Рухани іс-шара толығымен Абай өмірі мен шығармашылығына арналғанымен ерекше деуге болады. Онда ұлы ойшылдың осыған дейін көп айтылмаған әндері тыңдарманға жол тартып, ақын шығармалары жан-жақты дәріптелген.
Сахналық көріністермен шебер жымдасқан сәтті композициялар дана ақынның өсиеттерін өзгеше өрнектеген. Бұл жерде көрермен тарапынан ыстық ықыласқа бөленген ерекше кешке еліміздің маңдайалды өнер жұлдыздары ат салысқанын айта кеткен жөн. Сәкен Майғазиев, Толқын Забирова, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Айгүл Қосанова, Ерлан Біләл сынды аталған оқу ордасының ұстаздары мен мен студенттері өз өнерлерін ортаға сала отырып, кемеңгер тұлға келбетін болашақ жастарға керемет насихаттай білді.
«Біз тек өнер адамы емеспіз, еліміздің болашағы – жастарды өнер мен білімге қатар баулып жүрген буынбыз. Сол себепті Абай өмірі мен шығармашылығы әрбір талапты жастың, жанашыр үлкеннің айнымас серігіне айналуы керек. Бұл кештің ортақ мүддені орындауда, кемеңгер мұрасына терең үңіліп, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге беру жолында маңызы зор», деген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев бұдан кейін де ағартушының мерейтойына арналған іс-шаралар жалғаса беретінін айтты. Шараға қатысып, көрермен қатарында тамаша кештің куәсі болғандар да жылы лебіздерін жасырып қалмады. Талғар ауданы, «Төңкеріс» ауылының тұрғыны, ұстаз Гүлшара Мұсабаева, әсіресе жастар үшін мұндай кештердің маңызы зор екенін жеткізді. «Абай – бойымыздағы артықшылықты да, кемшілікті де қолмен ұстатқандай етіп көрсетіп кеткен данышпан. Тек содан тәлім алсақ болғаны. Соның үлгісін өзімізге бағыт етіп алып, болашағымызға бағдар қылсақ, адаспасымыз анық. Осындай әдеби кештерден, қойылымдардан білгеніміз беки түседі», дейді ұлағатты ұстаз.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, аталған іс-шараға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары бір кісідей жұмылған. «Өзіміз жастарды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отырған өнер ордасы болғаннан кейін, бұл кештің ауқымы да, тағылымы да кең болды деп ойлаймын. Өйткені Абайдың бейнесін сомдап жүрген, Абайдың әндерін халыққа жеткізіп, өлеңдерін оқып, қара сөзімен сусындап жүрген өнерпаздарды бір сахнада біріктіріп, көрерменге үлкен рухани азық сыйладық деп ойлаймын. Әсіресе жас буын, студенттер үшін ұлы ойшылды ұлықтауға арналған кеште өнерін ортаға салуы арқылы, оларды өнермен тәрбиелей аламыз дер едім», дейді академия оқытушысы, актер Е.Біләл.
Түйіп айтқанда, ұлы ақынын ұлағаттауда бірегей білім ордасының бұл қадамын хакім мұраларына деген зор құрмет деп түсіндік. Жалпы, мерейтойлық концертке мыңға жуық көрермен жиналды.