Қазақстан • 19 Ақпан, 2020

Жақсылық жүрек жылытады

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еріктілер қозғалысы жүйелі тәсіл мен кешенді дамуды талап етеді. Әрине, еріктілердің қоғамдағы жұмысы көпшіліктің көз алдында өтіп жатыр. Алайда, бүгінде еріктілер қызметінің әлеуметтік өрісі де жарқын әрі көпшілікке үлгі болып отыр.

Жақсылық жүрек жылытады

Мұндай жүйелі жұмыс еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындары арқылы іске асырылуда. Көкшетауда «Әлеуметтік студенттік несие» жобасы аясында игілікті жұмысқа Qazvolonteer.kz платформасы арқылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 106 студенті қатысады.

–Біз Ғылым және  білім министрлігімен  келісімге қол  қойдық.  Студенттер жұмыс істеп, жалақыларын алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мәселен  20 сағатқа – 20 мың теңге. Ал,  50  сағатқа – 50 мың теңге. Бұл тек жоғары оқу орындарының және колледж студенттеріне ғана қатысты. Біз әлеуметтік бағытты, қарт адамдарға, аз қамтылған, жалғыз басты адамдарға көмек көрсетуді таңдадық. Бізде  диспетчерлік  қызмет  жобасы бар. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға барып, көмектесеміз. Мұндай қамқорлық әжептәуір уақытты  алады. «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейміз, дейді «Феникс» еріктілер орталығының жетекшісі Ербол Аманбаев.

Әлеуметтік волонтерлік дегеніміз ересек адамның қоғамға пайдалы болуын таңдау еркі. Яғни, мүгедектер, қарт адамдар, жетімдер, жалғыз басты мен үйсіздерге көмек көрсетуі. Өйткені, көмек қолын созуда еш кедергі жоқ.

–Бізде «Снежный десант» жобасы бар. Жоба  аясында қаңтар айынан бастап ондаған зейнеткерге көмек көрсеттік,–дейді ерікті Әрсен Жұмабеков.

Университет проректорының айтуынша, Qazvolonteer.kz. платформасында дамудың зор әлеуеті бар. Ол жастарға ұсынылған бағыттарды дамытумен қатар, туризм және экология саласындағы жобаларды ойлауға болатынын атап өтті.

 

Ақмола облысы.