Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Е. Біртанов Жапония жағалауында жабық лайнердің бортында қалған қазақстандықтар жайлы айтты

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жапония жағалауында жабық лайнердің бортында қалған қазақстандықтардың денсаулығы жайлы ақпарат берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Е. Біртанов Жапония жағалауында жабық лайнердің бортында қалған қазақстандықтар жайлы айтты

«Біз Жапонияның денсаулық сақтау министрлігімен байланысып отырымыз. Олардың мәліметінше, қазіргі сәтте олардың сырқаттанғаны туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар біздің азаматтармен де тікелей байланыс бар. Олардың жағдайы жақсы, араларында науқас жоқ. Қазір біз Сыртқы істер министрлігімен біздің азаматтарды Қазақстанға қайтару бойынша мәселені пысықтап жатырмыз», — деді министр.

Сонымен қатар Е. Біртанов журналистердің мемлекеттік бюджеттен коронавируспен күресуге бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатысты сұрақтарына жауап берді.

«1 млрд теңгеге жуық қаражат санитарлық қызмет аясында медициналық қамсыздандыруға және санитарлық қорғауға жұмсалады. Ол – қорғаныш материалдарын, жеке қорғаныш құралдарын, зертханалық және диагностикалық құралдарды, кейбір жабдықтарды, оның ішінде тепловизорларды сатып алу және азаматтарды эвакуациялау. Қаржының бір бөлігі өңірлерге көмек ретінде, яғни, жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының қосымша өтінімдері бойынша медицина қызметкерлерін қорғауға, жергілікті ауруханаларды және емханаларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге бөлінді. Тағы бір бөлігі басқа мемлекеттік органдарды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталды», — деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі. 

Өз кезегінде, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А. Смадияров карантин аяқталған соң Жапониядағы лайнер бортында қалған қазақстандықтар өз беттерінше үйлеріне орала алатынын айтты. 

«Кемеде карантин режимі жарияланғандықтан, әрине, қозғалыс шектелген. Олар өздерінің каюталарында жатыр, барлық қажетті медицина құралдарымен, сондай-ақ толыққанды тамақпен қамтамасыз етілген. Біз олармен үнемі байланысып отырмыз. Карантин аяқталған соң, адамдар құрлыққа түсірілген соң тағы бір тексеруден өткізіледі. Жапония билігі әрбір адамды тексеруді ұйғарып отыр. Егер біздің азаматтардан коронавирус анықталмаса, олар өз бетінше отанына қайта алады», —  деді А. Смадияров.