Руханият • 24 Ақпан, 2020

Өзі де, сөзі де сұлу

481 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаңтарда орыстың ұлы жазушысы Антон Павлович Чеховтың туғанына 160 жыл толды. Творчествода қысқалық концепциясын ұстанған һәм сонысымен әдебиетке ерекше құбылыс әкелген Чехов ақсақалды әлем әмсе сүйіп оқыды, қазақ оқырманы да жақын тартты. Бүгінгі даңқына жазушылықтың тәтті азабымен жеткен қаламгер «чеховский интеллигент» түсінігін тірідей көрсетіп һәм оның алғашқы зиялысы да өзі болды.

Өзі де, сөзі де сұлу

Орыс әдебиетінің әлем творчество­сындағы үш темірқазығы Толстой, Достоевский һәм Чехов екенін сол заман­да-ақ оқырман да, әдебиетшілер де растап, мойындады. Ал атақты Пушкинге келсек, орыс әдеби газет-журналдарынан бақылап көргеніміздей һәм өз журналистерінің жазғанындай, Пушкин әлемге жете алмапты. Неге десеңіз, оны асқақтату ұлттық мақтаныштан гөрі ұлт­тық менменшілдікке сайып келеді екен-мыс. Ұранға айналған Аполлон Григорьевтің «Пушкин – біздің барымыз» деген сөздерінде акцент үшінші сөзге түскендігі мақаланың контекстінен аңғарылып тұрғанына да иландық. Сонымен Пушкин – «орыстікі».

Ал суреткер Чехов көптен бері «орыс­тікі» ғана емес. Әлемдік сахналарда ең көп қойылатыны да Шекспир мен Чеховтың пьесалары. Екеуін де тәуір драматург санамаған Лев Толстой кейін қатты таңғалған да болар. Тіпті Чехов үшін іштартып ерекше қуанатын жөні бар деп те ойлаймыз. Өмір жолдарына қарасақ, ұлы Толстой Чехов ағайды қатты құрмет тұтқан. Толстой 1901-1902 жылдары Қырымда емі жоқ үш аурумен ауырғанда, Чеховпен ұзақ әңгімелесіп отырады екен. Ал Гаспрада Толстой тек Чеховпен ғана суретке түскен. Мұңды суретте айықпас дертке шалдыққан қос алып жазушы графиня Панинаның вилласының террасасында отыр. Бұдан кейін қарт Толстойға 10 жылдай өмір сүру бұйырса, әлдеқайда жас Чехов екі жыл өткен соң Баденвейлерде қайтыс болады.

Тағы бір жайт, 1897 жылдың көкте­мінде Чеховтың құрт ауруы асқынып, ауруханаға түскенде, алғашқы болып көңіл сұрап келген де Толстой. Оның денсаулығы әзірге сыр бермегендіктен бе екен, мәңгілік өмір туралы сөз қозғаған. Әсерлі сөйлегені соншалық, кеткен соң Чехов тоқтаусыз қан құсыпты. Че­хов Толстоймен кездесуін былайша әңгі­мелейді: «Ол мәңгілік өмірді канттық кү­йінде ұғады; Толстой түсінігінше біздің барлығымыз (адамдар мен жануарлар) бастапқы күйімізде өмір сүреміз (сана, махаббат), біз үшін болмыс пен мақсат құпия күйде қалады. Мен үшін бұл бас­тау немесе күш қалыпсыз мұздай масса ретінде көрінеді, менің «менім» – менің даралығым, менің санам осы массамен бірігіп кетеді – маған мұндай мәңгілік өмірдің қажеті жоқ, мен оны қабылдай алмаймын, ал Лев Николаевич менің осыны ұқпағаныма таңғалды».

Чехов абстрактылы әңгімелерді жек көрген. Мейлі мәңгілік өмір, мейлі соғыс, бейбітшілік – қандай тақырып болса да бәрібір. Мәселен, Чеховтың қоғамдық жиында бір әйелмен әңгімесі былай болған:

– Антон Павлович! Сіздің ойыңызша соғыс немен аяқталады?

Чехов жөткірініп алып, сәл ойланып, салмақты, мейірімге толы дауыспен бүй деген:

– Бәлкім, – бейбітшілікпен...

– Әрине, оған дау бар ма! Бірақ кім жеңеді? Гректер ме, түріктер ме?

– Менің ойымша, күштісі жеңеді.

– Сіздің ойыңызша, қайсысы күшті?

– Жақсы тамақтанатындары мен білімдірегі...

– Қалай тауып айттыңыз! – дейді сүйсінгенін жасыра алмаған біреуі.

– Ал сіз қайсысын көбірек жақсы кө­ресіз – гректерді ме, әлде түріктерді ме?

Чехов оған сыпайы жымиып жауап қатқан:

–- Мен мармеладты жақсы көремін... Ал сіз ше?

Чеховтың басқалардан ерек сыпайы­лығы да ел аузында. Бірде революциялық бағытты ұстанатын қыз­дар Горькийді қоршап алып, оның «марксист» әлде «халықшыл» екенін анықтамақ болады. Горький өзін ты­ғырыққа тірегенді жек көретіндіктен бір қыздың «Сіз қай платформада тұрсыз», деген сұрағына: «Қымбаттым, платформада бөрене тасиды», депті. «Мармелад» пен «бөрене» ара­сындағы айырмашылықтан-ақ бірі­нің Чехов, бірінің Горький екенінен жа­ңылысу тіпті мүмкін еместей.

Сахалин сапарынан Үнді мұхиты мен Цейлон арқылы қайтқан суреткер барлық қаламдастары сияқты саяхаттағанды ұнатқан. Бірақ Чеховтың отырықшы өмірге, өз «үйіне» деген ұмтылысы бір сұм­дық әсер етеді. Ол 44 жыл ғұмы­рының 26 жылында ғана мүмкіндігі бола тұра, Мәскеу түбінен Мелихово қо­жалығын, Ялтадан Белая дачаны, жазғы үйді және Гурзуфтан Книпперді сатып алады. Мелиховада тұрғанда хат жазумен (оның хат алмасатын дорбасы әлі күнге дейін Мелихов музейінде ілулі тұр), дәрігерлікпен шұғылданған.

Чехов қысқа болса да, мағыналы, жап-жақсы өмір сүрді. Шебер қаламгер ғұмыры еңбекке де, саяхатқа да, тіпті соқыр тәуекелге де толы болды. Ауыр науқас әлпетін адам танымастай өзгерткенге дейін ол өте сұлу болыпты. Тіпті Ялтада өткізген соңғы жылдарында оған гимназия қыздары әсте тыным бермепті дейді.

P.S. Отанында Чеховтың мерейтойы ұлан-асыр тойға ұласпады деп естідік. Кітапханалардағы бірді-екілі шарадан өзге бас көтеретіндей жаңалық болмапты-мыс. Ақиқатында біз білетін һәм сіз оқыған, Сырдың суы сирағынан келмейтін Чехов ақсақал ырду думанға мұқтаж емес. Ол орыс деревнясынан, орыс қоғамынан түу шалғайға алыстап кеткелі қашан?!.