Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

«Шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді»: Облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсанға барды

1362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Қытай шекарасынан бірде-бір кісі өткен жоқ.

«Шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді»: Облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсанға барды

Кеше Зайсан ауданының Сарытерек және Айнабұлақ ауылының тұрғындары «Қытайдан келгендерді коронавирусқа байланысты осы ауылдардағы медициналық пункттерге орналастырады» деген анық-қанығы белгісіз хабарды бір-бірінен естіп, бұған өз наразылықтарын білдірген болатын. Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданының бас дәрігері мен оның орынбасары Сарытерек ауылының тұрғындарына әлдебір бұйрықты көрсетіп, осы бұйрық негізінде ауылдағы амбулаторияға Майқапшағай шекара бекетінен бері қарай өткен азаматтарды 14 күнге жатқызып, бақылау жасайтыны, тіпті ауылдағы амбулаторияға төсектерді кіргізіп қойғаны жайында айтылып, видео арқылы көрсетілген-ді. Ауыл тұрғындары «Мұны аудан басшылығы бізге неге алдын ала ескертпейді? Неге түсіндіріп айтпайды? Біз бұған қарсымыз» деп кеше өз наразылықтарын жеткізген-ді. Содан кейін түнгі 11-лер шамасында Зайсан ауданы әкімі бастаған, аудандық прокурор, Ішкі істер бөлімінің басшылары, аудандық аурухананың бас дәрігері ауыл тұрғындарымен кездесуге барған болатын. Бұл туралы кеше түнде Зайсан аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев: «Халықпен кездестік. Түсіндірдік. Халық «Төсектерді алып кетіңдер» деп талап қойды. Көліктерді апарып, төсектерді алып кетті. Сарытеректе халық тарады. Ал Айнабұлақта халық қайта жиналғаннан кейін бардық. Төсектердің бәрін тиеп алып кетті. Қазір халық тарап жатыр. Халық «Ертең таңертең түсіндіру жұмыстарын жүргіңіздер» деп талап етіп отыр. Ертең бұйырса, келеміз» деген-ді.  

Бүгін таңертең жағдайдың мән-жайын білу үшін Зайсанға Өскеменнен облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, алаңдаған жұртпен кездесті. «Қазіргі уақытта Қытай шекарасынан бірде-бір кісі өткен жоқ. Бірден айтайын, шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді. Екіншіден, біз шекарадан тек қазақстандықтарды ғана өткізуіміз керек. Өйткені, олар біздің елдің азаматтары. Олар 14 күн бақылауда болуы керек» деді облыс әкімі.

Осы жерде облыс әкіміне аудан тұрғындары тарапынан: «Кеше  аудан әкімін сағат 3-тен бастап күттік. Түнгі сағат 11 жарымда келді. Жергілікті билік халықпен санаспайды», «Қытайдан келетіндерді неге аудандық ауруханаға емес, ауыл ауруханасына орналастырмақ?», «Біз шекараның жабылуын талап етеміз» деген пікірлер айтылды.

Жергілікті белсенді азаматтар облыс әкіміне бүгін сағат 12:00-де аудандық Мәдениет үйінде халыққа жағдайды түсіндіруді сұрады. Егер жиын өтетін болса, бұл туралы ақпаратты алдағы уақытта жариялаймыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы

Зайсан ауданы