Қоғам • 20 Ақпан, 2020

Нұр-Сұлтан: Құтқарушылар тәулігіне 100-ден астам адамға көмек көрсетті

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бір тәулік ішінде бораннан 107 адамды құтқарды. Ал қар кептелістерінен 17 бірлік техника шығарылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Нұр-Сұлтан: Құтқарушылар тәулігіне 100-ден астам адамға көмек көрсетті

19 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде қаланың азаматтық қорғаныс қызметтерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істейді. Бүгінгі күні үш жедел телефон желісі (24-52-12, 24-51-47, 24-51-71) ұйымдастырылды. Оларға қазіргі уақытқа дейін 71 телефон қоңырауы келіп түсті.

Ал «112» қызметінің шұғыл телефонына 20 ақпанда 1 023 қоңырау келіп түскен. 20 ақпанда сағат 10-00-дегі жағдай бойынша қаладан барлық бағыттар бойынша жол жабылды. Қазіргі уақытта трассаларда 85 бірлік автокөліктер жиналуда. Қала ішінде және трассаларда 24 бағыт бойынша Төтенше жағдайлар департаменті мен қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері автомобиль колонналарын және жолдарды тазалау бойынша арнайы техниканы сүйемелдеу, сондай-ақ авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу бойынша патрульдеу жұмысын ұйымдастырды.

Қазіргі кезде «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайы мен теміржол қатынасы штаттық режимде жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінде сабақ тоқтатылған жоқ. Елордалық ТЖД тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және енгізілген шектеулерді жіті қадағалауды сұрайды.

Айта кетсек, бүгін синоптиктер мәліметі бойынша ауа райы жауын-шашынсыз, түнде боран күтіледі. Ал 21 ақпанда көшпелі бұлт шығып, түнде тұман болады.