Саясат • 24 Ақпан, 2020

Қоғам мүддесін ойлаған құжат

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында митинг өткізу туралы заңды жетілдіруді міндеттеген болатын. Президент Конституцияға сәйкес елдің өз пікірін еркін білдіруге және тәртіп бұзып елдің мазасын алмаса, ондай шерулерді өткізуге рұқсат беру қажетті туралы айтқан еді.

Қоғам мүддесін ойлаған құжат

Облыс орталығындағы Достық үйінде митинг өткізуге байланыс­ты жаңа заңды талқылаған келелі кеңес өткізілді. Қоғам белсенділері, заң­герлер, үкіметтік емес ұйым­дар­дың, саяси партиялардың, бұқара­лық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан басқосуда алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов дайындалып жатқан жаңа заң жоба­сының ерекшеліктері туралы бүге-шегесіне дейін екшеп айтып берді.

– Қазіргі қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған болатын, – деді Жанат Мұратұлы. Уақыт бір орнында тұрмайды. Қоғам алға дамыған сайын өзгерістер де орын алып жатады. Кесіп айтқанда бұрынғы заң бүгінгі күннің талабына толық жауап бере алмайды. Сондықтан келісе отырып жаңа заңның жобасын ақыл таразысына салып, екшеген ләзім.

Әдетте митинг дегенде көзалды­ңызға дау-дамайға толы жиын елес­тер еді. Осындай пікір қалыптасқан. Шынтуайтында бұл жиын ел ішінде қордаланып қалған мәселелерге биліктің назарын аударып, елге шарапаты тиетін шаруаны талап ету. Егер сіз митинг өткізгіңіз келсе жергілікті билік органдарына бейбіт шеру туралы толыққанды ақпарат беріп өті­ніш жазуға тиістісіз. Әкімдік шешім қабылдайды. Егер рұқсат етілген жерде өзге шара өткізілетін күні бұрын жоспарланып қойылса, онда дәл сондай жер ұсынылмақ. Рұқ­сат алған соң негізгі тақырыптан ауыт­­қымай тәр­тіпті сақтау талап етеді. Жер­гілікті би­лік нақты себептер­мен митинг өт­кізуге тыйым салуы да мүмкін.

Жаңа заң жобасы азаматтар тара­пынан үлкен қызығушылық туғыз­ды. Мәселен, Көкшетау қаласы­ның құрметті азаматы Болат Жанәділов заңда әр шараның мәні, атауы нақ­ты аталуы керек деді. Болат Сүлей­мен­ұлының пайымдауынша негізі жаңа заң жобасы елдің көкейінде жүрген мәселелерді тап ба­сып білу үшін тиімді. Бұрынғы заң­да болған көптеген шек­теу­лердің алы­нып тасталған қоғам­да демо­кратиялық үрдістерді да­мытуға бағыт­талған айқын қадам деп айт­сақ артық болмас еді деген пікір біл­дірсе, еңбек ардагері Қабиболла Ға­зезов жаңа заң жобасындағы кейбір мәсе­лелерге тоқталды. Оның ойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­­дері туралы баптың қажеті жоқ. Өйт­кені бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің өз заңы бар. Сол заңға сәйкес жұмыс істеулері керек. Сон­дықтан оларға қойылатын талап пен міндетті екі заңда қабат қамтудың қажеті жоқ.

Жаңа заң жобасында ұйым­дас­тыру­шылардың, қатысушылардың құ­қығы мен міндеттері айқын көр­се­тілген. Сондай-ақ мемлекеттік ор­­ган­дардың өкілеттігі де айқын жазыл­­ған. Заңға сәйкес митинг өткізудің механизмі нақты көрсетілген.

Қабиболла Ғазезов негізінен жаңа заң жобасы ха­лық­қа жақын, елдің мүддесін қор­ғай­тын құжат екендігіне баса тоқ­тал­ып, митингке қатысушы адамдардың қалта­ларына суық қару салып жүрмеуі керектігін,  әркім мұн­дай тәртіпсіздікке кез келген уа­қытта жол бермеуі тиістігін айтты.

Жиынға қатысқан азаматтардың пікірі негізінен жаңа заң жобасы халық пен билік арасындағы алтын көпір болады деген тұжырымға тоқтады.

 

Көкшетау