«Көмірсутегі туралы айтар болсақ, еліміздің 15 шөгінді бассейндерінде шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын мұнай-газ ресурстары бар деп болжануда. Бұл шөгінді бассейндердің геологиялық зерттелу дәрежесі әртүрлі. Оның бесеуі игерілген, бесеуі аз зерттелген және бесеуінің перспективасы төмен. Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғышлақ, Оңтүстік Торғай, Зайсан бассейндерінің терең қабаттарын геологиялық іздестіру-бағалау жұмыстарына жеке инвестициялар тарту жоспарлануда. Аз зерттелген Солтүстік-Торғай, Ертіс маңы, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу шөгінді бассейні аумақтарында геологиялық зерттеуді мемлекеттік бюджет есебінен жүргізу қажет деп есептейміз», - деді министр.
2019 жылы мемлекеттік бюджет есебінен қатты пайдалы қазбаларға іздеу жұмыстарын жүргізу кезінде Үлкен Қаратауда мұнай көзі анықталған болатын. Енді осы аумақтың даму бағытын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керек деген ұсыныс айтты, Мағзұм Мырзағалиев.
«90-шы жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-Теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі күні ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, Каспий маңы бассейнінің терең қабаттарының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге деген өздерінің ниеттерін білдіруде. Сондықтан да, жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.