Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

Жасөспірімдер арасындағы суицидте төрт аймақ көш бастап тұр

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда «Қазақстан жасөспірімдері арасындағы суицидті алдын алу» мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

Жасөспірімдер арасындағы суицидте төрт аймақ көш бастап тұр

Қазақстан соңғы 10 жылда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы шепте тұрғаны белгілі. Алматыда Just Support жекеменшік қорының мамандары осы мәселені шешу үшін 2016 жылдан бастап апробациядан өтіп, жүзеге асырылып жатқан тұғырды дайындап шығарған болатын. 2019 жылдан бастап Just Support ЖҚ «Әрекет» гранттар байқауының арқасында Soul Games жобасын іске қосты.

Бесінші жыл қатарынан жасөспірімдер арасындағы деструктивтік жүріс-тұрыс, соның ішінде суицид мәселесін шешумен айналысып келе жатқан JustSupport қорының атқарушы директоры Светлана Богатырева төмендегідей мәселелерді мәлімдеді.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша 2019 жылы кәмелет жасқа толмағандар 180 суицидті жасап, 351 мәрте өзіне қол жұмсау әрекетіне барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға жоғары, дегенмен, жалпы көрсеткіштер 5 жыл бұрынғы жағдайдан төменірек.

Соңы қайғылы аяқталған суицид көрсеткіші бойынша Түркістан (38), Алматы (27), Жамбыл (16) және Шығыс Қазақстан (14) облыстары көш бастап отыр.

Өзіне қол жұмсауға әрекет етуде ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан (54), Түркістан облыстарында (43) және Астана  қаласында (42) байқалып отыр.

Алматы қаласы бойынша 7 суицид өліммен аяқталып, 26 әрекет жасалған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға төменірек. Мектептердің, мемлекеттік органдардың және ҮЕҰ-дың суицидті алдын алу бойынша жұмысы бірте-бірте біздің қаламызда өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады.

«Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы психологиялық күймен байланысты. Бұл мәселемен мектептегі психологтар тиімді жұмыс істей алады. Біздің қор психологтардың суицидпен тиімді жұмыс жүргізуі үшін қажетті бүкіл дағдыларды үйрету мақсатында оларға арнап біліктілікті көтеру бағдарламасын жасап шығарды. Өкінішке орай, бұл білімдерді жоғарғы оқу орындарында оқытпайды. Біз Израильден сарапшыларды тартып, қазіргі таңда отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс жасауға арналған апробацияланған авторлық бағдарламаны жасап шығардық, оны Алматы қаласының мектептерінде тарата бастадық. Қазір 30-ге тарта мектеп қамтылды. Біз мектеп психологтарына арнайы сабақтарды – ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған топтарды жүргізуді үйретіп жатырмыз. Бұл топтарда балалар үшін де, ата-аналар үшін де толығымен тегін көмек көрсетіледі. Өткен жылы біздің осы тұғырымызға Шығыс Қазақстан облысының басқармасы қызығушылық танытып, онда бағдарламаны ендірудің бірінші кезеңі аяқталып қойылды.

Тұрақтылықты сақтап, мектептерде осындай жұмысты жүргізуді жалғастыру үшін біздің қор Soul Games атты әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына бастама берді. Өткен жылдың тамызында біз Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры өткізген «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған гранттар байқауында 25 жеңімпаз қатарына қосылып, грант алдық. Осы грант арқасындажоба жүзеге асырыла бастады. Samruk-KazynaTrust қоры бізге, грант алушыларға арнап білім беру жағынан көптеген істі атқарып отыр, оқыту семинарлары өткізіліп, кеңес беріледі. Яғни біз жобаны жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікке үйренеміз.

Біздің психолог мамандар жасөспірімдерге арнап психологиялық квестерді дайындап өткізіп жатыр, сондай-ақ, біз үстел ойынын өткіземіз. Отбасылар өздерінің тұрғылықты жерінде  қолжетімді сапалы көмекті алуы үшін осы коммерциялық өнімдерді сатудан түскен қаржы мектеп психологтарының біліктілігін көтеруге бағытталып жатыр.

Soul Games жобасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап қызмет етіп келеді және осы уақыт ішінде біз 20 маманға арнап Алматыда біліктілікті көтеру курсын өткізіп, олар 500-ге жуық отбасыға көмек көрсетті. Сондықтан біз жұмысымызды жалғастыруды көздеп отырмыз», дейді Светлана Богатырева.

Венера Коканова, Алматы қаласы Білім беру басқармасының әдіскері: «Мен Just Support қорының ұсынып отырған мектептердегі біліктілікті және жұмысты көтеру бағдарламасымен 2018 жылдан бастап таныспын, өзім ол бойынша тренингтен өттім. Оны жасөспірімдер мен ата-аналарға іс жүзінде пайда әкелетін тиімді бағдарлама деп есептеймін. Дайындықтан өткен мамандар жұмыс жасайтын мектептерде осы уақыт ішінде суицид жасап көру әрекеттері орын алған жоқ. Педагогтар бағдарлама нәтижесі бойынша балалардың 40%-ы алғашқы екі айда айтарлықтай өзгеріп, қалғандары бақылауда жүретіндігін атап өтуде. Мен педагог-психологтарға арналған оқуды ұйымдастыру үшін көмек көрсетемін, көктемгі демалыстарда тағы 2 топты іске қосуды жоспарлап отырмыз» деді.

Өз кезегінде Алматыдағы №60 гимназиясының педагог-психологы Ольга Солоненко: «Бұл қормен 2017 жылдан бері ынтымақтасып келеміз. Дәл сол уақытта біз «Ата-аналар тобын жүргізу және жасөспірімдермен жұмыс істеу» бағдарламасын апробациялап, қазір ол бойынша өз мектебімізде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мен мұндай көмек ата-аналарға қажет екендігін көріп отырмын, ең бастысы, балалар жақсы жаққа өзгеріп келеді. Уысымыздан баланы шығарып алған оқиғалар есімде, бағдарламадан өткен соң, бала қалпына келіп, өзін жақсы сезініп, мектепке келе бастайды. Жасөспірімдерге олар үшін жақын үлкенмен қатынас құру аса маңызды. Біз сондай қатынасты отбасында қалпына келтіруге, ата-аналарға өз баласына арқау мен тірек болуға көмектесеміз. Отбасы ғана жасөспірімдер арасындағы мәселелерді шешуге, соның ішінде суицидті алдын алуға арналған ең маңызды фактор болып табылады. Ал егер отбасы тіптен деструктивті болса, оған ешқандай ықпал жүрмесе, онда балаларға арнап жасөспірімдер тобы қарастырылған. Ондай топтарда бала үшін жақын әрі қолдаушы ересектің рөлін психолог ойнай бастайды», - деді.