Абайтанушы тұлға марқұм Төкен Ибрагимов ағамыз айтқандай, Алаш арыстары қалаған алтын ұядан ұшып шыққан қайраткер ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лаураеты Қайым Мұхамедханұлының қазақ руханиятына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Әкесі Мұхамедхан өз заманында қараңғы қазақ көгіне күн болуға ұмтылып, халқы үшін жүрек майын шам қылған (С.Торайғыров) Алаш арыстары ат байлайтын, қазақша айтқанда би түсетін үйдің егесі болды. Жергілікті қаламгер Дәулет Сейсенұлы жуықта жазған «Алаш меценаты» атты мақаласында «Мұхамедханның шаңырағына әріден айтқанда Абай мен Шәкәрім, бергілері: Көкбай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, тағы басқа түсіп аттанған. Бұл тарихи шындық», депті.
Етек басып, ес жиған сәттен бері ұлылар мен ірілерді көріп өскен Қайым аға шын мәнінде өзінің өкіл ұлы Тұрсын Жұртбай айтқандай «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» екені анық.
Ғалымды еске алуға арналған шара барысында Қайым ағаның қазақ руханиятындағы орны жайлы, әсіресе абайтану жолындағы жанкештілігі туралы, тіпті өзі түгендеп, көгендегі қозыдай санап шыққан 30-дан астам «Абайдың ақын шәкірттері» жайлы жазған диссертациясы ерен. Тіпті осы еңбегі үшін 25 жылға сотталғанын қайтерсіз.
Осындай қиындық пен қиғаштықты бастан кешіре жүріп ұстазы М.Әуезовтің нұсқауымен Абай шығармаларының түпнұсқалық текстологиялық тазалығын талдау әдісімен зерттеп, алғаш рет ғылыми айналымға енгізуі екінің бірінің қолынан келетін дүние емес.
Академик апамыз Рабиға Сыздықованың сөзімен айтсақ, Қайым ешкім бара алмайтын, баруға құдіреті жетпейтін тақырыпты таңдай білген және оны басын бәйгеге тігіп атқарып шыққан адам.
Бұл реткі жиын модераторы Ербол Іргебай мырзаның пайымынша, ұстазы М.Әуезов жүйелеген абайтануды одан әрі жалғастырып, ақынның айналасын рухани кеңейткен адам – Қайым Мұхамедханұлы екен. Яғни филолог ғалым Абай тұлғасын тек шығармашылық ауқымда зерттеумен шектелмей, қазіргі Абай музейінің негізін қалап, 1918 жылы Семей қаласында әкесінің демеушілігімен жарық көрген «Абай» журналын тәуелсіздіктен кейін қайта түлеткен қайраткер.
Басқосу үстінде жиналған қауыммен өзінің келелі ойын бөліскен филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ғалымның қазақ текстологиясы туралы логикалық зерттеуі бұған дейін болмаған дара мектеп екенін, сондай-ақ қазақ тарихына қатысты ірі тұлғалар жайлы жазған тың деректері өз алдына жатқан тағы бір дария екенін еске салды. Сөзінің соңын Тұрсын Құдакелдіұлы: «Қайым ағамен әрбір кездесуім бір-бір университет еді», деп түйді.
Сонымен қатар жиын барысында Ұлттық академиялық кітапхана қорынан алынған ғалымның еңбектері мен мұрағаттық фото-құжаттары көрмеге қойылып, оқымысты-қаламгерлер Сұлтанхан Жүсіп, Алмахан Ғабдулина, Омар Жәлел, Асан Омар, Сағымбай Жұмағұлов, Қайырбек Кемеңгеров, тағы басқа қонақтар өз ойларын ортаға салды.