Өнер • 19 Ақпан, 2020

Театр жылынан не күтеміз?

1151 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елордада Театр жылы басталды. Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқарма­сы­ның ұйытқы болуымен биыл бас шаһар ресми түрде театр қаласы болып жария­ланды. Осыған орай Жастар театрының «Ақжелкен» мәжіліс залында сахна саласы мамандарының қатысуымен «Театр диалогы» клубының тұсау­кесері өтті.

Театр жылынан не күтеміз?

 

Сахнаға соны серпіліс керек

Астанада Театр жылы жа­рия­лана­тындығын сүйіншілеген ақжолтай хабарды естігеннен-ақ көңіл түкпірінде қуанышпен қа­тар үлкен үміттің де орнай кеткені рас. Өйткені әу бастан-ақ сындарлы саяси сипат қалыптастырып үлгерген бас шаһардың мәдени орталыққа айналуға да ұдайы талпыныс жасап, ұмтылуы енді шын мәнінде өз шырқауына жетіп, заманауи театр өнерін өркендетуге бағытталған сапалы жұмыстардың басы болатындығына сендірген. Ойымызды Мәдениет басқарма­сының басшысы Нұрлан Сыдықов қуаттады.

– Былтыр жыл соңында әріп­тес­терімізбен отырып, театр мәсе­лелері төңірегінде келелі кеңес өткізіп, 2020 жылды Нұр-Сұлтан қаласында Театр жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадық. Рас, биыл еліміз үшін мерейтойға толы жыл болып отыр. Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығынан бастап, Әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, Ата Заңымыздың 25 жылдығы сынды айтулы мерейтойлық даталарды абыроймен атап өтудің өзі жеңіл жүк емес. Әйтсе де осындай үлкен мерейтойлармен қатар елорда төрінде
театр жылын өткізуді ойға алып отырмыз. Жалған ұран, жалаң сөздің жетегінде кетпей, театрды шын мәнінде жаңа белеске көтеретін нақты, жүйелі жоспар, мақсаттарға негізделген мазмұнды, мағыналы бастамаларды қолға алып, соны жүзеге асырғымыз келеді. Өздеріңіз жақсы білетіндей, мәдениет саласы өте кең, ауқымды сала. Бірақ соның ішінде театр – өнер­дің шыңы, тәжі саналады. Оған Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев та халыққа Жолдауында ерекше көңіл бөліп, жаңа жылдан бастап театр саласы мамандарын ай­рық­ша қамқорлыққа алып отыр. Осы бастаманы біз де нақты іс жү­зінде жалғастырғымыз келеді. Бұл ең әуелі сахна сала­сы қызметкерлерінің шығарма­шы­лық ізденісіне соны серпіліс сыйлайды деп сенеміз. Бүгінгі тұсауы кесілген «Театр диалогы» клубы жыл бойы атқарылуы жоспарланып отырған жұмыстарымыздың алғашқы баспалдағы десек болады», деген Мәдениет басқар­масының басшысы Нұрлан Ербо­лат­ұлы жиналысты ашып беріп, «Театр диалогы» клубының тұ­сауын кесті.

«Театр диалогы» – өнер әлемінің өзекті, кезек күттірмейтін өткір мәсе­лелері талқыға салынып, оңтайлы шешімін табудың нақты жолдары қарас­тырылатын ашық пікірталас алаңы. Театр мамандарынан арнайы жасақталған клубтың алғашқы бас­қосуына мемлекеттік және жеке театр­лар басшылары, актер, режиссер, драматургтер мен театр сыншылары қатысты.

Басқарма басшысы атап өткендей, бұл жылдың  елорда төрінде «Театр жылы» болып жариялануы бас қала­мыздың рухани өміріне де, театр қыз­­меткерлерінің шығармашылық шабытына да үлкен серпіліс сыйлайды деп күтілуде. Өйткені театр бар жерде тәрбие де, ұлттық идеология да қатар жүреді. Ал тарихы ширек ғасырға жуық­таған ел астанасын жас­тар қаласы дейтін болсақ, өскелең ұрпақтың ұлттық рухта тәрбие алып, жан-жақты жетілген, көкірегі ояу, көзі ашық, мәдениетті, зиялы Абай атамыз айтатын «Толық адам» болып қалыптасуында театрдың алар орны да, рөлі де зор. Осы орайда Театр жы­­лын жалған ұран мен «бекі­тіл­ген жоспарды орындадық» деп есеп беру үшін ғана желеу етпей, елорда төрінде шын мәніндегі сапалы сахна өнерін, театр мамандары мен көрермендерін тәрбиелеудің қуатты тетігіне айналдыруға күш салуымыз қажет. Оған сөзсіз, «Театр диалогы» клубының ықпалы зор болмақ.

 Театр мамандары тапшы

Театр әлемі көрермен үшін сырттай сұлу, көркемдік үлгісіндей көрінгенімен, шығармашылық жұмыстың да қым-қиғаш қиындығы жетерлік. Соның негізгісі – тікелей репертуар мен кәсіби білікті маманға келіп тіреледі. Қазақ театрларының, әсіресе көп ақсайтын тұсы осы. Об­лыстық театрларды айт­пағанда, рес­публикалық маңызы бар қалалар театрларының өзі режиссер, жарық пен дыбыс беру, гримм, сценография саласы мамандарына зәру. Соның салдарынан да тұтас театр сапасы солғын тартып жатады, өкінішке қа­рай. Театр жылының бұл түйткілдің түйі­нін шешуге қаншалықты қауқары бар деген сауалымызға Мәдениет бас­қармасы басшысының орынбасары Бақытжан Пазылхайыр жан-жақты тоқталып өтті. Мәдениет басқармасы ресми өкілінің сөзіне сенсек, елорда театр­лары үшін 2020 жыл аса табыс­ты болғалы тұр. Баяндамашы атап өткендей, бас шаһар театрлары жа­ңа заман талабына сай сапалық һәм көр­кемдік тұрғыдан жаңаша түрленуі қажет. Өйткені театр – тәрбие мен идео­логияның басты құралы. Бүгінгі таңда театрлардың соны, заманауи бағыттағы  сапалық, мазмұндық тұрғыда өсуі кезек күттірмейтін мәселе болуы тиіс. Елорда театрларына соны серпіліс керек. Ол ең әуелі сахна мамандарын даярлаудан басталады. Сондықтан да театр қызметкерлерін, әсіресе техникалық сала – жарық пен дыбыс беру, сценография мамандарын шетелге оқуға жіберіп, әлемдік деңгейдегі білікті мамандардан тәлім алып, озық театр ұжымдарымен кәсіби тәжірибе алмасу жағына пәрмен берілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ театрлардың жар­намасы мен жалпы имиджін жаңа сатыға көтеру үшін өнер ошақтарының жарнама менеджерлерін де кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шетелге оқуға жіберу мәселесі қарастырылып жатқандығын атап өтті.

Жас драматургтер ынталандырылады

Театр барда репертуар мәселесі де өзекті. Олай дейтініміз, мазмұнды, сапалы, сан тарапты репертуар театр жұмысының алға басуының басты алғышарты. Репертуардың сапасы тікелей драматургияға келіп тіреледі. Ал драматург тапшылығы ықылым заманнан-ақ күн тәртібінен түспей келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі. «Сахнаға арнап шығарма (пьеса) жазатын қаламгер жоқ» деген желеумен классикалық шығармалар мен аударма пьесаларға тым-тым жиі арқа сүйегіш өнер ұжымдарының репертуар­лары бүгінде заманауи мәселелерді қозғап, замандас бейнесін сахнаға шы­ғаратын сапалы туындыларға зәру. Осы түйткілдің түйінін шешу үшін де Мәдениет басқармасы алдын ала жан-жақты, тыңғылықты ізденіп, мә­селені оңтайлы шешу үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға тастады. Соның негізгісі – Театр жылы аясында жас драматургтер бай­қауын ұйымдастыру. Жүлдегер атанған шығарманы міндетті түрде бас қала театрларында сахналануына тікелей мұрындық болу. Сол арқылы театрдың да, драматургтердің де мәсе­лесін оңтайлы шешу. Одан бөлек, елорда күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан халықаралық театр фести­валінің сапалық та, мазмұндық та, географиялық та ауқымын кеңейтіп, білікті мамандардың басын бір шара аясында қосу, шеберлік сабақтарын өткізу. Сол арқылы фестивальға қаты­сушы  облыстық театрлардың да кәсіби білік­­тілігін арттыруға жағдай жасау. Ең бастысы Театр жылы аясында өткізілуі жос­парланған мәдени шара­лардың бар­лығы да елорданың мәдени имид­­жінің қалыптастыруына қызмет етуі тиіс.

– Бас қаламыз қай жағынан келгенде де өзге облыстарға үлгі болуы керек. Осы мақсатта маусым айында VIII халықаралық «NUR-SULTAN» театр фестивалін өткізу жоспарланып отыр. Бұл өнер думаны биыл өзгеше сапалық деңгейге көтеріліп, мазмұндық тұрғыдан барынша байытыла түспек. Әлем театрларының үздік қойылымдарын тамашалау, әріптестер арасында шығармашылық байланыс орнату өз алдына, сонымен қатар әртіс­тер мен режиссерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бірқатар ағартушылық, танымдық жұ­мыстар да атқармақ ниетіміз бар. Болашақта бұл фестиваль респуб­ликамыздың өзге облыстары ғана емес, әлем таңғала көз тігер, әрбір шы­ғар­машылық қадамын қадағалар ас­танамыздың мәдени брендіне айналады деп сенеміз, – деді Нұр­лан Сыдықов.

   Жаңа театр ашылады

Жиналыста жария болған тағы бір жағымды жаңалық – Театр жы­лы аясында елорда төрінде 7−14 жас ара­лы­ғындағы көрермендерге ар­нал­ған жас­өпірімдер театры ашылады. Нұр-Сұл­тан қаласында опера мен балет,  драма, қуыр­шақ театрларын қоса есептегенде жалпы 16 театр­ көрерменге рухани қызмет көр­се­теді екен. Аудитория ерекшелігін ес­кере отырып зерделегенде, 3−7 жас ара­лығындағы балдырғандарға арналған қуыр­шақ театры мен 16 жастан жоғары көрер­мендерге арнап спектакль қоятын Жас­тар театры репертуары ортасында үл­кен аралық қалып қойған. Ол – 7−14 жас аралығындағы көрермендер танымына сай жұмыс істейтін театр. Күн сайын түлеп, түрленіп келе жатқан бас шаһардың мәдени өміріне сындарлы серпіліс сыйлар бұл бастама жас жет­кіншектерді жан-жақты, зиялы азамат етіп тәрбиелеуге қыз­мет ететіндігіне де Нұр-Сұлтан қа­ласы Мәдениет бас­қар­масының басшысы айрықша тоқ­талып өтті. Сондай-ақ Нұрлан Ер­болатұлының мәлімдеуінше, биыл Театр жылы һәм Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында жазушы, драматург,  актер, суретші және тағы да басқа шығармашылық сала мамандарының басын бір орталықта тоғыстырып, жүйе­лі жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Абай орталығы» ашылады деп күтілуде. Одан бөлек,  27 наурыз халықаралық театр күніне орай елорда театрлары арасында шығармашылық байқау өтіп, үздік жұмыстар мен жетек­ші актерлерге тұңғыш рет «Сахна саң­лағы» театр сыйлығы табысталатын болады. Өнер әлемінің өркендеуіне үлес қосып, сахна саласы қызметкерлерінің шығармашылық ізденісіне шабыт пен серпіліс сыйлап, көркемдік һәм сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтеруді көк­сеген Театр жылынан күтеріміз көп.

 Оқиғаға орайлас ой

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қ.Қуа­­ныш­­баев атындағы акаде­мия­­лық қазақ музы­калық драма теа­тры­­ның көр­кем­дік жетек­шісі:

– Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында бол­ғанымда, театрға қатысты біраз түйт­­кілді мәселелерді сөз еттік. Мем­­лекет басшысының өнерге де­ген­ үлкен жанашырлығын сезініп шықтық. Президенттің ол көңілі, өнер адамдарының еңбегіне деген құрметі, ниеттестігі Қазақстан хал­қына жолдаған Жолдауында да ай­қын аңғарылды. Мемлекет тарпы­нан көрсетіліп жатқан осындай қам­қорлыққа өз алғысымызды білдіре отырып, енді алдағы шығармашылық жұмыс сапасын арттыруды да ойға алып, сол жолда еңбектенсек дей­міз. Биылғы Театр жылы соған толық­қан­ды мүмкіндік береді деп сенгіміз келеді.

Театрдың негізгі тірегі – актер, режиссер, драматург дегенімізбен, осы алып үш тағанның  шығармашылық қиялын ақиқатқа айналдырып, сах­наға шығаруға септесетін тағы да бір­қатар маңызды мамандықтар бар. Олар­дың қатарына – сахна суретшісі, гримм мамандары және бүгінгі таң­да үлкен сұранысқа ие жарық қою режиссерлері мен дыбыс беру шеберлері енеді. Қазіргі заманауи театр өнері осы мамандықтарға көп салмақ салып, үлкен жауапкершілік артып отыр. Сондықтан да сахнаның техникалық саласындағы суреткерлер жұмысының сапасын арттыру, кәсіби ізденісін жетілдіруге көбірек көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Бүгінгі жиналыста да Мәдениет басқармасы тарапынан театр мамандарын заманауи театр талаптарына сай даярлау мәселесі жақсы көтерілді. Енді бұл ұсынысты тек шетелдік тәжірибемен байланыстыра бермей, өзіміздің жоғары оқу орындарымызда да сондай сапалы маман тәрбиелеп шығуға күш салуымыз керек. Сонда төл театр өнеріміздің көсегесі көгереді.

Одан кейін театр жаңалықтары мен өнер жайлы жалпы сын-сараптамалар жүйелі түрде жарияланып отыратын арнайы театр журналын шығаруды да қолға алу керек. Алысқа бармай-ақ, Мәскеуде шығатын «Театральная жизнь» журналын алып қарайық. Театр тынысын сол басылым арқылы толық сезіп, біліп отыруға болады. Өнерді өркендетеміз десек, бізге де осындай таза театр тақырыбы көте­рілетін ақпараттық-танымдық һәм са­рап­тамалық бағыттағы журналды шығаруға көңіл бөліп, соған барынша күш салу қажет.

                                                                                                

Роза МҰҚАНОВА,

жазушы-драматург:

– Сырттай жайбарақат көрін­генімен, театр әлемінің  шешімін тап­паған қиындықтары көп. Оны театр ішінде жүрген адамдар жақсы сезінеді, біледі. Және оның барлығы бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Мәселен, сөз берілгеннен кейін мен драматург ретінде қаламгерлердің авторлық құқығы жөнінде айтқым келеді. Қа­зақстан театрларында әлі күнге дейін драматургтің қаламақы мәселесі ше­шіл­мей келе жатыр. Театрдағы дирек­тордан бастап, еден жуа­тын адамға дейін еңбекақысы қаралған, ол мәселе шешілген. Ал сахнада қойылатын драма­тургтың шығармасының қа­лама­қысы қаралмаған. Неге? Оны кім қадағалайды? Осы мәселе тіпті Мәдениет туралы Заңда да көрсетілмей отыр. Соның салдарынан қазір драматург қаламақысына байланысты бейберекетсіздік толастамай келеді. Әр театр қала­ма­қыны драматургтің беделіне, абыройына, жекелей таныс­тығына қарай береді. Осы мәселе бір жүйеге қойылса деген тілегім бар. Дра­матургтердің авторлық құқығы заң жүзінде бекітілсе, қаламақы сол негізде төленсе, қаламгерлердің де театрға арнап шығарма жазуға құлшынысы артар еді. «Жазатын драматург жоқ» деп біздің тарапқа айтылатын сынды жиі естіп жатамыз. Драматург жазуы үшін ең әуелі шығармашылық еңбек лайықты деңгейде бағаланып, ынталандырылуы керек. Сонда жақсы дүние туады. Өздеріңіз білетіндей, әдебиет жанрларының ішіндегі ең күрделісі – драматургия. Жөнді пьеса болмаса, театрдың репертуарлық саясаты ақсайды. Аударма пьесалар театрға мәңгілік азық бола алмайды. Бәрібір түбі төл шығармаларына айналып соғады. 

Екінші айтайын деген мәселе – театр сахналарында қойылып жат­қан спектакльдерді таспалап, алтын қор­ға қалдыру жайы. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде де мәселе көтеріп жаздық. Нәтижесінде, «Ел Арна» телеарнасы театрлардың спектакльдерін сапалы түрде түсіріп алып, әр апта сайын экраннан беріп жатыр. Осы бір жақсы үрдіс тоқтамаса екен. Өйт­кені бұл – біздің тарих. Қазір білін­беуі, сезілмеуі мүмкін. Бірақ мұның бар­лығы ертең баға жетпес құнды қазы­наға айналады.

 

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі:

– Айтылып, көтеріліп жатқан мәсе­ленің барлығы дұрыс. Бәрі орынды. Бірақ осы тұста мені бір-ақ нәрсе қинап тұр. Ол – жастарымыздың әлеуметтік мәселесі. Астананы жастар қаласы деп жатырсыздар ғой. Бірақ сол жастардың жасын 29 жаспен шектеп, көп мүмкіндіктен айырып жатқан сияқтымыз. Мен өзім де педагогпын, ұзақ жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз, режиссер ретінде айтсам, жастарымызды «жас» дейтін қатардан тым ерте шығарып жіберіп жатыр­­мыз-ау­ деген ой мазалайды. Неге? Өздеріңіз ойлап кө­ріңіздерші, жоғары оқу орнын тәмамдап, дип­ломын қолына алып, театрға бірден жұмысқа орналасты деген күннің өзін­де ол 22-23-ке келіп қалады. Одан әрі үлкен сахнаға үйреніп, өзін кәні­гі маман ретінде дәлелдеймін деп жүр­генінде қалған 5-6 жылдың қалай өтіп кеткенін тіпті де сезбей қалады. Сөйтіп өзін енді тауып, кәсі­би маман ретінде қалыптастырып, атақ пен мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмектерге үміт­кер ретінде ұсына бергенде, 29 жасқа то­лып, жастарға беріліп жатқан жеңілдіктерден қағылып жатады. Мәселен, өзім іргесін қалаған Жастар театры актерлерінің  99 пайызы жастар. Солардың ең үлкені 35 жаста ғана. Бірақ олар қазіргі бекітілген жас өлшемі бойынша жастар санатына кірмейді. Қарттар қатарына және қоса алмайсың. Сөйтіп не әрі емес, не бері емес жағдайда қалды. Бұл бір ғана театр емес, барлық сала қызметкерлеріне қатысты мәселе деп ойлаймын. Сондықтан жастық кезеңді 29 жас деп қысқа қайырмай, әлемдік стандартқа сай тым болмаса 35-ке дейін ұзартса, жастарымыз үшін үлкен қолдау болар еді. Бүгінде көп жастар үйленбей, бойдақ жүрсе, оның да бір ұшы осы әлеуметтік жағдайға келіп тірелетіні сөзсіз.