Үкімет • 22 Ақпан, 2020

Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл шаралар қабылдады

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуын бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл шаралар қабылдады

Қорғаныс министрі генерал-майор Н.Ермекбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов пен Қазақстанның ҚК Бас штабы және ҚМ құрылымдық бөлімшелері басшылары қатысты.

Кеңейтілген отырыста ҚМ орынбасары генерал-майор Т.Дәндібаев комиссияның жаңа төрағасы ретінде таныстырылды.

Отырыста ҚК сыбайлас жемқорлықты азайту мен алдын-алу шараларын одан әрі жетілдірудің жаңа әдістері ұсынылып, комиссия қызметі қорытындыланды. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар жарияланды, олар жақын арада қабыладанатын болады.

Біраз уақыт бұрын министрдің шешімімен әскери полиция бас басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасына ішкі қауіпсіздік өкілеттіктері мен функцияларын беру қабылданған болатын.

Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе әскери ортада сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға өзге де түрде жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу жүйесін белсенді пайдалану ұсынылды.

«Қарулы Күштер қатарында болып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілеріне ешкім төзуге ниетті емес. Біз үнсіз қалмауымыз керек. Әскерді осындай әлеуметтік зұлымдықтан тазарту шараларын қолдануымыз керек. Лауазымды тұлғалар үшін «жемқорлық» сөзі төзбеушілік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылық сезімін тудыруы керек.Қарулы Күштер – мемлекет тұрақтылығының негізі, сондықтан біздің қатарымызда сыбайлас жемқорлықты азайту маңызды», - деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Сонымен қатар, отырыс барысында Мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың сенімін арттыру үшін «Қарулы Күштер - Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі, жеке және заңды тұлғалардың кедергісіз қол жеткізу терезесі ашылды. Онда барлық ниет білдірушілер 442570, 442571, 442575, 474937 сенім телефондары арқылы сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері туралы хабарлай алады.

Бұдан бөлек әскери әскери қызметтің қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарманың міндетіне әскери қызметтегі қауіп-қатерлерді анықтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық дәрежедегі және деңгейдегі командирлерге әскери ортадағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.Сыбайлас жемқорлықты жоюда әрбір әскери қызметшінің жеке жауапкершілігі мен тәртібі маңызды рөл атқаруы тиіс. Ол үшін ҚР ҚК-дің жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, әдеп нормалары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары лауазымға тағайындау кезінде кандидатураларды қарастыратын аттестаттау комиссияларының қызметі ұйымдастырылып,қолданылады.

Айта кету керек, сыбайлас жемқорлықты азайту Қорғаныс министрлігінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қорғаныс ведомствосы сыбайлас жемқорлықты еліміздің қорғаныс қабілетіне қауіп ретінде қарап,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әскери қызметшілер тарапынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен азаматтар тарапынан сыбайлас жемқорлықпен құқықбұзушылыққа жол берілгені туралы түскен ақпарат құзырлы органдарға беріледі. Бірлесіп әзірленген шаралар ең алдымен әскери ортадағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталады.

Соңғы жаңалықтар