Бүгінде Қытаймен арадағы шекаралар жабылып, әуе, темір жол тасымалдары тоқтатылғаны мәлім. Дегенмен, тасымал өзге елдермен қалыпты жүріп жатыр. Халықаралық әуе рейстері қаншалықты қадағаланып, жолаушылар санитарлық тексерістен өтіп жатыр? Осы сауалға жауап іздеп Денсаулық сақтау министрлігінің Көліктегі тауарлар мен көрсетілген қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабарластық. «Мемлекеттік шекараларда, әуежайларда, теңіз порттарында және темір жол өткізу пункттерінде байланыссыз термометрия жүйелерін қолдана отырып, сұрау салу жолымен халықаралық рейстермен келген азаматтарға санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Әуе, теңіз кемесінің бортында және жолаушылар пойызында коронавирус инфекциясына күдікті науқас анықталған кезде әуежайларда, теңіз порттарында және темір жол өткізу пункттерінде эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бойынша санитарлық-карантиндік пункттердің кезекші мамандарының іс-қимыл алгоритмдері әзірленіп, бекітілді. Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 3 ақпандағы №2 қаулысы бойынша барлық өткізу пункттерінде оқу-жаттығу сабақтары, ведомстволар мен ұйымдардың мамандары арасында семинарлар өткізілді. Мемлекеттік шекарадағы бақылау органдарының қызметкерлеріне коронавирус инфекциясы таралуының профилактикасы және алдын алу шаралары бойынша нұсқама берілді. Жолаушылар арасында КВИ профилактикасы бойынша дауыс зорайтқыш байланыс арқылы жүргізілуде», дейді Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-карантиндік бақылау бөлімінің басшысы Дәрия Әзімбаева.
Оның айтуынша, барлық халықаралық рейстермен келген жолаушыларды борттан шығармастан термометрия жүйелерімен түгелдей тексереді. Олар 4 тілде арнайы дайындалған сауалдаманы толтырады. Бұл жолаушылардың мәліметтерін толық алу үшін керек. Ал жолаушылардың арасында Қытай азаматтары болса, тұратын мекен- жайында 14 күн бойы медициналық қадағалауда болады. «Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері орынбасарының 2020 жылғы 17 ақпандағы №5 қаулысы бойынша 20 ақпаннан бастап Қытай Халық Республикасынан келген адамдарды 14 күн бойы өңірлік провизорлық стационарда оқшаулай отырып, кейіннен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында медициналық бақылау арқылы тұрғылықты жері бойынша шығарылғаннан кейін 10 күн бойы карантинді (күн сайын қоңырау шалу) тексеру көзделіп отыр. Сонымен қатар коронавирустық инфекция тіркелген елдерден келген адамдарды Қазақстанның шекарасынан өткен күннен бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бойынша орта буынды медицина қызметкерінің үйге күнделікті баруы арқылы 14 күн бойы үй карантинін (өзін өзі оқшаулауды) және одан әрі 10 күн ішінде тұратын жері бойынша медициналық бақылауда (күн сайынғы қоңырау шалу арқылы) болады», дейді Д.Әзімбаева.
Қытаймен арадағы әуе тасымалы тоқтаған 3 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтан әуежайына Қытайдың 50 азаматы ұшып келген. Олардың барлығы аумақтық департаменттерге медициналық бақылау жүргізу үшін жіберілген. Қазірге дейін олардың арасында дене қызуы жоғары адамдар болмаған.
Жақында Бейжіңнен бір топ отандасымыз елге оралды. Олардың арасында Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің докторанты, жерлесіміз Жұлдыз Бекбауова болды. «Қытай астанасы Бейжіңге жиналған 217 қазақстандық Қазақстан мен Қытай Үкіметі, Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Қытайдағы елшілігі қатарлы мемлекеттік мекемелердің кірісуімен арнайы бортпен 11 ақпан күні Нұр-Сұлтанға келдік. Біз Бейжіңге түрлі қаладан жиналдық. Арнайы кесте болды. Сол бойынша жүріп-тұрдық. Әуежайға дейін арнайы көлікпен бардық. Бортқа отырғанға дейін елшілік қызметкерлері біздің қызметімізде болды. Ұшақта да сақтық шаралары ерекше жасалыпты. Бортсеріктер де арнайы киім киген. Нұр-Сұлтанға жеткенше бізді алып қайтуға барған қазақстандық дәрігерлер температурамызды жарты сағат сайын өлшеп, жағдайымызды жеке-жеке сұрап отырды. Маскаларды да жиі ауыстырып тұрдық. Нұр-Сұлтанға қонғаннан кейін әуежайға кіргізген жоқ. Төтенше жағдай кезінде шығатын жолмен шықтық. Бізді жедел жәрдем қызметкерлері, дәрігерлер, тәртіп сақшыларынан құралған арнайы топ қарсы алды. Бізді ешкіммен жақындастырмаған бойы қаладан 7 шақырым қашықтықта орналасқан Көпбейінді медициналық орталық алып кетті. Онда тізіміміз алдын ала дайындалған екен. Сол бойынша дайын орындарға орналастық. Медициналық қызмет тиімді, жылдам, сапалы ұйымдастырылған. Өзіміздің заттарымызды түгелдей алып қалып, дезинфекциялады. Барлығымыз анализ тапсырдық. Бағымызға қарай келгендеріміздің ешқайсысында температура көтерілу сияқты белгілер болған жоқ. Өйткені біздің біреуіміз ауыратын болсақ, барлығымызды ұзақ уақытқа оқшаулайтын еді», деген Жұлдыз 3 күн оқшаулаудан кейін аман-есен туыстарымен қауышқанын айтып қуанды.
Осы орайда Жұлдыз өзінің азаматтық көзқарасын да білдіруді жөн санады. «Қазақстан Қытайдың ең жақын көршілерінің бірі. Сондықтан сақтық шаралары өте жоғары деңгейде болуы керек деп ойлаймын. Солай болды да. Бізге көрсетілген медициналық қызметтердің барлығы сапалы, жоғары деңгейде болғаны қуантты. Үкіметтің қамқорлығында екенімізді, шынын айтсақ, жақсы сезіндік. Жол шығындары да Үкімет тарапынан төленді. Шетелде жүрген азаматтар осындай қиын жағдайда өз елінен қолдау тапқаны өте керемет. Сондықтан осы ретте біздің елге жетуіміз үшін барын салған құзырлы орган қызметкерлеріне рахметтен басқа айтарым жоқ», дейді ол.