Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өткен аптаның соңында банк секторын қолдауға Ұлттық қордан қанша ақша бөлінгенін және оның қайтарылу кестесін тұңғыш рет жария түрде мәлімдеді. Сарапшылар бұл факторға «екі тараптың бір-бірімен ажырасу үрдісі» деп баға берді.
Ұлттық қор мен банктер арасындағы интервенция 2008 жылы басталды. Сол жылдардағы көмек жаһандық дағдарыстың теріс салдарын азайту үшін мемлекетте банк құрылымын түзуші төрт банкке берілген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, банк тарихына «таңдаулы төрттік» болып енген төрт банктің акциясын сатып алуға 476,1 млрд теңге бөлінді, бүгінге дейін оның 415 млрд теңгесі қайтарылған. «Берілген қаражат пен қайтарылған сома арасындағы айырмашылық БТА банкінің активтері мен міндеттемелерін екі қайта құрылымдау нәтижесінде пайда болды» деп түсіндірді агенттік өкілдері.
2017 жылдан бастап Қазкомды қалпына келтіру шеңберінде проблемалық кредиттер қоры (ҚКБ) БТА Банкінің проблемалық активтерін сатып
алды.
Алынған қаражат есебінен бұл қаржы институты (БТА) Қазком алдындағы 2,4 трлн теңге қарызының өтеуін жүргізді. ҚКБ-ны сауықтыру және оны кейіннен халықтық қорға қосу салымшылар мен өзге де кредиторлардың 4 трлн теңгесін сақтауға мүмкіндік берді. 2017 жылдан бастап мемлекеттің қолдауына лайықтылар тізімі тағы бір банкпен толықты. «Неге 5 банк, өзгелер ше?» деген сұраққа Ұлттық банк өкілдері «олардың үлесіне несие қоржынының 30%-дан астамы және салымшылардың, квазимемлекеттік сектордың депозиттерінің 25 пайызы кіреді» деп түсіндірген.
Ұлттық қор осыдан 19 жыл бұрын, 2001 жылы құрылып, 2009 жылға дейін пайдаға жұмыс істеді. Сол жылдары Ұлттық қордың жинағы 77,2 млрд долларға жетті. Кейінгі жылдарда Ұлттық қордың қаржысы азая берді. Үкімет қаржылық жағдайын жақсарту үшін екінші деңгейдегі «дімкәс» банктерге үсті-үстіне Ұлттық қордан қомақты қаржы бөліп отырды. Қазір Ұлттық қордағы қаржы – 58,2 млрд доллар. Жоспар бойынша биыл 90 млрд доллар болуы тиіс еді. «2020 жылдың қаңтар айының соңында Ұлттық қордың активі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға кеміді» деген ақпаратты Ұлттық банктің өзі таратты.
Биыл Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,4%-ға азайып, 30,6 млрд долларды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 31,3 млрд долларға тең еді.
Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев ақпан айының басында қазақстандық банктер қолдауға бөлген қаражаттан пайда көретінін, Ұлттық қор мен бюджеттен миллиардтаған соманы бағыттаудың мақсаты қаржы секторын сауықтыру және қаражатты экономикаға бағыттауға тиіс екенін, экономиканы несиелендірудің жағдайы мен шарттары экономиканы да, шағын және орта бизнесті де қанағаттандырмайтынын тілге тиек етті. Бұл пікірді кезінде Ұлттық банкті басқарған Ораз Жандосов та қолдады. «Үкіметтің қолында банктердің қарызды қашан қайтаратыны туралы арнайы кесте барын енді білдік. Бұл ақшаны қайтарумен кім айналысады? Оны бақылау кімнің құзыретінде? Ақшаны кім қайтарады, қалай қайтарады? Қайтарылған ақша қайда жұмсалады?» деген сұрақтарға жауап болуы тиіс» дейді Ораз Жандосов. Ұлттық банк те, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де банктер ақша қайтарады дегенді өткен аптадан бастап жұқалап айта бастады. Қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымынша, екі тараптың арадағы алыс-беріс туралы туралы есеп беруі бір-бірінен ірге бөлуінің басы. Банктерді жеке-меншіктің қарауына беру саясаты өзін-өзі ақтамады. Себебі не дейсіз ғой? Экономиканың 60 пайызы – мемлекеттің қолында. Ал экономиканы қаржыландыруы тиіс банктердің 100 пайызы жекенің қолында. Қаржыгер сөз арасында кез келген инвестор белгілі бір салаға қаржы құйғанда оның стратегиялық және коммерциялық сипатын емес, кері әсерін де алдын ала ойлауы тиіс екенін айтты. Оның мәлімдеуінше, әлемде Қазақстан сияқты банк саласына үстемелетіп қаржы аударып, оның жауапкершілігін талап етпейтін бірде-бір мемлекет жоқ. Бір кездері отандық банктер шетелдік қаржы алпауыттарынан алған ақшаларын айтып, жалпақ жұрттан сүйінші сұраған. Ал қарызды қайтарар кезде жер шұқып қалған. Жарғылық капиталы аз банктер әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де тығырыққа тірелген жоқ. Егер шағын банктер қазіргі алып банктерге жұтылып кететін болса, аймақтар инвестициядан құр қалады. Себебі жергілікті жерлердің барлығы қаржылық қолдауды шағын банктерден көріп отыр. Ірі банктер негізінен импортты ынталандырып, тұтыну несиелерін үлестірумен ғана айналысады. «Экономиканың нақты секторы Ұлттық банктің коммерциялық банктер арқылы несиеге берген қаржысын бойына сіңіре алмай, кейбір кездері құсып жатыр. Ұлттық банк пен Үкімет қаржылық-экономикалық саясатты қайта қарау керек. Себебі банктер өндірістің немесе экономиканың бір элементі ғана. Өзбекстанда банктердің 90 пайызы мемлекеттің қолында. Экономиканы қаржыландыратын субьектілер оның қызығын ғана емес, жауапкершілігін де сезінуі тиіс. Банктің акционерлері туралы мәліметтер айына қырық құбылады. Ендігі жерде банктерден қарызды қайтару мәселесі мемлекет үшін қиын бола ма деп ойлаймын» дейді Ілияс Исаев.
Тәуелсіз экономист Александр Юриннің айтуынша, бұл мәселе жалпы сипатқа ие және нақтылауды қажет етеді. Басқаша айтқанда, Ұлттық қор мен банктерді бірден ажыратып жіберуге болмайды.
Үкімет банктерді қолдаудан бас тартудың кезі жеткенін білеміз. Бірақ оны неден бастау керегі әзірге түсініксіздеу. Осы ретте сарапшылар оны кезең-кезеңмен жүргізу керектігін және төмендегі жайттарды қаперге алып жүру керектігін ескертіп отыр. Біріншіден, көп жағдайда қаржы институттарына көмек бюджет шығыстары ретінде қарастырылмайды. Мемлекетте Ұлттық қордан бөлген қаржыны зейнетақы активтеріне инвестициялау немесе Ұлттық банктің ресурстарын (мысалы, Қазақстанның тұрақтылық қоры арқылы) пайдалану арқылы «толтыру» мүмкіндігі бар. Екіншіден, Қазақстанда банктер экономиканың басым салаларын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылып келді.
«Ұлттық банк қазақстандық банктерге қолдаудың қандай түрінің жойылатыны туралы мәселелердің басын ашып алған дұрыс» дейді Александр Юрин.
Сарапшылар арасында «қазақстандық банк секторы ел экономикасының дамуын ынталандыруға қабілетті ме?» деген сұрақ жиі талқыланатын. Шынында да, іс жүзінде қаржы институттары көптеген жылдар бойы мемлекеттің белсенді қолдауымен ресурстарды өз пайдасына қайта бөліп келеді. А.Юриннің пікірінше, банктерді ел есебінен одан әрі «тамақтандыра» беру олардың өз бетінше тығырықтан шығу мүмкіндігін шектеп келді.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим соңғы 11 жыл ішінде мемлекет қаржы институттарына 56 млрд АҚШ долларын көмек ретінде бергенін, бұл қаржының барлығы бірдей қайтарылмайтынын және белгілі шарттармен берілгенін айтты. Бұл банктерге қанша көмектессе де, олар бәрібір шығынмен жұмыс істей беретінін білдіреді. «Бюджет тапшылығы артып келеді, Қаржы министрлігі оны азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бюджетте қаржы институттарына көмектесуге мүмкіндік жоқ. Банктерге көмек бұрынғыдай Ұлттық қордан емес, Ұлттық банктен немесе оның акционерлері есебінен берілуі керектігін Мемлекет басшысының өзі назарда ұстау керек», дейді Ерлан Ибрагим.
Оның пікірінше, бұл мәселеге нүкте қою Президенттің, Үкіметтің және Ұлттық банктің табандылығы мен құзыретіне сын болмақ. 2020 жылдан бастап елге шетелдік банктер келе бастайды. Бұл қаржы нарығындағы ойыншыларға мамандарды біліктілігіне қарап іріктеуге және іріктеліп шыққан жобаларды ғана қаржыландыруға мүмкіндік бермек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінен ұққанымыз, банктер мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүруге дайын. «Банк секторын сауықтыру провизиялар мен капиталды жеткілікті түрде құру арқылы жалғаса береді. Біз оның тетіктерін 2020 жылдың алғашқы тоқсанының соңына дейін әзірлейміз. 2020 жылдан бастап банк және сақтандыру секторларында тәуекелдерге негізделген қадағалау (ТКН) толық көлемде енгізіледі. Бұл банк жүйесін жетілдіру банктердің экономиканы несиелендіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді», дейді М.Әбілқасымова.
Сонымен бірге, шағын және орта бизнесті, оның ішінде экономиканың басым секторларын несиелеу бағдарламасы арқылы несиелендіру мүмкіндігін кеңейту шаралары ұсынылмақ. Қаржы реттеушісі алдағы уақытта тұтынушылық несиелендірудің тез өсуіне жол бермеуге басымдық береді. М.Әбілқасымова еске салғандай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылық несиелеудегі тәуекелдерді шектейтін заңнамалық нормалар күшіне енді. «Агенттік тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуін шектеу үшін қабылданған реттеу шараларының тиімділігін бақылауды жалғастырады», деп сөзін жалғастырды М.Әбілқасымова.
Оның айтуынша, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында агенттік халықтың қарыздық жүктемесінің шамадан тыс артуына жол бермеу үшін қосымша реттеу шараларын қабылдайды. «Мемлекет басшысы қаржы секторын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Біз бұл құжаттың жобалық нұсқасын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін әзірлейміз» дейді М.Әбілқасымова.
Агенттік төрағасының айтуынша, инвестициялық мүмкіндіктер мен капиталды тарту үшін қаржы секторын дамытудың кешенді шаралары әзірленіп, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығында реттеуді жетілдіру және жаңа қаржы құралдарын дамыту бөлігінде заңнамалық қажетті өзгерістер дайындалады. Тиісті заң жобасын осы жылдың соңына дейін Үкіметке енгізу жоспарланған.
Қазақстандық банктердің Ұлттық қордан ажырау процесінің ішкі нарыққа әсері туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «бәрі жақсы болады» десе, сарапшылар уайымдайды. «Алаңдамаңдар» деп арқаны кеңге салып отырғандар алаңдамауға себеп болатын факторды айтпай отыр.
АЛМАТЫ