100 • 19 Ақпан, 2020

А.Селезнев: Қамбар мен Назым - қазақтың тұңғыш балеті

1111 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1951 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің №20 санына шыққан Қазақтың тұңғыш балеті «Қамбар мен Назымға арналған мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

А.Селезнев: Қамбар мен Назым - қазақтың тұңғыш балеті

Қазақтың хореография искусствосы жас. Бұдан бірнеше жыл бұрын жасалған «Көктем» атты балет мазмұны жағынан да, ұлттық түрі жағынан да жұртшылықты қанағаттандыра алмады, сол сыяқты «Қалқаман және Мамыр» балеті де үлкен сәтсіздікке ұшырады. Олардың бәрі де халықтың өскелең тілегіне сай келмегендіктен, сахнадан түсіп қалды. Бірақ республиканың искусство қызметкерлері, опера және балет өнерлерінің шеберлері кемшіліктер мен қателерден сабақ ала білді. Олар БК(б)П Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі, солардың ішінде Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы тарихи қаулыларын басшылыққа ала отырып, Казақстан орталық партия комитетінің күнбе-күнгі көмегі мен нұсқауына сүйеніп, қазақтың жоғары сапалы, ұлттық балетін жасау жолында игілікті жұмыстар істеді.

Соның нәтижесінде жаңа жыл қарсаңында Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасына композитор Великановтың музыкасына жазылған «Қамбар мен Назым» атты балет шықты. Оның сахнаға шығуы тек театр қызметкерлері үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл жұртшылығымыз үшін ортақ қуаныш болды. Мұның өзі республиканың театр қызметкерлерінің шеберлене түскендігін, олардың мәдени өрісінің артқандығын, творчестволық еңбек үстінде шыңдалғандығын көрсетті.

Бұл – кедейлер бұқарасы ортасынан шыққан, «токсан үйлі то­бырдың» қамқоршысы, «қарақасқа атты Қамбардың» ерлігін, оның хандық құрылысқа қарсы, азаттық жолындағы күресін баяндайтын балет. Алғашқы көріністен бастап, Қамбар мен Назым қыздың бір-біріне махаббаты суреттеледі. Бірақ Қамбар мен Назым, Мұрат пен Дәметкен сыяқты еркіндік аңсаған жастарға ескілік өмір, хан ордасы, қара күш қасарысып қарсы тұрады. Қатал күрестер басталады. Ақыры Қамбарлар тобы жеңіске жетеді, Қамбар сүйген қызы Назымды алып, салтанатпен өз аулына қайтады, үйлену тойы басталады, халықтың ел қамын ойлаған батырға, сол батырды адал сүйген аруға деген құрметі баяндалады.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінде сүйіспеншілікпен ертеден жыр­ланып келген Қамбар батыр мен Назым қыз жайындағы эпосты театр коллективі балет өнерінің билері арқылы, ажарлы етіп баяндай білген. Балет дегеніміз ең алдымен жастықтың өнері, сондықтан да қазақтың бұл балетінде жетекші рольдерді жас шеберлердің орындауы өте келісті болған.

Ракүл Тәжиева – қазақтың жас бишісі, ол Алматыдағы балет мектебінде оқып, тәрбиеленген. Ол ұлы орыс халқының тамаша хореография өнерінен сабақ алған. Ол алған білімін іс жүзінде пайдаға асырып, жұртшылық алдына тартып та отыр. Тәжиева жолдас сахнадағы шебер билерімен театр көрушінің алдында ел қамын ойлаған, бостандық сүйгіш батырдың серігі – Назым қыздың таза жанды, нәзік бейнелі, адал жүректі образын жасай білді. Назым кім? Ол – батырдың сүйген жары ғана емес, тар күндердегі сүйеніші де. Ол – жастықтың, сұлулықтың, қыздың жарқын көңілінің бейнесі. Театр көруші жұртшылық оны осылай ұғады, Тәжиева оны шебер билерімен осылай бейнелейді. Оның қыймылынан, әрекетінен халық тарихындағы өмір шындығының желі еседі.

Казақ халқының ескі замандағы сүйікті батыры Қамбардың рөлін балетте екі артист – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі А.Бекбосынов және Р.Оразбаев жолдастар кезектесш орындап жүр. Бұл екеуі актерлік талант жағынан әр алуан және олар кейіпкердің ішкі-тысқы бейнесінде екі түрде, бірақ әрекет мазмұны, ұстар мақсаты жағынан бір тұрғыда көрсетеді. Бұл екеуінің қай-қайсысының ойынынан да жұртшылық алдына бас кейіпкердің бойындағы негізгі қасиет көрінеді. Ол қандай қасиеттер? Олар – туған халқын сүюшілік, зұлымдыққа, хандық үстемдіктің зорлық пен зомбылығына қарсы күрес, езілген елдің мұң-мұқтажының жоқтаушысы болу. Театр көруші жұртшылық Қамбарды осылай ұғады, Бекбосынов пен Оразбаев жолдастар сахнадағы шебер қыймылдарымен, би өнерімен оны осылай суреттейді.

Бізше, Бекбосынов Қамбар әрекетін сараң көрсетеді. Бірақ соның өзінен кейіпкердің ерлігі, ішкі дүниесі, еенімі мен сезімі анық аңғарылады. Ал Оразбаевтың ойнауында ол анағұрлым жұмсак, нәзіктеу көрінеді, лирикаға бейім көрінеді. Бірақ жас күштің, тасқын қайраттың сипаты еркін байқалып отырылады. Мұның өзі өте-мөте аңшылықты бейнелейтін биден де, басқаларынан да толық байқалады. Оразбаев аңшы бейнесінде орамды, жеңіл билейді, бірақ бірсыпыра техникалық кедір-бұдырлардан да құр емес.

Жұртшылық Тәжиева, Бекбосынов, Оразбаев ойындарын зор қанағаттанғандықпен қарсы алып отырады.

Қамбар мен Назымның достары – Мұрат нен Дәметкен балетте кең орын алады. Мұраттың рөлінде – Л. Тағанов, Дәметкеннің рөлінде – К.Қарабалина мен С.Ходжаева жолдастар ойнайды. Ал­ғашқы спектакльдердің өзінде-ақ бұлар – шебер құралған топ екен­діктерін дәлелдей білді.

Тағанов классикалық бидің техникасына жетілген жас екендігін, әсіресе тасқынды, күшті, орамды ер жігіттің бейнесін билеумен еркін көрсете алатындығын білдірді. Ол аса бір күрделі «Азат болу» биін еркін, қысылмай орындады. Бірақ, сонымен қатар, ол өз рөлінің ойындық жағына көбірек көңіл аударуға тиіс екендігі де байқалды.

Дәметкен ролінде Қарабалина жолдас та көзге түсе білді. Ол әсресе кейіпкердің ішкі сезімін толық аша алған, сахнада өзін батыл, еркін ұстайды. Бірақ оның ойыны біркелкі емес. Неге? Олай болып көрінетін себебі: жас биші өзінің би өнеріне жетілу жағына жеткілікті көңіл бөлмеген. Оның орындауында алдағы уақытта, жаңа балеттерде талай Дәметкендерді көруге тиісті болған­дығы­мыздан, біз байқалған кемшілікті тезірек түзеуге оған кеңес беруге міндеттіміз. Ал Ходжаева жолдастың орындауындағы Дәметкен біраз ауырлау шыққан, оның орындаушылық шеберлігі ескі халықтық сипаттағы билерге көбірек жақын. Бірақ, соның өзінде, жас бишіде көп ізденгендік байқалады, оның зор келешегі аңғарылады.

«Қамбар мен Назым» балетін қоюда театрдың бас балетмейстері, РСФСР-дің еңбек сіңірген артисі, Сталиндік сыйлықтың лау­реаты М.Моисеевтің еңбегі аз болмаған. Ол Қазақстанның халық артисі, театрдың бас режиссері Қ. Жандарбековпен, балет­мейстер Е.Сальниковамен бірлесе отырып, жауапты жұмыс­тарды ойдағы­дай атқарған. Мұның нәтижесінде халықтың өмір шын­дығы­ның бір белесін бейнелейтін, сайып келгенде» зұлымдықты махаб­бат жеңетінін суреттейтін ұлттық балет жасалып шығып, жұртшылықтан лайықты баға алып отыр. Рас ұлттық салт-әдет­терді жетік білмеуден туған кейбір кемшіліктер де жоқ емес. Олар – алдағы спектакльдерде, іс үстінде, оңай тегістеліп кететін кемшіліктер екені де сөзсіз.

Балеттің музыкасын жазған композитор Великанов жолдас өзінің бірінші рет «Қалқаман және Мамыр» балетіне» жазған музыкасында болған кемшіліктерінен орынды сабақ ала білгенін, творчестволық жолда шыңдалып, өскендігін көрсетті. Ол бұл балетте халықтың музыкалық және әндік байлығын дұрыс пайдалала білген. Сөйте тұра, балеттің увертюрасы (кіріспесі) төмен жатқанын да айтуға тиістіміз. Бүкіл спектакль бойынан аңғарылатын көтеріңкілік, шарықтау шымылдық ашылар алдындағы кіріспе музыкадан байқалмайды, ол келешек жеңістің, кейіпкерлердің келешек тағды­рының аңғарын білдіре алмайды.

Өте-мөте прологта Қамбардың келуі, одан кейін оның Назымға кездескен көрінісі, олардың бірге билеулері тартымды етіп берілген, сол сыяқты Назымның көрген түсін бейнелейтін көріністер ұна­сымды, қызықты. Балеттің музыкасы композитордың жаңа табысы болып табылатындығы сөзсіз.

Жас дирижер Ғазиз Дугашев келешегі кең шебер екендігін көрсетті. Оның басқаруындағы оркестр коллективінің тыянақты­лығы, орындау дәлшілігі – осының бәрі сахнаға күш берді, оны ажарлы, жанды етті, артистерге сенімді таяныш болды. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі – Сталиндік сыйлықтың лауреаты, суретші А. Ненашевтың декорациясы мен костюм түрлері оқыйғаны тартымды, көрнекті ете түсті.

«Қамбар мен Назым» – театрдың үлкен табысы. Бұл – твор­честволық коллективтің алғашқы жасаған толық бағалы ұлттық балеті. Мұның өзі алдағы міндетті де белгілейді. Ол міндет – қазақ халқының өткендегі өмірінен ғана емес, қазіргі сталиндік замандағы тамаша өмірінен де жаңа, жұртшылықтың тілегіне сай балеттер жасау міндеті.

 

А. СЕЛЕЗНЕВ,
Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі