Көрменің ашылу рәсімінде Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин елорданың қалыптасуы мен рухани даму тарихына тоқтала келіп, қаланың кеңестік дәуір тұсындағы өсіп-өркендеуі Қазақстандағы тың жерлерді игерумен тікелей байланысты екенін тілге тиек етті.
– Дәл осы кезде Целиноградқа Ленинград және Мәскеу қалалары шығармашылық жоғары оқу орындарының түлектері жолдамамен келді. Қазақстан Суретшілер одағының Целиноград бөлімін құру туралы шешім қабылданған сәт те сол оқиғамен тұспа-тұс келеді. Мына көрмеден Целиноград суретшілерінің қызықты, тарихқа бай жұмыстарымен жан-жақты танысып, шығармашылық ізденістеріне куә боласыздар, – деді А.Сатыбалдин.
Экспозицияға 200-ден астам туынды ұсынылды, олардың арасында Целиноград Суретшілер одағы негізін қалаушылар мен олардың шәкірттерінің жарты ғасыр ішіндегі еңбектері, атап айтқанда, уақыт бедерін бейнелейтін түрлі тақырыптағы көркем, графикалық, сәндік-қолданбалы және мүсін туындылары бар. Көрмеге келушілер Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік қалалық мұрағат ұсынған тарихи құжаттармен танысып, сондай-ақ музей қорларынан, жеке адамдар коллекцияларынан, fading.tсe паблик-қауымдастығының қатысуымен жинақталған 60-80-жылдарғы тұрмыстық заттарды тамашалады.
Көрменің ашылуына суретші Михаил Антонюктің қызы Фэйган-Антонюк Оксана ханым қатысты. «Суретшілер де музыканттар мен ақындар сияқты халық. Өнер жай адамға қонбайды. Бірақ Құдайдың берген бұл сыйын әрі қарай терең меңгеріп, өнердің биік шыңына қол жеткізу адамның өзінің тынымсыз еңбегіне байланысты. Мұндай қиын жолдан қайсар, еңбекқор адамдар ғана өте алады. Ондай жандар қай кезде де үлкен құрметке лайық. Алайда өкінішке қарай, кейде руханият екінші планға ысырылып қалып қойып жатады. Сондай сәтте суретші еңбегіне мән беріп, қолдау білдіретін музейлердің еңбегін айрықша атап өткім келеді. Өйткені оларсыз біз өткенімізді танып-біліп, келешегімізді болжай алмаймыз», деді ол. Көрме осы жылдың наурыз айының аяғына дейін жалғасады деп күтілуде.
Қаршыға КҮЛЕН