100 • 20 Ақпан, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Ақ күріштің атасы

431 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1965 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің №18 санына шыққан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа арналған мақаланы назарларыңызға ұсынамыз. 

«Социалистік Қазақстан» газеті: Ақ күріштің атасы

Жеңіл машина дала жолымен келіп, атыз басына тоқтады. Августың ыстық аптабы тұр далада қапырық. Төбеден тік түскен күн табаннан бірақ шыққандай Ыбекең ақ қалпағын, кең қолтық желетін, керзі етігін мұндай ыссыда да тастаған емес. Әне қазір де сол қалпында машинадан түсті. Қасында колхоз агрономы Мұстафа Тәжіков пен егіс бригадасының бригадирі Қойшыбай Оразымбетов. Канал бойымен бастап келеді ол. Плантицияға жақындап барып кідірді.
– Көреміз ғой?
– Көрелік.
– Ендеше кеттік. Отыра қалып аяқ киімін шешті де, балағын түрінді. Әдетте сабырлы, ауыр болып көрінетін Ыбекең егін басында саптағы солдаттай қимылдайды. Біз де оны үнсіз қайталап жатырмыз. Ыбекең атыз ішіндегі кішкене жолмен алға беттеді. Ескерткені:

– Байқаңдар, жылан шақпасын, Дене шымыр ете түсті. Агроном Мұстафа секіріп кете жаздады. Жылан, кесіртке десе зәр-иманы қалмайтын жігіт екен. Оның осы сырын білетін Ыбекең әдейі әзілдепті.

Атыз ортасынан аса тоқтадық. Ыбекеңнің ымдауымен Қойшыбай ілкі алға шықты. «Күріштің сабағын өлшеп кер» деген белгі берді оған. Бригадир суды белуардан кешіп тұрып бір уыс сабақты бойына теңестіріп еді, аласа жігіттің иығынан келді. Қолмен қойғандай теп-тегіс.

– Көңілге олқылау соғатын атызым осы, Мұстафа. Агроном бір-екі сабақты үзіп алып алақанымен үгітті. Дәнін санады.

– Бұрнағы жылғыдан да, былтырғыдан да кем түспесіңізге көзіміз жетіп тұр. Ыбекеңе бұрынғы мөлшер белгілі. Гектарына тоқсан бір-тоқ­сан екі центнерден айналған. Ол жағын еске алып жатпады. Тек айтқаны:

– Оны жиналғанда көрерміз. Енді шетке шығалық. Қойшыбай тісін ақсита жымияды. «Асығып та, асырып та айтпауды кімнен үйренген осы кісі» дегелі тұрғандай.

Жиекке алдымен аттаған Ыбекең артына бұрылып тіл қатты: Орақ алдында егінді топтанып аралау бекер, жаюлы дастарханды аяқпен басқан сияқты, бойың тітірейді.
Ыбекең осылай дегенде агроном Мұстафа әзілдей сөйледі:

– Адам басқаннан өніміңіз азая қоймас, қария, арам шөп басқаннан аман болса!...
Бұл сөз Ыбекеңнен бұрын бригадир Қойшыбайдың жүрегіне шық ете түсті.

– Еу, Мұстафа, он гектар жерді күрмек басты деп менің қыр соңымнан қалмайтын болдың ғой, ауылда да, далада да тіліңе тиек етер менен басқа осы колхозда ешкім қалмаған ба?

– Тоқта, Қойшеке, сабыр ет.

– Жоқ, тоқтамаймын, мені шалып келесің, әйтпесе егіні тап-таза Ыбекеңде нең бар. Атызды арам шөп басса, оған алдымен агроном жауап берсін, айтарым осы.

Мұстафа бригадирдің шыңдап бұртиғанына жымиып қапты. Зілсіз жымиыс.

– Қойшеке, неге үрлеген қарындай жарылғалы тұрсың, бір қыл­мысың бар-ау сірә, мен ешбір адрессіз айттым ғой. Сақтандырғым келеді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екен, төрелігін Ыбекең-ақ айтсын.
Ыбекең мырс-мырс күліп қояды.

– Оу, екі бастыққа баға бере алам ба мен, екеуіңнің айтқандарың да теріс болмас керек. Тек ескертерім: адам арам шөп құрлы жоқ па, таптай берсе, тарыдай дәнді ғана емес, таудай тасты да жоқ қылмай ма? Есте болсын, жігіттер, адамның қолы алтын болғанмен, табаны у.

Ыбекеңнің мына бір толғауы бәрімізді жалт қаратты. Мұстафа да, Қойшыбай да оны қолтықтай ілгері аяңдады.

– Енді бір аптадан кейін суын тартсақ, оншақты күннің жүзінде орақ та түсіп қалар.

– Түйін жиын-терінді дұрыс өткізуде қалып тұр ғой.

– Солай, Мұстафа. Күрішті өсіруін өсіргенмен жинауға келгенде кібіртіктеп қалатынымыз бар-ау кейде.

– Дәл айтасыз, Ыбеке, жартысын десем артық болар, көп жерде сабағына шыққан күріштің төрттен бірін атыздың өзі алып қала­тыны анық.

Ыбекең үнсіз құптайды. Сол кейпі талай нәрсені аңғартады. Осы жерде Ыбырай қариядан әр орайда естіген кейбір лебіздер ойға оралады. Бұл – әрі ел арасына, әсіресе өзінің жақаевшы шәкірт­тері арасына кең таралып, жатталып кеткен өсиеттер.

Өзі еңбек ететін «Қызылту» колхозының жастары алдында былай дегені бар:

– Ну егін де, жасыл орман да, қызғалдақ гүл де жер-жаннаттан өркен жаяды. Олай болса жерді сүйіңдер, жерді қадірлеңдер, достарым. Барлық – жерде. Жер – қоймадағы астық, өрістегі мал, ауыздағы ас. Ал сол жер еңбекпен, тек қана еңбекпен, термен ииді, соны ұмытпаңдар!..

Бұрнағы жылдың аяғында облыс орталығында жас күрішші­лердің – жақаевшылардың слеті болып, оған Ыбекеңнің арнайы шақыруымен ұшқыш-космонавт Герман Степанович Титов қатысты. Осы үлкен жиында Ыбырай қария қадірлі қонаққа мынадай ниет білдірді.

– Атам қазақ жақсыны сүйген, ел қошемет көрсеткен ерлерге басын иген. Қарт та болса ел даңқын шығарған ерлігіңе бас иемін.

Бұл ойын ол мейірімді жүзімен де, аталық ықыласымен де, тебіренген жүрегімен де ұғындырды. Ал Титов болса, Ыбекеңе деген бай әсерлерін оған сыйлаған кітабына жазған мынадай сөздерінен айқын аңғартқан еді: «Ыбырай Жақаевқа таңқала отырып ұсынамын. Өмір-бақи қартаймай өтудің сыры еңбекте екеніне жас адамдардың көзі жетсін. Ұзақ жылдар сау-сәлемет болуыңызды тілеймін Титов».

Күріш өсіру жайында Ыбекең не айтып еді:

– Күріш дәні де бейнебір балапан. Ал балапан ұясын тапсаң, жемін бере білсең ғана қанаттанып ұша алады. Ұшпаған балапан құс болмайтыны сияқты, күтпеген, бабын таппаған күріш те болмайды!

Бұдан кейін күріш туралы құлаш-құлаш сөз сөйлеудің не қажеті болсын. Зердесінде бар адамға осы да жетеді.
Міне, қазір үлкен орақ алдында өзінің сыралғы достарымен бірге Ыбекең осындай пікірлерін, осындай терең сырларын аз сөзбен ұқтырып, қорғасындай салмақты қалпын өзгертпей, маң-маң басып барады. Әне ол жалғыз өзі ілгерілеп кетті. Соңынан қарап тұрған агроном мен бригадир Ыбекеңді дәл бүгін ғана көргендей сүйсіне қарайды.

«Осынау атырапта Ыбекеңнің кетпені тимеген жер бар ма, сірә? Жоқ шығар. Бір кезбе осы өңір қалың, бұта, шөп-шоғырдың ұясы еді. Соны кетпенмен аршып, күріш еккенін көзбен көрмедік пе! Бұл өңірдің «Ыбырай түбегі» атаулы сол еңбегіне халықтың тартқан мәңгілік сыйы ғой.

Сондықтан бұл түбек Ыбекеңе ыстық. Ыбекеңнің жас кезіндегі қайрат-жігерінің қызығын көрген де осы түбек. Ыбекеңнің даңқын әлемге әйгілі еткен де осы түбек. Рекордтың туған жері бұл түбек. Жылдар өтер, уақыт ілгері кетер. Жаңа ұрпақ, жас ұрпақ ер жетер. Сонда бұл түбек – Ыбырай түбегі деп ерекше еске алынар, тарих шежіресі секілді ауыздан-ауызға ауысар».

Екеуі де осылай ойлап, осылай толғанып кеткен сияқтанады маған. Ыбекең айналаға көз жіберіп тұр. Қолында бір уыс топырақ. Туған жердің топырағы, өзінің тері сіңген топырақ. Дәл осы көрініс Ыбекеңнің бүкіл ұзақ өміріне көз жіберер, оның еңбекке толы ерлік ісін көз алдына әкелер сәт тәрізді еді.

Қойшыбай терең толғаныстан кейін бір сыр ашты. «Міне, табандатқан отыз жыл бірге еңбек етіп келем. Екі елі етек ажырат­қанымыз жоқ. Ыбекеңнің барлық қуанышына да, қиналысына да куә болдық. Өзіміздің көз алдымызда атай төсі орденге толды. Алтын Жұлдыз жарқырады. Соңғы күндері өзінің жетпіс бес жылдық тойы осынау киелі қарттың жүзінен ерекше бір көрініс байқаймын. «...Е. түбек, «Ыбырай түбегі», отыз жылдай отастық, төсіңде еркін шалқыттың, құтыңды аямадың. Денеңе тамған ащы терді тәтті ризық етіп қайтарып келесің. Енді мен жетпіс беске шығып тұрмын. Жетпіс бес ауыр жүк екен. Сенен алыстатып кетердей сезінем. Жоқ...» Дәл осындай толғаныс табамын жүзінен. Түбекпен қоштасқандай болады. Әлде сырласқаны ма екен?..
Ыбекең қайтып оралды. Күріштің жайын айтып келеді. Қашан жинап алады, қанша түсім болады. Соны әңгімелейді. Жас ормандай жайқала өсіп, бой көтеріп келе жатқан шәкірттері алдында, елі алдында берген уәдесінде тұруды армандайды. Ойға ой жалғасады.

Ыбекең күріш басында қалды. Біз аттанып, басқа звеноларға бет түзедік. Артқа бұрылып қарай береміз. Дала кіндігін қолына ұстап тұрған үлкен алыптай көрінеді ол.

Бүгін той. Төрт Ленин орденді Социалистік Еңбек Ерінің Мемлекеттік сыйлық лауреатының, дала академигінің тойы, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың жетпіс бес жылдығы, ел болып атап өтер үлкен мереке. Ертең орақ. Ыбекең «Ыбырай түбегінде» күрішіне орақ салады.

 

Ұ. БАҒАЕВ.
Қызылорда облысы.
Шиелі ауданы
«Социалистік Қазақстан», 18 август, 1965 жыл