Облыс бюджеті жыл басында 239,2 млрд теңге болып бекітіліп, жыл соңында 304,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бюджет қаражатының 60 пайызы әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалды. Жалпы, жан басына шаққандағы әлеуметтік шығыстар бойынша Сыр өңірі облыстар арасында көш бастап тұр.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция өсті, құрылыс жұмыстарының көлемі 54,3, тұрғын үйді пайдалануға беру 8,8 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,3%, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,3%, бөлшек тауар айналымы 1,5%-ға ұлғайды.
Жыл ішінде өңірде 17291 жұмыс орны құрылды, оның 12678-і тұрақты.
Өткен жылдың қорытындысымен Қызылорда экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша 8 үздік облыстың қатарына кірді.
– Индустриялық-инновациялық даму бағытында да нәтиже жаман емес. 2018 жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген тампонажды цемент зауыты қазір өнімнің алты түрін шығарады. Цемент Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстарына және Шымкент қаласына сатылады. Сонымен қатар былтырғы шілде айынан бастап Өзбекстанға экспортқа жіберіледі, – деді облыс әкімі.
Өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге бағдар жасайтын есепте өңір басшысы облыс экономикасындағы түйінді мәселелерге де тоқталып өтті. Облыста жыл сайын мұнай өндірісі көрсеткіші төмендеп барады. Соңғы 7 жылда өндірілген «қара алтын» мөлшері 5 млн тоннаға азайған. Сондықтан да жаңа кен орындарын зерттеу жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Өйткені облыс экономикасының өсімі осы жерасты байлықтарына тікелей байланысты. Оның сыртында, осы салада жұмыс істейтін 15 мыңнан астам адамның жағдайын да ойлағанымыз жөн. Осыған байланысты облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында биыл Шу – Сарысу шөгінді бассейнінде мұнай-газдың перспективалы құрылымдарын анықтау мақсатында жер қойнауын зерттеу жұмыстары басталады. Бейнеті көп бұл жұмыстың нәтижесі де теріс болмайды деген болжам бар.
Облыс әкімі құрылысы ұзаққа созылған шыны зауыты туралы да айтып өтті. Өңір экономикасына үлесі мол болады деп жоспарланып отырған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев қысқаша баяндап өтті.
Осыдан 3 жыл бұрын облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізілген болатын. Соның негізінде өңірде агроөнеркәсіптік кешеннің «Агрокартасы» жүзеге асырылуда.
Бүгінде жиырма шақты елге экспортталатын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тізбесі 3-тен 19-ға дейін артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге жаңа технологиялар тартылуда. Тауарлардың әлеуметтік маңызы бар түрлеріне бағаны өсірмеуге тұрақтандыру қорының серіктес сауда желілерінің септігі тиіп отыр.
Халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 2018-2020 жылдар аралығы өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланған. Жүйелі шаралар нәтижесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылы 9,3%-ға өсіп, 46297 бірлікті құрады. Кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық түсімдерінің көлемі 11 пайызға ұлғайды.
Былтыр екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 21,9 млрд теңге несие берді, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 166 жоба қаржыландырылды.
Облыс әкімінің есеп беру баяндамасынан кейін тұрғындар сауал қойды. Арал ауданы Сексеуіл кентінен келген тұрғын темір жолды жағалай тұрақтанған халыққа жаңа мектеп қажет екенін айтты. Бұл мәселе жайлы Мемлекет басшысы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінен оқып, тиісті орындарға тапсырма берген болатын. Облыс әкімі кент тұрғынының сауалына орай осы тапсырманың орындалу барысы жайлы айтып өтті.
– Осы мектеп жайында Мемлекет басшысының тапсырма бергенін білесіздер. Ол орындалады. Биыл 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін осы мәселе тағы бір пысықталды. Жоба-сметалық құжат бойынша мектептің құны 800 млн теңгені құрап отыр. Мектеп 300 орынға арналған. Жақын арада республикалық бюджеттен қаржы алып, мектеп құрылысын бастаймыз, – деді аймақ басшысы.
Өңір басшысына мүгедектерге арналған такси қызметін ұлғайту, кейбір елді мекендерге ауыз су жеткізу, жол мен көпір салу секілді ұсыныс-тілектер айтылды. Аудандардан түскен ұсыныс-тілектер Call-орталық арқылы қойылды.
Облыс басшысы барлық сауалдарға жауап беріп, осы бағытта атқарылатын шаралар жайлы айтып өтті.
Қызылорда облысы