14 Тамыз, 2013

Алматы электр қуатынан қысылмайды

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ATN 4692Алматы қаласының 2015 жылға дейінгі энергетикалық кешенін дамыту және жаңғырту аясында «Алатау Жарық компаниясы» қаланың оңтүстік-батысын электр қуатымен толық қамтамасыз ететін «Мамыр» қосалқы стансасын пайдалануға берді.

ATN 4692Алматы қаласының 2015 жылға дейінгі энергетикалық кешенін дамыту және жаңғырту аясында «Алатау Жарық компаниясы» қаланың оңтүстік-батысын электр қуатымен толық қамтамасыз ететін «Мамыр» қосалқы стансасын пайдалануға берді.

Аталмыш станса қала тұр­ғын­дары мен оңтүс­тік ас­тана­да­ғы барлық тұтыну­шы­ларды энергиямен қамтамасыз ету мә­се­лесінде кездесетін көптеген қи­ыншылықтарды азайтатын болды.

Алматы қаласының энер­ге­тикалық қуаттылығы жыл өт­кен сайын нығайып келе жат­қаны белгілі. Қуат көзін тұ­ты­ну артқан сайын бұрынғы стан­салардың жұмысына салмақ көп түсетін еді. Нәтижесінде жа­рық сөну, электр қуатының кернеуі төмендеп кету деген секілді келеңсіздіктер пайда бола бастаған. Соңғы жылдары қалада ашылып жатқан қосалқы стансалар мұндай кедергілерді жойып, тұтынушылардың сенімділігін арттырып келеді. Соның бірі – Әуезов ауданындағы Шаляпин көшесі мен Сайын көшелерінің қиылысында ашылған қуаты 110/10-10 кВ-тық жабық түрдегі «Мамыр» қосалқы стансасы. Алып шаһардың оңтүстік-батыс бөлігіндегі тұрғындарды, өндіріс орындарын, мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарды электр қуатымен сенімді қамтамасыз ететін бұл стансаның трансформаторлық қуаты 126 МВА-ны құрайды.

Жаңа стансаны салтанатты түрде іске қосқан қала әкімі Ахметжан Есімов «Алматы жарық компаниясы» қызметкерлеріне өздерінің биылғы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында халыққа жасап отырған игі ісіне алғыс білдірді.

Қала әкімі Алматы қаласы тек республикамызда ғана емес, экономикасы жағынан өңірдегі ең қуатты қала екендігін, 2 мил­лионға жуық халық тұратын алып шаһардың ел экономикасындағы үлесі де өте зор екендігін айтып өтті. Қалада соңғы бес жыл ішінде 29 жаңа қосалқы стан­са салынып, электр қуатты­лығы 779 мегавтқа артып, 3 мың мегаватқа жеткен. Осылайша, қа­ланы энергиямен қамту 25 пайыз­ға ұлғайып отыр. Бұдан өзге қала аумағындағы энергия жүйелерін жаңғырту жұмыстары да тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мұндай ауқымды жұмыс егемен ел болғалы алғаш жүргізіліп отырғанын да айта кету керек. «Алматы жарық компания­сы» атқарған шаралар қаланы энергиямен жабдықтау ісін айтарлықтай жақсартты. Ал мына іске қосылған «Мамыр» қосалқы стансасы қала шаруашылығын энергиямен үздіксіз және сенімді қамтамасыз етуге бұрынғыдан да үлкен ықпалын тигізетін болады.

Айта кететін тағы бір жайт, электр жүйесін жақсартуға пайдаланып жатқан жабдықтардың дені өз елімізде жасалса, кейбір күрделі бөлшектер шетелдерде жасалған заманауи техника болып табылады. Жаңа стансалар қала тұрғындары мен барлық тұтынушыларды, сондай-ақ метрополитен құрылысын толық энергиямен қамтамасыз ететін болады.

ATN 4709

«Мамыр» қосалқы стансасында әлемдік стандарттарға сай қазіргі заманғы сапасы мықты электронды жаб­дық­тар орнатылған. Заманауи жаб­дықтардың арқасында шығындар азайып, электр қуа­тын пайдаланудағы қауіпсіздік дең­гейі артып отыр. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ кеше­нінде құрастырылған «SerGI» фирмасының өрттен және жарылыстан қорғау жүйесі­мен жабдықталған ТРМН 63000/110 трансформаторлары қазақ­стандық жабдықтың негізгі бөлігі ретінде қолданылып отыр. Мұнда байланыс ғимараттарында апатты жағдайлар туындағанда, оны тоқтату мен жоюға уақыт­ты үнемдейтін, қосалқы станса жабдықтарын басқару жыл­дам­дығын негізгі уақыт режімінде қамтамасыз ететін SCADA жүйе­сі бойынша орталыққа те­ле­ақ­параттар беру және жи­­нақ­тау жұмысын жедел жүргі­зетін сандық құрылғылар да қамтылған.

Жалпы, «Мамыр» қосалқы стансасын пайдалануға беру арқылы Алматы қаласын алдағы 20-25 жыл көлемінде энергия қуатымен сенімді қамтамасыз етуге жағдай жасалды. Әлі алда жыл аяғына дейін осындай 2 станса іске қосылады деп отыр қала энергетиктері.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

–––––––––––––––––––––

Суреттерді түсірген Талғатбек АСАНОВ.