Қатарынан екі жыл қуаңшылық болған Қостанайда жаңбыр жауғанда жұрт қатты қуанған болатын. Бірақ шілденің аяғын ала және тамызда толастамаған жауын егінінің бетіне қарап отырған диқанды ойландыра бастады. Сонымен қатар, шаруаның жемшөп дайындауына да қолайсыз тиді.

Қатарынан екі жыл қуаңшылық болған Қостанайда жаңбыр жауғанда жұрт қатты қуанған болатын. Бірақ шілденің аяғын ала және тамызда толастамаған жауын егінінің бетіне қарап отырған диқанды ойландыра бастады. Сонымен қатар, шаруаның жемшөп дайындауына да қолайсыз тиді.

Соңғы тәуліктерде тым толассыз құйған жаңбырдан елді мекендерді су ала бастады. Облыста, әсіресе, апта аяғында болған су тасқынынан Ресеймен шекараға жақын өзендер бойында орналасқан Таран, Қарабалық және Федоров аудандарындағы елді мекендер зардап шекті. Қарабалық ауданындағы Төменгі Тоғызақ өзені арнасынан асып, соның салдарынан Приречное, Надеждинка, Михайловка селолары мен Тоғызақ стансасында барлығы отыздың сыртында үй судың астында қалды. Олардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Таран ауданында да төтенше жағдай қалыптасты. Аудан әкімі Б.Өтеулиннің шешімімен су басады-ау деген 96 үй көшіріліп, 240 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Таран ауданында ғана су тасқынына қарсы 58 техника және 220 адам жұмыс істеді. Демалыс күндергі арпалыста облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтан бастап, тиісті орындар мен ведомстволар басшылары төтенше жағдай қалыптасқан аудандарда болды. Төтенше жағдайлар министрлігінен де облыс аудандарындағы қалыптасқан жағдайға көңіл бөлініп, тікұшақ және басқа да техникалық көмек пен адам күші жіберілді. Федоров ауданындағы Запасное селосында екі пәтерлі бір үй суда қалып, олардың тұрғындары көшірілді.
– Төтенше жағдайдың тууына байланысты облыста жедел штаб құрылды. Су шайған өңірлердегі тұрғындардың материалдық құндылықтарын және малын сақтау үшін қолдан келгеннің барлығы жасалды. Адамдарды сақтау үшін аудандарда барлық қызмет бойынша кезекшілік ұйымдастырылды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов.
Облыс өңіріндегі өзендер суының көтерілуі Ресей жерінде жаңбырдың тым толассыз жауғанына байланысты болып отыр. Ресейден келетін су нөпіріне төтеп бере алмай, Челябі облысындағы Қарталы-Әйет өзеніндегі тоған және Әйет өзеніндегі дамбы жырылып кеткен. Осының салдарынан Тобыл мен Әйет өзендерінің арнасы толып, лықсып кетті. Мамандардың айтуынша, Таран ауданындағы Варваринка селосы маңында судың деңгейі 380 сантиметрге, Қарабалық ауданында 26 сантиметрге дейін көтерілген.
Челябі облысы гидрометорталығының мәліметінше, Ресейдің Қостанаймен шекаралас аймағында айына түсетін ылғалдың нормасы 42 миллиметр болуы тиіс. Ал соңғы үш тәулікте 155 миллиметр ылғал түскен. Ресей жағында да, Қостанай облысында да тамыздың 9-ы күні күрт көтерілген өзендер суының беті қайтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.