Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Қауіп сейілмеді, сақтық күшейді

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Қытаймен шекаралас аудандарында коро­новирусқа қарсы сақтық шаралары күн тәртібінен түскен жоқ.

Қауіп сейілмеді, сақтық күшейді

Екі ел арасындағы сауда-сат­тық алаңына айналған «Қор­ғас» шекара маңы халық­ара­лық ынтымақтастық орта­лығы­ның жұмысына індет қауіпі туралы ақпарат жария болған күннен бастап шектеу қойылған еді. Жағдай тұрақтанбайынша ол шектеудің мерзімі ұзара бермек. Қазір бұл орталықтың есігіне 1 наурызға дейін қара құлып ілінген.

Ал екіжақты барыс-келіс негізінен Панфилов ауда­нын­да­ғы шекара бекеттерінде жүретін­діктен, бұл жақтағы қауіпсіздік шар­алары жоғары деңгейге көтерілді. Жолаушылардың әрі-бері бейсауат өтуіне тыйым салынып, аумақтағы Nur joly және «Алтынкөл» өткізу бекет­теріндегі жұмыс шек­телген. Екі бекетте де сани­тар­лық-эпидемиология бақы­лау қызметінің мамандары күшей­тіл­ген режімде кезекшілік етуге көшкен.

Сондай-ақ төтенше жағ­дай­ға байланысты Жаркент қала­сында 100 адамға арналған арнайы санитарлық оқшаулау орыны дайын тұр. Қажеттілік туа қалған жағдайға арналған тағы 160 орын қосымша қарас­ты­рылыпты. Арнаулы орындар барлық санитар-эпидемиолог мамандармен және меди­ци­налық жабдықпен толық қам­та­ма­сыз етілген екен.

Күні кеше еліміздің бас сани­тары Жандарбек Бекшин аймаққа арнайы келіп, Панфилов ауданындағы үш шекаралық өткізу бекеттерінде орналасқан ме­ди­циналық пунктердің жұ­мы­сын тексерді. Сапар бары­сын­да ол шекарадан өткен жо­лау­­шыларды оқшаулауға қатысты талаптың күйшейгенін айтты.

– Ақпанның жиырмасынан бастап Қытайдан келген адамдардың барлығы 14 күнге дейін арнайы санитарлық орынға жіберіледі. Өйткені бұл вирусты жұқтырған адамнан бірден ешқандай сырқат белгілері байқалмауы мүмкін. Коронавирустың ағзадағы жасырын кезеңі 14 күннен 24 күнге дейін созылу фактісі анық­тал­ған. Және де бұл азаматтар 14 күн оқшаулау орталығында жатып шыққаннан кейін де қосымша он күн бойы біздің бақылауымызда болады, – деді Жандарбек Бекшин.

 

Алматы облысы