тәуекелдерді бағалауға негізделген еңбекті қорғауды басқару жөніндегі жаңа тәсілдерді енгізу, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек қызметін цифрлауды енгізу жөніндегі мәселелердің үлкен шеңберін қамтитын еңбек жөніндегі Заң жобасы Парламентте қарауда жатыр.