Еріктілер мектебінде тәлім алушылар 3 ай мерзімде 10 бағыт бойынша білім алады. 2 топқа бөлінген волонтерлерге таңғы және кешкі уақыттарда тәлім беріледі. Алғашында теория бойынша берілген білім, кейін тәжірибе арқылы нығайтылады. Салалы мамандар еріктілерді алғашқы медициналық көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарды күтіп-бағу, төтенше жағдайда жұмыс істеу сынды бағыттар бойынша үйретеді.
–Түрлі салада жұмыс істеп жүрген жандарды тартуға тырысып жатырмыз. Теория жүзінде алған білімдерін әр ерікті тәжірибе арқылы іске асырады. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. «Шанс» қоғамдық бірлестігінің психологтары мен мамандары да білім береді. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға қалай көмек беру керектігін үйретеді,–дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекішев.
Еріктілерді оқыту жобасы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының бастамасымен іске асуда. Волонтерлік орталықтың, жастар ресурстық орталығы мен облыстық кітапхананың бірігумен жүзеге асуда. Мәселен, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында оқушылардың қатысуымен волонтерлік жобалар өткізілуде.
–Өзіміздің «Волонтерлік жобамыз» бар. Өздігінен кітапханаға келе алмайтын отбасылар жетерлік. Мәселен, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар. Біздің еріктілеріміз оларға кітаптарды үйлеріне апарып, алып келеді. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренемін деушілерге арналған клубымыз да бар. Олар білікті маманнан білім алуда, дейді М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Галина Савенкова.
Еріктілер мектебінде білім алушылардың барлығы студенттер. Көбінің волонтерлік тәжірибесі бар. Әрқайсысы ерікті болуға жауапкершілікпен қарауда.
–Осы волонтерлік мектептен күтетінім жалпы сапалы білім алып, қарт кісілерге көмектесу, мүгедек жандарға да көмектесу арқылы қоғамға пайдамызды тигіземіз деген ойдамын. Еріктілер үшін осындай мектеп ашылғанына қуаныштымын, дейді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Диас Мұхамедқалиев.
Еріктілер мектебінің ашылу салтанатында барлық қатысушылар тимбилдинг ойынын ойнап, танысу үрдісін жеделдетті.
Ақмола облысы