Басылым басшылары • 18 Ақпан, 2020

Басылым басшылары - Сапар БАЙЖАНОВ (1930-1999)

923 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сапар Байжанов 1930 жылы Жамбыл облысының Шайқорық ауылында туған. Еңбек жолын 1947 жылы Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылындағы орта мектептiң мұғалiмi болып бастады, содан кейiн Кеген аудандық Халық ағарту бөлiмiнiң инспекторы болып жұмыс iстедi.

1952 жылы ҚазМУ-дың журналистика бөлiмiн бiтiрдi. 1950 жылы университетте оқып жүрген кезiнде  «Лениншiл жас» газетiне әдеби қызметкер болып қабылданды, мұнда 1958 жылға жейiн бөлiм меңгерушiсi, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерiн атқарды.

Басылым басшылары - Сапар БАЙЖАНОВ (1930-1999)

1958-64 жылдары  «Мәдениет және тұрмыс» журналында алдымен редактордың орынбасары, кейiн бас редакторы болып жұмыс iстедi.

1965-73 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң насихат және үгiт бөлiмiнiң нұсқаушысы, баспасөз секторының меңгерушiсi, бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары қызметтерiн атқарды.

1973 жылы  «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторлығына тағайындалды. Бұл қызметте 11 жыл жұмыс iстедi. Осы жылдары ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң мүшесi, Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы, КСРО Журналистер одағы басқармасы төрағасының орынбасары болып сайланды.

1984 жылдан 1994 жылғы зейнет демалысына шыққанға дейiн республика Бас архив басқармасының бастығы болып iстедi.

С.Байжановтың сiңiрген еңбегi Халықтар достығы, Құрмет Белгiсi ордендерiмен, медальдармен, республика Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет грамоталарымен атап өтiлдi. Оған  «Қазақстанның еңбек сiңiрген қызметкерi» атағы берiлген. Ол – Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесi.

С.Байжановтың шығармашылық мұрасы романдардан, пьесалардан, сондай-ақ, аудармалардан тұратын жиырмадан астам көркем шығарманы құрайды. 1974 жылы оның  «Үш қиян – үш даңғыл» очерктер кiтабы КСРО Журналистер одағының сыйлығына ие болды. Соңғы жылдары көбiне архивтiк зерттеулермен айналысып, көптеген тарихи мәлiмет пен құжаттарды ғылыми айналымға ендiрдi. Оның  «Архив – айғақ» кiтабы Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықты алса,  «Абай және архив» туындысы Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықпен атап өтiлген.

С.Байжанов жан-жақты бiлгiр адам, еңбекқор да адал басшы, адамдарға ықыласшыл да сезiмтал.