12 Тамыз, 2013

Астықты уақтылы және сапалы жинауды тапсырды

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

 

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

А.Мамытбеков саланың қазіргі ахуалы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы жиын-терін жұмыстарын тиімді жүргізу қажеттігін атап көрсетті.

– Оңтүстік өңірлерде астық жинау науқаны аяқталып қалды, қазірдің өзінде 1 миллион тоннадан астам астық жиналды. Солтүстік өңірлердегі жағдай алғашында күрделі болған еді, бірақ жауын-шашын көбірек болып, пайдасын да, зиянын да тигізді. Астықтың түрлі мерзімде пісіп-жетілуі ескерілетін жиын-терін технологиясын бақылауда ұстау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

А.Мамытбеков ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны жақсы екенін атап өтті.

– Бүгінгі күнгі негізгі міндет – жиын-терін жұмыстарын жүргізу. Шын мәнінде, оңтүстік облыстарда астық жинау науқаны қазірдің өзінде басталып кетті, ал ол кейбір өңірлерде аяқталуға жақын. Мысалы, Жамбыл облысында астық жинау 94 %-ға аяқталды, астық түсімінің көрсеткіші екі есе дерлік жоғары. Бидай егетін негізгі үш облыс жиын-терін жұмыстарын жүргізуге дайындалуда. Жауын-шашынның жиі болуына байланысты жиын-терін оңайға түспейді. Сондықтан біз егістік жерлер мен техникаларды тисті дайындықтан өткізу үшін ауылшаруашылық саласы кәсіпорындарымен бірлесе жұмыс жүргізіп отырмыз, – деді министр.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы 2013 жылдың астығын уақтылы және сапалы жинап алу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.