Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Шәкірттері бірінші орынды берген емес

636 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Созақ ауданындағы «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі Роман Қадырқұлов бір кездері «Құдай қаласа, зейнеткерлікке шыққанша, қырық жыл бойы сабақ бере жүріп, жылына осы саланы терең меңгерген бір шәкірт тәрбиелеп, қырық жылда 40 шәкірт тәрбиелеп шығамын» деген мақсат қойған екен.

Шәкірттері бірінші орынды берген емес

Содан шәкірттерінің санының көп­тігін емес, сапасын, солардың же­тіс­­тігін мақтан тұтуды мақсат еткен Роман Алауұлы оқушыларға сабақтан тыс уақытта «Жас программалаушылар» үйірмесін ашып, оқушыларды қызықтырып, пәндік олимпиадаларға дайындауға кірісіп кетіпті.

Сөйтіп бүгінге дейін сол мақса­ты­нан айнымай келе жатқан Роман 22 жыл ішінде информатика пәнінен 22 шәкірт қана емес, физика пәні бо­йынша да 32 шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Дәріс берген шәкірттерінің әрбірі мек­теп қабырғасында жүргенде инфор­ма­тика және физика пәндері бойынша олимпиада, білім бәйгелерінде мектеп, аудан, облыс және республика көлемінде білім деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдеді. «Осындай білім жа­рыстары арқылы шәкірттерімді өмір­ге бейімдеп, білімін ұштауына, бо­лашақ мамандық таңдауға көмек­те­су арқылы өзім де кәсіби деңгейде өсе отырып, педагогикалық еңбектің шы­ңына өрмеледім», дейді ол.

Соңғы 22 жыл көлемінде Роман Алау­ұлының шәкірттері аудандық пән­дік олимпиадаларда информатика және физика пәндерінен 9-11 сыныптар арасында бірінші орынды берген емес. Дайындаған шәкірттері 2000 жылдан бастап информатика пәні бо­йынша барлық облыстық пәндік олим­­пиадаларға үздіксіз қатысып, елеу­­лі жетістіктерге қол жеткізіп ке­ле­­ді.

«Біздің мектеп оқушыларының дең­гейі қала деңгейінен кем емес. Осы гим­назияның оқушылары тек аудан, облыс емес, республикалық олимпиа­далар мен байқауларда да топ жарып жүр. Бүгінгі цифрлы технология мен интернеттің дамуы ауыл мен қала ба­ла­сының білімін бір-біріне теңестіреді десек болады», дейді Роман Алауұлы ағы­нан жарылып.

Роман Қадырқұловтың өзі «7-сынып. Информатика» оқулығы мен әдістемелік жинағының авторы. Бұл – Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып, орыс тіліне аударылған оқулық. Сондай-ақ қазақ, өзбек және орыс тілдеріндегі «8-сынып. Ин­форматика, «3-класс. ИКТ», 9-сынып және 10-сынып жаратылыс­та­н­у-математика бағытындағы ин­фор­матика оқулықтарының, әдіс­те­­мелік жинақтарының авторы. Ұс­таз 2005 жылы облыстық «Ал­тын диск» байқауында бірінші орын алса, осы жылы облыстық «Ал­тын қор» байқауында бас жүл­де­ні иеленді. «Информатикадан олимпиадаға да­йындау – оқушының логикалық ойлау қабілетін дамыту және дүниетанымын кеңейту кепілі» тақы­рыбында жасаған баяндамасы «Алтын қор» жинағына енген. 2018 жылы Математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің Республикалық олимпиадасында жүлделі ІІ орын иеленді.

Ол мұғалімдік жұмысын мектеп директорының ғылыми-әдіс­те­ме­лік жұмыстар жөніндегі орынба­са­ры қызметімен ұштастырып отыр­ды. Сондай-ақ мектеп-гимна­зия­ның инновациялық және экс­пери­мен­тал­дық алаңында 11 гимназия және 12 жылдық 4 эксперимент сыныбын 15 жыл бойы басқарды. Осы ке­зең­де мектептегі оқу процесін ұй­ым­­дастыру мен мұғалімдердің шығармашылығына, инновациялық про­цестерге, оқушылардың пәндік олим­­пиадасы, ғылыми шығар­ма­шы­лық жұмыстар сияқты мектептегі шы­­­ғар­машылық ізденістің шәкілі бол­ған бағыттарға тікелей жауап бер­­­ді. Соның нәтижесі болу керек, атал­ған білім ошағы соңғы алты жыл­дан бері ауданның ең үздік мекте­бі ата­нып жүр. Жыл сайын бұл мек­теп­тен 8-10 оқушы облыстық пән­дік олим­пиа­даларға қатысып отыра­ды. 2016 жылы облыстық пәндік олим­пиа­даға қа­тысқан 8 оқушының үшеуі І орын иеленді.

 

Азамат ОСПАНОВ,

Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы