Саят атын таңдау
Саят атының дене бітімі кесек, кеуделі, сауыры шығыңқы, аяқ-қолы жуан болғаны ләзім. Жүрісі нық, қозғалыс үстінде сүрініп-қабынбайтын, яғни, қартаймаған, тізесі кетпеген, мініске көнбіс, жүрісі шапшаң, елпек болуы қажет. Шабысты болса да артық емес. Себебі құс олжаны ұстаған соң артынан тез, жедел жету керек.
Көп жағдай да саятқа ұшқыр, жүрдек, елпек жылқы таңдалады. Себебі бүркіт аңға түскен сәтте құс иесі оған өте тез жетуі керек. Бүркіт қасқыр немесе түлкіге түскен соң иесі жеделдетіп көмекке келмесе, қыранның жазым болуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар өлкенің табиғи өзгешелігіне байланысты саят атын таңдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Жері сазды немесе құмдауыт, топырақ қыртысы жұмсақ жерлерде күрек табан, кесе тұяқ, жүрісі жайлы әрі жылдам, сергек жылқы таңдалады. Таулы аймақтарда тұяғы шымыр, алды-арты тең, тұрпаты жатаған, биік қыратты жерде туып-өскен, күдірден жол тауып жүретін жылқы қолайлы.
Саятқа әбден дағдыланған жылқы аңды адамнан бұрын сезеді. Пысқырып, құлағын қайшылап белгі береді. Сол кезде құсбегі бүркіттің томағасын сыпырып, жан-жағын шолдыра қояды. Кейбір жағдайда құс аңды адам көрмейтін таса жерге барып басады. Оны ат құсбегіден бұрын сезіп солай қарай өзі алып барады.
Саят атының аяғындағы жүрекшесі бүтін болуы керек. Сосын қайырма немесе бүршік тағамен тағаланады. Өйткені тау-тасқа, тік еңіске салғанда аттың аяқ жүрекшесі тез мұқалады. Осы жағдайдан сақтану үшін көбінде қайырма тағамен тағалайды.
Саят атының сыны
- Сыртынан қарағанда бітім-тұлғасы зор, қырынан қарағанда тұрысы бүкірлеу болады.
- Қабырғасының қара еті қалың һәм сүйегі жуан бітеді.
- Байлаулы тұрғанда тұтас денесін алдына қарай ұмсына созып ұстайды.
- Жүргенде төрт аяғын нық әрі тең тастайды, үстіне ер салып байқағанда тұла бойы тегістеліп көрінеді.
- Артық қимыл жасамайды, бір орында үнемі шұлғып тұрады. Бұл кең мінезділігінің белгісі.
- Саят атының басы сүйір болғаны жақсы, өйткені, жедел шапқанда жел жарып қозғалуға ыңғайлы.
- Басы сүйір, тұмсығы үшкіл жылқы иіс сезгіш қабілетке ие. Бұл саят аты үшін таптырмайтын қасиет. Аңның қайда жүргенін тез сезеді.
- Буындары өте мықты,
төрт тұяғының қыры өткір, жон терісі қалың болғаны жақсы. Ал қолтық-шап терісі жұқа болғаны абзал. Мұндай жылқының тыныстау мүмкіндігі зор келеді. Тынысы кең жылқы еркін көсіледі. - Аяқ тұрқы ұзын, тұмсық үсті дөңес, жазық маңдайлы, жайын ауыз, шоқтығы етжеңді, жалы қалың болғаны абзал. Жай тұрғанда шоқтығын сауырынан биік ұстайды. Мұндай жылқының мінезі жайлы болып келеді.
- Жүргенде басын көтеріп ұстайды, қаз мойын, денесі төртбақ келеді. Дене бітімі кесек, кеуделі, сауыры шығыңқы, жуан сіңірлі болады. Қара етті, төрт сирағы ұзын, иықты, омыраулы, екі бұты алшы, аяғының аралары алшақ бітеді.
- Құлақ түптері жақын орналасқан болса, мінезі жайлы, үйірсек келеді. Жүрісі қатты ат қыран құсты мезі ететіндіктен саятқа жарамайды. Саят атының жүрісі жайлы, аяңшыл, жүрдек, шапқанда ұшқыр, мініске көнбіс, жүрісі шапшаң болуы қажет.
Саят атын баптау
Құсбегі адам саятшылық жасап, бүркітке аң ілдіру үшін өзі мініп-түсетін саят атын баптайды. Ол үшін: саятқа таңдап алынған жылқының етін қатырып, бүркітті алып жүруге дағдыландыру және құс пен атты үйлестіру сияқты жұмыстарды тиянақты атқару қажет.
Саят атын жаз бойы үйірде ұстайды. Мінілмейді. Күзде жыра салып, толық тойынғаны абзал. Күйі қануы керек. Одан кейін оны күзге салым құс шақыру, шырғаға келе бастаған кез қыркүйектен бастап ұстайды да, қазан айының біріне дейін етін қатырады.
Етін қатыру үшін қағыр (тақыр) жерге арқандайды. Алғашқы үш күн суармай, қақтықтырады.Төртінші күні қандырып суарады. Одан соң екі күнде бір суарады. Соңында күн аралатып суарады.
Саят атын ұстаған соң бір апта бойы таңертең-кешке ауыл маңайына тер шығармай аяңдап жүреді. Екінші апта бойы желе шоқытып, аттың арам терін алады. Кейін белгілі қашықтарға шауып, үш-төрт күн қатарынан таң асырады.
Еті толық қатқан ат терлемейді әрі тау-тасқа жүргенде ентігіп, шалдықпайды, тынысы кеңіп, жүрген сайын ашылып отырады. Арымайды, күйін ұзақ уақыт қалыпты ұстайды.
Саят атын баптау – құстың түлек пен қайыруына да қатысты жүргізіледі. Яғни, жазда түлекте отырған құсты иесі тамыздың ортасынан бастап қайырады. Былайша айтсақ, қыс түсіп күн суымай тұрып құсбегі бүркітінің етін қатырып, аң қағуға дайындайды. Бұл әрекет 30-40 күнге созылады.
Бүркіттің қайыруы қанып, аң қағуға икемделе бастаған кезін білу үшін оны шырғаға шақырады. Бүркіт шырғаны ұстаған соң қызылға шақырғанда (қызыл ет көрсетіп қолға қондыру) шырғаны тастап қолға келетін болса, саят атын дайындайды.
Саят атын баптау жүйрік жылқыны баптау сияқты күрделі емес. Жүйрік аттай ішін тарттырып жаратпайды, тек етін ғана қатыру мақсат. Оны арқандап қойып, таңертең, кешке жақын маңайға тер шығармай аяңдап жүру керек. Әйтпегенде, арқанда тұрған семіз ат аңға шығып, ұзақ жол жүргенде «топқазы» болып қалады.
Еті қатқан аттың аңға шыққанда қарыны тоқ болғаны жөн. Себебі құс салғанда ұзақ жүріс жүрген сайын ішіндегі шөп кетіп, іші тартылып тұрады. Түнде шөпті мол салып тойдырып алады да, таңертең аңға шығарда суарып шығады. Егер суармаса, сусап шөлдегендіктен топқазы болады. Саятқа алаң-елеңнен шықса, күн көтерілген кезде суара беруге болады.
Саяттан қайтқан соң атты 2-3 сағат қаңтарып қояды. Түнде шөпке қоярда көнге аунатып алса тері кепкенге пайдалы.
Саят атына қыс бойы сұлы, көк шөп, жем берген жөн. Ат қара етін ұзақ ұстайтын болса қыс бойы мінуге жарайды. Мұндай берік жылқылар некен-саяқ кездеседі.
Саят атын көбіне екі ай мініп алмастырып отырады. Алмастыратын екінші атты 6-7 күн бұрын ұстайды. Қыста ұстаған атты күн аралатып суарып, шөбін дембіл-дембіл аздан беріп, үнемі қозғалтып, аяңдатып отырса 7 күннен соң бабына келеді.
Саят аты мен бүркіттің үйлесімі
Саятшылық кезінде саят аты мен бүркіттің үйлесімі болмаса аң қағу мүмкін болмайды. Яғни, ат пен қыранның бір-біріне бауыр басуы, нақтырақ айтқанда, бүркітті балдақтап аттың үстіне алып жүргенде және ол ұшып-қонғанда ат үрікпеуі қажет. Екіншіден, құстың атқа үйренуі аса маңызды. Яғни, бүркіт саят кезінде аттың үстінде тыныш отыруы, шақырған жағдайда өзі келіп қолға қонуы, аттың әртүрлі (желіс, шабыс, аяң, т.б) жүрісіне көндігуі қажет.
Жалпылай алғанда, саят аты жуас кең мінезді болғанымен шабан-шобыр болмауы керек. Шабан ат аң қағуға қолайлы емес. Ал әрі жүрдек, әрі жуас жылқы көп кездесе бермейді. Кездескеннің өзінде құспен үйлеспесе қиын. Сондықтан қазақ құсбегілері саят аты мен қыран құсты бір-біріне бауыр бастыру үшін арнайы айла-тәсіл қолданған. Мысалы:
- Саятшылыққа арнайы баптаған ат бұрын-соңды бүркіт алып жүрмеген болса, оны ұстап алып, үйдің маңына аяғына шідер салып арқандайды.
- Арқандаулы тұрған аттың қасына бүркітті тұғырымен қоса қондырып қояды. Қысқасы, атқа құсты көрсетеді. Қасына бүркіт келіп қонғанда ат үрке ме, жоқ па соны қатты қадағалайды. Бүркіт жалпылдап қанат жайғанда ат бірден шошынып үріксе, бұл ат ешқашан көндікпейді деген сөз. Сол себепті, бүркітті әкелгенде артық қимыл жасаудан сақтанған абзал.
- Егер ат үркіп, аз-маз секемденсе, бүркітті алысырақ апарып қондырады. Ат оған бауыр басқанға дейін (үрікпей үйренгенге дейін) сол жерден қозғамайды.
- Аттың бүркітке бойы үйрене бастағанда, құсты да жақындатып қондырады. Осылай күн сайын жақындата береді. Ақырында қасына алып келіп ұстайды. Осы істі бірнеше күн тіпті бірнеше апта қайталайды.
- Ат құсты қасына жақындатқаннан кейін, бүркітті аттың қасына отырғызып қойып, аяғына шідер салып (кенет шошынып үркіп кетпеу үшін) ерттейді. Одан кейін бүркітті қолға көтеріп ердің үстіне қондырып, қайтадан түсіріп, байқайды. Бұл әдісті атты шошындырмай үш-төрт күн қайталайды.
- Төртінші күні құсбегі бүркітті қолға ұстаған күйі атқа отырады, қайта түседі. Бірақ жүрмейді. Ескеретін жағдай, алғаш рет атқа мінгенде бүркіттің қанат-құйрығын аттың көз-басына тигізбеген дұрыс. Құстың қанат-құйрығына үйренбеген жылқы бір шошынса, екінші қайта ешқашан көндікпейді. Осы әдісті жалықпай қатарынан үш күн қайталайды.
- Егер аттың бойы үйренбей жаттықпаса, жоғарыдағы әдіс-тәсілдерді ұзақ уақыт, яғни, аттың бойы үйренгенге дейін қайталай беру қажет. Ат бүркітке толық үйренбей саятқа шығу қатерлі.
- Жоғарыдағыдай, атты бүркітке жуасытқан соң, бүркітті атқа жуасыту керек. Ол үшін бүркітті атқа алып жүріп жаттықтырады. Аттың жүрісіне үйренген құс тыныш отырады. Ат пен бүркіт бір-біріне толық үйлескен соң аң қағуға шығуға болады.