Қоғам • 19 Ақпан, 2020

Бұрынғыдан ұғынықты жазылған

524 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЮУ университетінде саясаттанушылар, заңгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Қазақстан Республикасындағы бейбіт кездесулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қызу талқылады.

Бұрынғыдан ұғынықты жазылған

Бұл отырыста сөз тізгінін қо­ғам қай­раткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбе­нов ұстады. Ол сөз басында заң жобасы қолданыстағы заң­ға түзету енгізуді ғана көздемей, бейбіт жиналыстардың барлық түрін ұйым­дас­тыруды реттейтін жаңа нормативтік құқық­тық акт екенін атап өтті. Сондай-ақ мо­дератор митинг өткізудің бағыт-бағдары болатын жаңа заң­ның тұжырымдамасына қатыс­ты әрбір азамат ой-пікірін, ұсыныс­тарын 21 ақпанға дейін Ашық үкімет сайты арқылы білдіре алатынын жеткізді.

Бүгінде елімізде «Қазақстан Рес­публикасындағы бейбіт кезде­сулерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Бұл тақырып біраз қоғам белсендісінің басын қосқан жиынға да арқау болды. Әрі аталған пікірталас алаңы #TaldaKZ Онлайн сарапшылар платформасы арқылы тікелей эфирде өтті. Бұл талқылауға әлеуметтік желілердің көмегімен көпшілік те араласып, сұрақтарын қойды, пікірлерін білдірді.

Жиынға Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі Азаматтың қоғам істері коми­тетінің төрағасы Әлия Ғалымова қатысып, заң жобасы жөнінде өз ойын ортаға салды.

– Бұл – түбегейлі жаңа заң жобасы. 1995 жылғы заңға қара­ғанда, түсінікті құжат болады деп ойлаймын. Бейбіт жиналыстардың барлық түрі, соның ішінде митингілер, шерулер, демонстрациялар, пикеттер өткізу туралы осы заң жобасында анық және ұғынықты жазыл­ған. Екіншіден, бейбіт жина­лыстар өткізу өтінімдерінің регла­менттеу және хабарландыру тәртібі енгізіледі. Егер қан­дай да бір ұйымды немесе қоғам­ды толғандыратын мәселе бойын­ша бейбіт жиналысты ұйым­дастырушы жергілікті атқарушы органға өтінім берген жағдайда, онда өткізу орнын, мақсатын және күнін айқындайды, қаты­су­шылардың санын нақты белгі­лейді. Сондай-ақ ол жиналыс өткізу үшін қажетті шарттарды анықтайды, – деді Әлия Ғалы­мова.

Ал қоғам қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров азаматтардың жаңа заң жөніндегі барлық талап-тілегі ескерілетініне сенім артты.

– Бұл заң қазақстандықтарды бейжай қалдырып отырған жоқ. Адамдар осыған қатысты түрлі пікірлердің аясында топтасып жатыр. Бірақ олардың арасында антагонизм пайда болмауы керек. Бүкіл процестің бейбіт түрде келісіммен жүргізілуі маңыз­ды. Ұлттық кеңестің мүшелері ретінде өз позиция­ларымызды жақындастыруымыз керек. Ме­ніңше, осы заңның әрбір бабын талқылағаннан гөрі, заңға қатысты ой-пікірлері бар азамат­тардың басын қосып, бірлескен комиссия отырысын өткізу керек сияқты, – деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза митингіге қатысушылардың санын белгілеуге қатысты өз ойымен бөлісті. Ол бейбіт жиындарға қаты­са­тындар 250 адамнан ас­пау керек деген ойды құпта­ды. Яғни, митинг өткізу мәде­ниеті қалыптасқан са­йын біртін­деп қатысушылардың санын кө­бейтуге болады. Бұған қоса қоғам белсендісі сыртқы күштердің құрбаны болып кетпеуі үшін кіш­кентай балаларды митингіге алып келуге қарсы екенін жеткізді.