Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

«Жас кәсіпкер» – жемісті жоба

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада былтыр «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1100 жас оқып, олардың 943-і оқуды аяқтағандығы, 157-сі оқуға қатысқандығы жөнінде сертификатқа қол жеткізді. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлайды.

«Жас кәсіпкер» – жемісті жоба

Комиссия алдында жобасын сәтті қорғап шыққандарға оқуды аяқтағандығы туралы сертификат беріледі. Ал жобаға қатысқанымен бизнес-жоспарын қорғай алмағандар оқуға қатысқандығы жөнінде сертификат алады. Өткен жылы жобасын сәтті қорғакан 578 жастың жобасы 301,9 млн теңгеге қаржыландырылды. Олардың бесеуі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несиеге ие болса, қалғандарына «Еңбек» бағдарламасы аясында грант берілді, - дейді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Салтанат Шоникова.

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында білімін жетілдіріп, кәсібін бастағандар қатарында Қызылорда қаласының тұрғыны Өміртай Әбен де бар. Кәсіп бастамақ болған ол алғашында өз күшімен көлік жөндеу орталығын салады. Алайда қажетті құрал-жабдықтар алуға қаржысы болмай қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңесімен «Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға өтініш білдіріпті.

Өміртай кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес-тренерлерден кәсіпті жүргізудің қыр-сырына қанығады. Жобасын қорғағаннан кейін алдымен 505 мың теңге грантқа қол жеткізеді. Одан кейін «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 5 млн.теңге несие алып, көлік жөндеу қызметіне қажетті жабдықтарды алады. Бүгінде жас кәсіпкер 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта көрсететін қызмет түрлерін кеңейтуді де жоспарлауда.