14 Тамыз, 2013

Шарайна

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сейсенбіге қараған түнде Израильдің курортты Эйлат қаласына Египет жағынан үш зымыран жіберілген. Оның екеуін «Темір күмбез» атты зымыранға қарсы жүйесі ұстап қалса, үшіншісі елдің адам қоныстанбаған ауданына құлаған.

 

Эйлат қаласы зымыранмен атқыланды

Сейсенбіге қараған түнде Израильдің курортты Эйлат қаласына Египет жағынан үш зымыран жіберілген. Оның екеуін «Темір күмбез» атты зымыранға қарсы жүйесі ұстап қалса, үшіншісі елдің адам қоныстанбаған ауданына құлаған.

Зымыран үшін жауапкершілікті Синай түбегінде іс-әрекет жасайтын Ansar Beit al-Magdis салафистік тобы өз мойнына алған. Содырлар әзірге қандай да бір ресми мәлімдеме жасамаған көрінеді. Осы орайда «Темір күмбез» зымыранға қарсы жүйесінің ұшып келе жатқан зымыранды ұстап қалу мүмкіндігінің 90 пайыздан астам екендігін айта кету қажет. Әрбір ұстап қалушы зымыранды ұшыру шамамен 40 мың АҚШ долларына түседі екен.

Тұңғыш рет әйел вице-президент болды

Иран Ислам Республикасының жаңа президенті нәзік жандылар өкілдеріне кең жол ашып отыр. Ел президентінің айтуынша, вице-президент болып тағайындалған Эльхам Аминадзе қажетті ғылыми білімдерге ие және заңнама саласында тәжірибелі.

Инаугурация кезінде сөйлеген сөзінде Хасан Роухани әйелдерге үлкен құқықтар беретінін мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, ол хиджаб кимейтін нәзік жандылар өкілдеріне қатысты теріс көзқарастарды да сын тезіне алды. Көбіне-көп қатаң консервативтік нормаларға сәйкес киінетіндерге қарағанда, хиджаб кимейтін әйелдердің ар-ұяттары әлдеқайда үстемірек болады, деп атап көрсеткен ол. Оның сыртында Роухани әйелдердің экономика мен саясаттағы құқықтарына қысым жасаушылыққа да қарсы шығып отыр.

Сайлауда премьер жеңіске жетті

Малиде жексенбі күні өткен президент сайлауы екінші турының қорытындылары шығарылуда. Қазірдің өзінде экс-премьер және «Мали үшін бірлесу» саяси партиясының төрағасы Ибрагим Бубакар Кейттің мемлекет басшысы болып сайланғаны белгілі болып отыр.

Елдегі ахуалды тұрақтандыру және елдің солтүстігінде тәуелсіз мемлекет құру жолында күресіп жүрген туарегтермен қарым-қатынасты жолға қою жаңа президенттің ең басты мақсаттарының бірі болып отыр. Айта кету керек, ел билігіне туарегтердің екі бірдей ірі бірлестіктері – Азауадты азат ету жолындағы ұлттық қозғалыс және Азауад бірлігі жөніндегі жоғарғы кеңеспен бейбіт келісімге келудің сәті түскен болатын.

Коста-Рикада аңдарға «рақымшылық» жасалмақ

Коста-Рика үкіметі зообақтарды жауып, ондағы аңдарды бостандыққа шығарып жібермек ниетте. Біз оларды құтқарудан басқа жағдайларда аңдардың торда қамаулы тұрғандарын көргіміз келмейді, деп түсіндірген елдің қоршаған ортаны қорғау министрі Рене Кастро аңдарға «рақымшылық» жасалу себебін.

Оның айтуынша, аңдар жабайы табиғатқа қайтарылады немесе қорықтар мен арнайы күзету орталықтарына жіберіледі. Зообақтар алдағы жылдың наурыз айынан бастап жабыла бастамақ. Осы орайда Латын Америкасы елдерінде соңғы уақыттары жануарларды қорғаушылардың жергілікті билікпен күресінің күшейе түскенін айта кету керек. Бұған дейін аңдарды жергілікті цирктерде пайдалануға және оларға аңшылық жасауға тыйым салынған болатын.

Нигериядағы қанды қырғын

Нигерияда белгісіз біреулер Борно штатындағы Кондуга қаласының мешітінде қанды қырғын ұйымдастырып, 51 адамды өлтірген. Тағы 26 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген.

Сонымен бірге, Нгом деревнясында 12 адамның атып өлтірілгені де белгілі болып отыр. Екі шабуыл да өткен жексенбі күні Ораза айт мерекесіне орай намаз оқылып жатқан кезде жүзеге асырылған. Шабуылға Нигерия үкіметін құлатып, елдің солтүстігінде ислам мемлекетін құру үшін қару күрес жүргізіп келе жатқан «Боко Харам» радикалды тобының содырлары кінәлі деген болжам жасалып отыр.

Тыңшылық серверлердің міндеті не?

АҚШ-тың тыңшылық серверлерінің бірінің Мәскеуде орналасуы мүмкін. Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің британдық Guardian газетіне берген мәліметтерінен осындай болжам жасауға болады.

Бүгінде белгілі болып отырғанындай, әлемде жаппай тыңшылық жасаудың жаһандық жүйесінің 700 сервері бар. Олар электронды хат жазысулар, жүктелген немесе жіберілген файлдар, интернетте қаралған парақтар, достардың тізімдері мен олармен арадағы хат жазысулар, сондай-ақ ұялы байланысты пайдаланушылардың тел ефон кітаптары туралы ақпараттар алуға жағдай жасайды. Бұл серверлер әлемнің 150 елінде, соның ішінде Мәскеуде, Киевте, Пекинде орналасқан, деп хабарлайды «Ведомости» газеті. Газеттің жазуынша, тек америкалық елшілік жұмыс істемейтін елдерде ғана тыңшылық серверлер жоқ.

Күрдтер Сириядағы қақтығыстарға араласпақ ниетте

Иракта күрдтер өңірінің басшысы Масуд Барзани Күрдістан армиясының Сириядағы қақтығыстарға араласуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ресми Бағдадтың Сириядағы азамат соғысына қатысты бейтарап саясат ұстанғанына қарамастан, М.Барзани жиі-жиі ереуілші исламистердің нысанасына айналып отырған өздерінің бауырлары – сириялық күрдтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалану керек деп есептейді. Әсіресе, Сирияның солтүстік-шығыс аудандарындағы ахуал айрықша алаңдаушылық туғызуда. Бұған дейін хабарланғандай, таяуда исламистер Сирияның солтүстігінде 450 бейбіт күрдті өлтірген болатын. Олардың 100-ден астамы балалар.

Судандағы су тасқыны

Суданның Нил штатында болған су тасқынынан 36 адам қаза тауып, 5 мыңнан астам үй қирады. Бұл туралы жергілікті БАҚ-тарға сілтеме жасай отырып, Би-би-си агенттігі хабарлаған.

Бұл өңірде тамыз айының басынан бері нөсер жауын тоқтамай тұр. Бірнеше мыңдаған адам көшелерде өмір сүруге мәжбүр және шұғыл көмек күтуде. Көптеген судандықтар тұратын саз кірпіштен жасалған бір қабат үйлер су тасқыны салдарынан оп-оңай шайылып кетуде.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.