Қоғам • 19 Ақпан, 2020

Педагог мәртебесін педагог көтереді

2456 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі заңды іске асыру кезеңіне көшетінін мәлімдеді. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдердің күткен арманы орындалды, ұстаздар құқығы кеңейтілді. Жүктемесі азайды, қосымша жұмыстардан босады. Жалақы біртіндеп көбейеді. Енді «Шебер педагог», «Үздік педагог» боласың ба, бәрі өзіңе байланысты.

Педагог мәртебесін педагог көтереді

Бұрын 40-50 жыл жұмыс істеп, ең болмаса оқу министрлігінің «КСРО оқу-ағарту ісі үздігі» деген белгісін кеуде­сі­не таға алмай зейнеткерлікке кеткен мұғалімдер көп болатын. Ал қазір педа­гог­тер үшін билік бетбұрыс жасады. 2019 жылдың тамыз кеңесінде бірнеше мұғалімді «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапаттады. Заңда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награ­да­ның жаңа түрі белгіленді. Келе­шек­те талай педагог осы атаққа ие болады деген үміт бар. Өйткені республикада атына лайық педагогтер баршылық. Алған атақтарына сай ақы төленеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң педагог-тәрбиеші мұғалімдерді жігерлендіреді.

Ендігі міндет педагог қызметіне қойы­ла­тын талапты күшейту. Олай болса, әр мұғалім өзіне қойылған талапқа сай өзінің жауапкершілігін күшейтуі, яғни өзінің арының алдында, қоғамның алдында, Отанның алдында өз мамандығына жан тазалығы – ұждан керек екенін ұмытпауы тиіс. Оқушылардың бойында жан тазалығы – ұжданды сіңіру педагогтерге байланысты. Президент Қ.Тоқаев қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде, сапасыз, білімсіз педагогтер бар екенін айтты. Сапасыз мұғалімнен білім алғандар сапасыз оқушы, енжар педагогтен білім алғандар енжар оқушы санын көбейтеді. Несін жасырамыз, жалақы үшін келіп-кетіп жүргендер, оқушыға дұрыс білім де, тәрбие де бере алмай­ды, алдында отырған оқушыларына көңіл бөлмейді. Оқушының көңіл күйін ұқпайды, жан дүниесіне бойламайды. Оқушылардың ішінде бірбеткей, сөзге тоқтамайтындар, екі сөзінің бірі өтірік, үнемі сабақтан қашатын, сабаққа ынтасы жоқтармен бірге отбасының проблемасымен жүйкесі сыр беріп, ата-анасымен, кейде мұғаліммен, тіпті жолдастарымен тіл табыса алмай жалғыз қалып, оқшауланып жүрген оқушылар да бар. Мұғалімнің міндеті – сабақ түсіндіру ғана емес, оқушыға тәрбие беру. Олай болса, түрлі тағдырлы оқушыларды мұғалім түсінбегенде кім түсінеді?

Қазір бала саны көп мектептерде екі психологтан, ал бала саны аз мектептерде бір психологтан бар. Қиын оқушылармен психолог айналысады деп оларға ысырып тастауға әсте болмайды. Әрбір педагог психолог болуға талпынуы керек. Оқушының жанына үңілмегендіктен, жүрек сырын білмегендіктен, достаса алмағандықтан, мектептегі 12-13 жастағы қыздардың аяғының ауыр болғанын, төбелестің негізгі кейіпкерлері оқушы жасындағы балалар екенін БАҚ жазып, көрсетіп жатыр. Суицид деген пәле шықты. Бұл жағдайлардың бәріне мектеп кінәлі деуге болмас. Ата-аналар да кінәлі.

Президент «сапасыз мұғалімдер бар» деді. Сапасыз мұғалім ата-ананың, мек­теп­тің балалары. Қазір кейбір ата-ана бала­сының бетінен қақпайтын болды. «Тама­ғы тоқ, киімі бүтін болса болды» деп сұрағанын алып береді. Былтыр сыныптың еденін жумасын деп шу шы­ғар­ды. «Баланың құқығы бұзылады», дейді. Баланың құқығымен бірге міндеті де бар екенін ұмытып кетеміз. Баланы кіш­кентайынан күн тәртібіне үйрете алмай­мыз. Баланың міндеті – сабақ оқу, ал оған дағдыланбай, үй тіршілігіне де бейім­делмей өсіп келе жатқандар бар. Өз бала­мыздың мінез-құлқын білмейміз, өйт­кені дұрыс сөйлесе алмаймыз. Бала­ны жақсы мен жаманды ажырата алуға баулу, дұрыс пен бұрысты көрсету – отбасының міндеті екенін ұмытып, қиқарлығын, үлгерімінің төмендігін мұғалімнен көріп, мектепке «ша­буыл» жасап, өзінің қалталы болғанымен мақтанып, ақылы оқуға түсірем деп кіжініп тұратын, баласының өтірік айтатынын білсе де, сөзін сөйлеуге мәжбүр ата-ана бар. Балаға сенім білдіретін ата-аналар да бар, дегенмен, баланың мінезі құбылмалы келеді. Сондықтан бала кіммен жолдас, қайда кетті, үйірмелерге барып жүр ме, білдіртпей тексерудің зия­ны жоқ. Бала сабақ оқып отырған болады, бірақ ойы басқа жақта, қалталы телефон деген дос болмай тұр. Баланың жақсы қасиеттерін айтып, жігерлендіріп отырса да артық емес. Сонда бала дала­ға қашпайды, сырласыңыз болады. Қыс­қасы, білімді, тәрбиелі елі ата-ана өзінің жүріс-тұрысымен, әсерлі әңгі­ме­сі­мен тәрбиелейді. Ата-аналар мектеп мұғал­ім­д­ерінің тірегі болсаңыздар, мұға­лім­дерді қолдасаңыздар, мұғалім беделі жоға­ры болады. Өздеріңіз де уайымдамай­сыздар. Ал білімі төмендер мектептен шығып жатыр. Мектептің беделін түсірмеу үшін нашар оқушыларды сыныптан сыныпқа көшіреміз, бағаны өсіріп қоямыз. Оның үстіне, Еуропадан, АҚШ-тан үйреніп жатырмыз, солардың әдістемесі дұрыс деп оқушылардан күнделікті сабақ сұрауды қойдық. Есіңізде болсын, баладан сабақ сайын сұрап баға қойып отырмаса, жалқау емес балалардың өзі де жалқау, енжар балаға айналады. Бала қазір сөйлеуден қалды, сөздің керегі жоқ, жазбаша жауап, сұраққа жауап жаза алмағандарға талпын дейміз. Қатты айтуға болмайды, ауыр сөзден бала өзіне қол салады деп мұғалімдер қорқады. Қысқасы, мектептің талабын, тәртібін орындату – мұғалімнің, мектеп басшысының міндеті.

Кейінгі кезде «Алтын белгі» алған оқушылардың саны, олимпиада жеңім­паз­дары көбейді. Көбейгені жақсы ғой, бірақ білімі соған сәйкес болса қане? Грант­пен оқуға түсіп алып, оқи алмай жүр­гені қанша? Соның бәрін көріп, біліп отыр­мыз. Солар институтты бітіріп, сапасыз маман болып шығады.

Сонымен Президент тарапынан ай­тыл­ған сын, ата-анаға да, мектеп пе­да­­­­­гогтеріне, педагогті оқытатын жо­ғар­­­­­­ы оқу орнына айтылған сын деп қа­­­­был­­дау керек. Ата-ана мектеппен ын­­­­­ты­­­­мақ­тастықта өмір сүру керек. Бала тәрбиесінде кеткен кемшілігін ата-ана мойын­дап, білмегенін оқып, мұға­лімдерден ақыл-кеңес сұрап, керек болса баласынан да үйренетін кездері бола­ды. Сонда келеңсіз жағдайлар жойы­­лар еді. Енді педагогтерді даярлайтын оқу орындарының ескерілмей жүрген олқылықтарын еске алсақ. «Педа­гог­тер­ді даярлайтын оқу орындарына сын айтатындай сіз кім едіңіз?» деген сұрақ туындауы мүмкін, жауап бере кетейін: Мен ғұмырымның 57 жылын мектепке арнаған ұстазбын. Мек­те­бім – мақтанышым, өмірім болды. Мек­тепте күні-түні жүруден жалық­пай­­тынмын әрі шаршамайтынмын. Өйткені оқушыларым жігерімді тасытатын. Мектеп өмірі туралы көптеген мақала жаздым. «Класты ұстай білу», «Мейірім», «Селқостық», «Оқушы жанын түсіну», «Мұғалім – мектептің жүрегі», «Оқушы пікірімен санаса білейік» сынды мақалалар жиынтығы «Ұстаз бақыты» де­ген атпен кітап болып 2004 жылы шық­­ты. Алматыдағы педагогтер даяр­лайтын жоғары оқу орындарының сту­денттері практикадан өту үшін Рес­пуб­ликалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатына келетін, әлі де сол үр­діс жалғасып жатыр. Осы мектепте 40 жыл бойы тарих, қоғамтану пәнінен сабақ бердім. Сондықтан практикаға келген студенттердің жағдайларын өте жақсы білдім. «Педпрактика төңірегіндегі ой­лар» деген мақала жазғанмын. Сол мақа­ла­дағы айтылған ойлар әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. 1979 жылы жазыл­ған сол кітаптағы ойлардың өзегі төмен­де­гі­дей болатын:

­«Педагогикалық оқу орнына сту­дент­­тер­ді таңдап алу төңірегінде. Бұл мәсе­ле­де талғаусыздық бар екенін ашық мо­­йын­дау керек. Неге өзге оқу орны­на күші келмейтіндер педагогикалық ин­с­­ти­туттарға қарай ағылады. Осы ма­ман­­дық­ты таңдауына не себеп болға­нын анық­тайтын алдын ала іріктеу ұйым­дас­­тырса қайтеді? Педагог боларлық сапасы бар ма, рухани тұғыры қандай, сүйе ме бұл мамандықты? Мысалы, актер­­лік, режиссерлік оқу орындарына тү­сетіндерді таңдайды. Ұстаздыққа жұрт­­тың бәрі бейім, ол кімнің де болса қолынан келеді деп қарауға болмайды. Ұстаз болу үшін дарын, қабілет, білім­ді­лік пен педагогикалық әдеп санаға сіңірілуі керек. Бұл қасиеттер үлкен тә­жіри­бемен келеді, дегенмен осылардың ұш­қыны бойда болуы керек.

Мектеп – педагог боламын деген студенттің өз қабілетін байқайтын, бел­­гі­лі бір дәрежеде сынайтын станогі. Сон­­дықтан педпрактикаға студенттер жү­регі лүпілдеп қорқып келеді. Әрине өзде­ріне сенімділері де бар. Ал мектеп мұға­лімдері оларға демеуші, жетекші, үйре­туші болғанмен теориялық білімі жоқтар сабақ бере алмайды. Сыныптағы оқу­шыларды ұйымдастыра алмайды. Әдіскерін де, өзін де, балаларды да қи­найды. Педпрактикадан үштік деген баға алып кететіндерден оқыған бала­лар­­дың тағдыры не болады? Сапасыз мұ­ға­лімдердің саны осылайша көбейіп жат­қан жоқ па?

Ендігі бір түйген ой – институттарда әдістемелік жұмыстың жолға қойылуы. Шындық жағдай әдістеме жөнінен институттардан гөрі мектеп күшті. Студент-практиканттарды бастап келетін әдіскерлердің ішінде мектепте бір күн де істемегендер бар. Мектеп қазанында қайнамағанның жақсы әдіскер бола алатынына күмәнданамын.

Студенттер сабағына талдау жаса­ған­да айтар ойлары, ескертпелері тым тапшы. Басында «әдіскермін» деп келгенмен, бірте-бірте студенттердің алдында ұстаз ретінде аласара бастайды. Студенттер институтта оқығандары мен мектепте көргендерінің арасындағы алшақтықты байқаған соң, олардан қашқақтай береді. Оның пікірімен санасудан қалады.

Екіншіден, мектептерге практиканттармен бірге анда-санда болса да дәріс оқып жүрген оқытушылар неге келмейді? Сонда олардың оқып жүргендерін өмірмен салыстыруға мүмкіндік болар еді ғой. Дәрісті біреу оқиды, емтиханды басқа біреу алады, педагогикалық практиканы да басқа біреу жүргізеді. Практиканы жүргізушінің дәрісті қалай оқығанынан, дәріс оқушының прак­ти­каның қалай өткенінен еш хабары болмайды. Келешекте өзара біртұтас осы процестерді түйістірудің жолдарын қарастырса қандай жақсы болар еді.

Болашақ ұстазға керегі – сөйлей білу, ойды анық жеткізу, оқушы алдында өзін ұстай алу. Айтып тұрғанын өзі де түсінбейтін ойы бұлдыр, қыстырма сөзсіз қадам баса алмайтын, сасқалақ, терлеп-тепшіп оқушылар алдында тіпті көз жасына ерік беретін студент-практиканттарды да кездестірдім. Кей­бір практиканттар сабақ бергенде дәптерге жазғандарын оқиды. Өз ойын өз сөзімен айта алмаған ұстаз бола алмайды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дейді емес пе?! Ұстаздарды даярлауды түбегейлі жақсарту үшін педагогикалық институттарға дарынды жастарды қабыл­дау керек. Институт төрт жылдың ішінде мейлінше мол білім беруге тиіс, ол үшін онда нағыз дарынды педагогтердің болғаны жөн. Әдіскер педагог мектепте сабақ жүргізіп тұрса тіптен жақсы. Қысқасы, мектеп пен институт тығыз байланыста болуы шарт. Студент соңғы курста бір айлық практикадан өтеді, бұл аздық етеді.

«Педагог мәртебесіне» лайық болуы үшін жас педагогтерге кеңесім:

Біріншіден, жүрісіңізді түзеңіз, киген киіміңіз жарасып тұрсын, шашыңыз жан-жаққа шашырап кетпесін. Мінез-құл­қыңызды бақылаңыз. Сіздің бойыңыздағы жақ­сы қасиеттермен бірге, нашар қы­лық­­тарыңыз оқушыларға беріледі. Оқу­шы­ларды қас-қабағыңызбен, көз­қа­расыңызбен, қол қимылыңызбен бас­қа­рыңыз. Ашу шақырма, ашу, айқай әлсіздігіңізді білдіреді. Қатты күлмеңіз, ерсі сөз аузыңыздан шықпауы тиіс. Ақыл­­гөй болмаңыз, оқушылармен сыпайы қарым-қатынас жасаңыз. Өтірік, ғайбат, екіжүзділікке сақ болыңыз. Мақ­та­­ншақтық та педагогке жараспайды. Педагогикалық әдептілікті бойға сіңір­сеңіз кез келген ортада еркін жүресіз, педагогтің мәртебесін көтересіз.

Екіншіден, бойыңызға үнемі білім жинаңыз, оқығаныңызды тыңдаушыға жеткізу шеберлігін игеріңіз. Анық сөйлеңіз, тіліңіз күрмелмесін, қыстырма сөз қоспаңыз, дауыс ырғағына абай бо­лыңыз. Сөз өнерін үйреніңіз, ол үшін өз пәніңізді жетік білумен қатар жан-жақты болыңыз, елімізде болып жатқан жаңалықты жеткізуші, оқушы­ны отансүйгіштікке тәрбиелейтін Сізсіз. Оқушыға патриот бол, тұлғаға лайық қасиеттер болсын деу үшін, сол қасиет­тер сіздің бойыңызда болуы керек. Олай болмағанда, сөзіңіз бен ісіңіздің алшақ­ты­ғын байқаған оқушыларға беделіңіз болмайды.

Үшіншіден, оқушыларды сыйла, кешірімді бол, мейірім көрсететін жерде мейірімді бол! Талап қой, орындат, сырлас, ақылдас, ақылдасу – кішілік емес. Мінезін дұрыста, сөзін дұрыста, ынталандыр. Қабілетін таны, жанайын деп тұрғандардың шамын жағыңыз. Сіздің нағыз қамқоршы екеніңізді білсе, Сіз құрметтісіз.

Төртіншіден, барша істе адал бо­лыңыз. Оқушыңыз да, ата-ана да туған күніңізді білмесін. Сынып бөлмесін жөндеуден өткіземіз деп ақша жина­ма­ңыз. Несін жасырамыз, мектеп оқушы­лар­дан жөндеу жұмыстары мен басқа да сылтаумен ақша жинайды, оны директор білмейтін болады дейді. Бірақ ол біледі, сондықтан ақша жинау педагогтің атына кір келтіреді. Содан аулақ болыңыз. Ақпарат бойынша жемқорлыққа белше­сі­нен батқан бірінші орында білім, ғылым саласы тұр. 2019 жылы аталған сала бо­йынша 161 қылмыстық іс тіркелді дейді.

Бесіншіден, оқушыңызды қорғаңыз, біреу жала жауып тұруы мүмкін. Кейде педагогтің өзінен де қысастық көреді. Саба­ғын өте жақсы беретін педагогтер ішінде тілін алмаған баланың соңынан қалмай жүретіндер бар. Әріптесім екен деп оның сөзін сөйлемеңіз. Кейде мектеп басшылығы тарапынан әділетсіздік көретіндер ұшырасады, бастық екен деп жасқанбаңыз, өзіңіз әрқашан әді­лет­ті босаңыз, сонда нағыз педагог бола­сыз. Осы кезге дейін педагогтер туралы көркем фильм жоқ. Әдеби шығар­ма­лар­дың кейіпкері де бола алмай тұр. Кешік­пей, көркем фильм де, театрларда қойы­лымдар да қойылып, педагогтер мәрте­бесі өз дәрежесінде болады деген се­нім бар.

 

Орынша ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз

 

АЛМАТЫ