12 Тамыз, 2013

Халық сайлауды жақсы қабылдады

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

 

Кеше Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Б.Байбек партияның «Қазақстан-2050» Стратегиясын түсіндіру және іске асыру жөніндегі жұмысы, «Нұр Отан» ХДП XV съезіне дайындық барысы және Саяси доктрина жобасын әзірлеудің аяқталғаны туралы баяндады.

Партия Төрағасының бірін­ші орын­басары «Нұр Отан» ХДП бас­тамасы бойынша Демократиялық күштердің жалпыұлттық коали­ция­сының отырысы өткеніне тоқ­талды. Оның қорытындысында жетекші саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер елімізде жүргізілген жергілікті өзін-өзі бас­қару және әкімшілендіру жүйесі реформаларына қолдау білдірді.

– Жалпыұлттық коалицияның отырысы барысында біз барлық партиялармен сайлаудың ашықтығы және заңдылығы туралы мониторинг жасау, оларға жергілікті маңыздылығы себебіне байланысты партиялық тұрғыдан басымдық берілмейтіні жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік. Жалпы, айтарлықтай тәртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ, халық сайлауды жақсы қабылдады, – деді Б.Байбек.

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары партия жұмысының негізгі пішіні жаңар­тыл­ғаны туралы да хабардар етті.

– Сіздің тапсырмаңыз бойынша «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдауында министрлер мен депутаттар орталықта және жергілікті жерлерде азамат­тар­ға жеке қабылдаулар жүр­гіз­ді. Бірінші жартыжылдық қоры­тын­дысы нәтижесінде қоғамдық қабылдаудағы өтініштер саны өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 75%-ға артты, бұл азамат­тар тарапынан сенім арта түс­кенінің дәлелі, – деді Б.Байбек.

Партия Төрағасының бірін­ші орынбасары партиялық құрылым «жүктемесі» бойынша халық алдында олардың тиім­ділігін, шынайылығын және жауап­кершілігін арттыруға бағыт­талған тапсырмалардың орындалуы туралы да баяндап берді. Атап айтқанда, «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебі Сая­си менеджмент мектебі болып қай­та құрылды. Оның базасында 200 мыңнан астам партия мүше­сін біріктіретін бастауыш партия ұйымдарының басшылары оқы­тылды.

Кездесу қорытындысында Мем­лекет басшысы партия алдына қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.