15 Тамыз, 2013

Әкімдік қызметкерінің алаяқтығы

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Не түлен түрткені белгісіз, облыстық әкімдікке қарасты бір басқарманың білдей бас маманы шімірікпестен алаяқтық жасауға барыпты. Ол үш сыбайласымен тендер өткізетін конкурстық комиссия мүшелерінің электронды сандық қолдарын ұрлауға қатысқан. Бұл фактіні Атырау облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық полициясының қызметкерлері «Контрафакт» жедел алдын алу шарасы барысында анықтап отыр.

Конкурстық комиссия мүшелерінің электронды сандық қолдары облыстық басқармалардың бірінің компьютерінен ұрланған. Электронды сандық қолдар мемлекеттік сатып алулар жөніндегі www.goszakup.gov.kz сайтына заңсыз кіруге, сонымен бірге, алдағы уақытта жеңімпаз болып жарияланатын ЖШС-нің бірінің мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатысуына рұқсат ететін хаттамаға қол қою үшін пайдаланылған.

– Аталған қылмыс бойынша төрт күдікті ұсталды. Олардың бірі облыс әкімдігінің ұрлық жасалған басқармасының қызметкері, өзі конкурстық комиссияның мүшесі. Қалған үш күдікті мемлекеттік мекемелерге компьютерлік жабдықтармен қызмет көрсетуге мамандандырылған АҚ филиалдарының бірінің қызметкерлері. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 325-бабының 2-тармағы және ҚР ҚК 227-бабында көзделген 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды, –деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова.

Тергеу болжамы бойынша, алдағы уақытта жеңіске жеткен компания қылмысты жасаған топқа алғыс ретінде тендерге бөлінген құралдардың құнының пайызын төлемек болғаны анықталды.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.