Руханият • 23 Ақпан, 2020

Ана тілі – арың бұл...

917 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

21 ақпан – әлемде «Халықаралық ана тілі күні» болып белгіленген. Осы датаға орай Солтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы Қызылжардағы ең зәулім мәдени орын – «Оқушылар сарайында» «Ұрпақ тілі-келешек кілті» атты үлкен мәдени шара өткізді.

Ана тілі – арың бұл...

«Ана тіліне» арнайы күн беріп ардақтау әсіресе,біз сияқты оны жеткілікті дәрежеде құрметтемейтін халық үшін керек-ақ. Қазір ана тілінде оқитын балалар, олардың ата-аналары өз тілдеріне деген құрметті ұмытып, өзге тілде шүлдірлеуге әуес. Ал әуезді, өте бай, өте құнарлы, өте құдіретті қазақ тілі өкінішке орай, кейінгі кезекке сырғып барады.

Аталмыш шара мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуі мен оның болашағына деген көзқарасын білдіріп, ойларын ортаға салуға арналды. Сондықтан да баяндама жасап, ортаға шығып сөйлеген жандардың бәрі қазақтан өзге халықтардың өкілдері еді. Нақты айтатын болсақ олар Есіл ауданы Петровка орта мектебінің мұғалімі Мамматкарим Саркулов, Жамбыл ауданы Буденый орта мектебінің мұғаліміСветлана Бунак, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕС-164/6 мекемесінің қызметкері, әділет аға сержанты Павел Радионов, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Карина Мелихова, Тайынша ауданы Зеленогай ауылдық округі Зеленогай ауылының тұрғыны Анна Ваховская және т.б. болды. Осынау өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін құрметтеп, жоғары бағалағанына қарағанда қазақтың өзі «қолдағыалтынның қадірін білмей жүр-ау» деген ойға қалады екенсің. Бұлардың бәрі де қазақ тілін біршама жақсы меңгерген, кейбірі оны өздері де оқытып, үйретіп жүрген жандар екен, ең бастысы біздің тілді үйренуге деген ықыластары зор екені көрініп тұрды. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кемел Оспановтың айтуына қарағанда мұндай жандардың саны жыл сайын артып келеді. «Біз осындай мәдени шараларды жылда өткізіп тұрамыз. Алғашқы кездерде қазақ тілін жақсы білетін өзге этнос өкілдерін табу қиын болатын. Қазір шараға қатысуға өздері тілек білдіреді. Осыған қарап біздің жүрегімізде қазақ тілінің болашағы әлі алда шығар, оның дамуы арта түсетін болар деген сенім ұялайды», деді ол. Шараға белсене қатысып, баяндама жасағандардың бірі, беларус қызы, университет студенті Карина Мелихованы әңгімеге тартып, оның тілді үйрену себебін сұраған едік ол: «Қазақ тілін үйренудің еш қиындығы жоқ. Мен өзім қазақша оқыдым. Осының өзі маған өмірде талай жерде жолымның жеңіл болуына мүмкіндік тудырды. Сондықтан мен өз құрбыларыма оны тезірек үйреніп алуға шақырып, үгіттеп жүремін», деді.

Мәдени шараға «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты, «Қызылжар жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, БАҚ өкілдері және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері қатысты. Іс-шара аясында тілдерді дамыту саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумғаТілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов пен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин қол қойды.


ҚЫЗЫЛЖАР