«Бакудегі әлем кубогі қарсаңында Әзербайжанда оқу-жаттығу жиындарын өткізген едік. Бұл жиынның пайдасы тиді. Бізбен бірге массажшы мен дәрігер де барды. Жалпы алғанда, гимнастардың көрсеткіші жаман емес. Данил Мұсабаев жекелей сында 15-ші орыннан көрінді. Оған финалға өту үшін сәл ғана ұпай жетпей қалғанын айта кету керек. Бірақ жалпы есепте жақсы ұпай жинадық. Енді лицензия үшін таласты одан әрі жалғастырамыз. Алдымызда Италияда өтетін әлем кубогі кезеңі бар. Бұл бәсекеде ұпайды молайтуға тырысатынымыз анық. Данил Мұсабаевтің лицензияға қол жеткізетін мүмкіндігі бар. Ол тізесінен алған жарақатына байланысты біраз турнирден сырт қалды. Бүгінде спорттық бабына еніп келеді. Жаңа әрі қиын комбинациялар қосты. Жоғары орындардан көрінуге болатынын Бакуде түсініп, өзіне деген сенімін арттырып келеді. Италиядағы кубоктік кезеңде Мұсабаев жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін», - дейді бас бапкер.
Гимнаст Данил Мұсабаевтың айтуынша, әлем кубогі кезеңдерінде алғашқы отыздыққа енген спортшылар ұпай жинайды. Ал синхронды секіру Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, рейтингілік ұпайлар қосылмайды.
«Бакудегі әлем кубогі кезеңін мен үшін сәтті өтті десем болады. Өйткені, синхронды секіруде Пирмаммад Алиев екеуміз қола жүлдегер атансақ, жекелей сында 15-ші сатыға тұрақтадым. Кубоктік кезеңдерде алғашқы отыздыққа енген гимнастарға рейтингілік ұпай беріледі. Әлем чемпионаты арқылы Олимпиадаға жолдама алған төрт спортшыны есепке алмасақ, ұпай санының жоғары екенін анық. Әлем кубогінің бес кезеңі аяқталған соң, рейтинг бойынша лицезиялар үлестіріледі. Енді Италиядағы әлем кубогі қарсаңында Грузияда дайындаламыз. Меніңше, Токио ойындарына жолдама алатын жақсы мүмкіндік бар. Тек қатесіз жұмыс істеп, алға басу қажет», - дейді Данил.
Италиядағы кубоктік кезең сәуір айына жоспарланған.