Жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімі облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Оған жергілікті өлкетанушылар, тарихшы ғалымдар, мәдениет қызметкерлері, өңірлік «Рухани жаңғыру» жоба кеңсесінің өкілдері қатысты.
Энциклопедияға Қостанай облысынан бас аяғы 38 киелі нысан еніп отыр. Оның 28-і жергілікті, 10-ы жалпыұлттық маңызға ие. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Батырхан Жұмабаев жиналған көпшілікті кітап мазмұнымен таныстырды. Оның айтуынша, жаңа томда әр өңірден шыққан тарихи тұлғалар туралы мәліметтер де қамтылған.
- Бұған дейін Қазақстанда бас-аяғы 100 жалпыұлттық нысан болатын болса, соңғы 1-2 жыл ішінде жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде оның саны 205-ке жетіп отыр. Мұның сыртында, 575 жергілікті нысан бар. Енді бұлардың саны өзгертілмейді. Биыл бұл картаға енген қасиетті нысандардың қоғамдық өмірімізде алатын орны, туризмді дамытуға тигізетін ықпалы, тарихи-географиялық маңызы сияқты мәселелерді зерттеу жұмыстарын бастаймыз, - дейді орталық басшысы. Жалпы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы іске асқалы 56 археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 25 тарихи нысан қайта қалпына келтірілген.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов энциклопедия жарыққа шыққанға дейін тарихи деректерді жинау, зерделеп, жүйелеу жұмыстарын жүргізген облыстық өлкетану музейінің қызметкерлері мен жергілікті өлкетанушыларға алғыс айтты. Басқарма басшысының айтуынша, жаңа энциклопедия жалпы көпшілікке арналған жинақ.
Нұрқанат Құлабаев,
Қостанай