Руханият • 17 Ақпан, 2020

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жайы талқыланды

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Дей тұрғанмен, бұл мәселеде бір тоқтамға келу, нақты ұсыныстарды қабылдау әлі де өзекті күйінде қалып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтаса да, бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар екенін айта келіп, тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керектігін тапсырған болатын. Бұл тарихи шешімді жүзеге асыруда тілші-ғалымдардың еңбегі орасан.

Латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жайы талқыланды

Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге негізделген ашық талқылау өтті. Талқылауды басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова ашып, жүргізіп отырды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тілдерді оқыту орталығының» аға әдіскері Перизат Маханова баяндама жасап, кейбір сөздердің, жекелеген әріптердің латын қарпіне көшірілгенде жазылуы және оқылуы туралы әңгімеледі.

Мәселен, бастапқы бекітілген әліпби нұсқасында SH диграфы оқуға қолайсыз екенін, себебі бір сөзде бұл Ш, ал бір сөзде бұл CX болып оқылатынын, сондықтан да көпшілік арасында түсініспеушілік орын алатынын жеткізді. Сонымен қатар бекітілген нұсқасында екіұшты оқылатын, контекспен ғана ажыратылатын сөздердің көбейетінін айтты. Жалпы, жиынға қатысушы тіл мамандарына бекітілген әліпби, акут, умлаут жетілдірілген жобалары және аралас талқылаудағы жобалар ұсынылды. Бұл ретте тіл мамандары латын әліпбиіне қатысты өздерінің ой-пікірлерін айтты.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова латын әліпбиінің жасалып қойған нұсқасын түбегейлі өзгертуге болмайтынын, осы төрт нұсқаның ішінен біріктіріліп, бір ғана нұсқаның қолданысқа енгізілуін құптайтынын жеткізді. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ латын әліпбиіндегі кейбір таңбалардың қазақтың бай тіліне, сөздік қорына көлеңке түсірмеу керектігін ескеруді баса айтты.

Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Балмира Мырзабаева «СН диграфы таңбаланып тұрған Ч әрпімен келетін төл сөз жоқ, шеттілдік сөз жоқтың қасы. Оның үстіне диграф құрамындағы бір компонент С әрпі әліпбиде жоқ болғандықтан, жазу-сызуды жаңа үйреніп жүрген бүлдіршінге әдістемелік жақтан осы күрделі әріпті үйрету қиындық тудырады», дей келе төрт жобаның артықшылығы мен кемшілігіне тоқталды.

Жиында өзге де тіл мамандары латын әліпбиіне қатысты өздерінің пікірлерін білдірді. Ашық талқылау соңында тіл мамандары латын әліпбиіне қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін облыстық тілдерді дамыту басқармасына жолдайтынын айтты.

 

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024